.
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 26 қараша №6003-25-00-2к/1960 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
талап қоюшы А.Жантуров, оның өкілі Т.Карабеков, жауапкерлер Э.Алимбетова, «Nur-AvtoKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Д.Сайран, үшінші тұлға Н.Құдайбергеновтің өкілі О.Нугимановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Аргинбек Ахметканович Жантуровтың, Таттыбек Аргынбекович Ахметкановтың жауапкер Эльмира Кенжебековна Алимбетоваға, «Nur-AvtoKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырма, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талап қоюымен қабылданған Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 қарашадағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысына үшінші тұлға Н.Құдайбергеновтің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
А.Жантуров пен Т.Ахметканов жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Т.Ахметканов пен «Nur-AvtoKZ» жауакершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған 2021 жылғы 17 шілде №026/2021 тапсырма шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюшылардың сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюшы А.Жантұров пен Э.Алимбетова арасындағы 2013 жылы шығарылған түсі ақ, МТН 027AFB16, шасси нөмірі: Z8NTCNS51DS003377 «Infiniti Fx37» маркалы автокөлікті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімнің күші жойылып, осы бөлікте талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Э.Алимбетовадан А.Жантұровтың пайдасына 101 440 теңге сот шығыны өндірілген.
Кассациялық шағымда үшінші тұлға Н.Құдайбергенов жауапкер Э.Алимбекова автокөліктің адал сатып алушысы екенін, талап қою мерзімі ескіргенін, мемлекеттік баж дұрыс төленбегенін, азаматтық істің қазақ тілінде жүргізу таңдалмағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Кассациялық сот іске қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келеді.
әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 158-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес (бұдан әрі - АК) мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
АК-нің 157-бабы 2, 3-тармақтарына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады. Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
АК-нің 157-1 бабы 2, 3-тармақтарына сәйкес жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
Егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге міндетті.
АК-нің 158-бабы 2, 4-тармақтарына сәйкес қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.
Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы
бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
АПК-нің 76-бабының 3-бөлігіне сәйкес, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген сот үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адамның әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Соттың заңды күшiне енген үкiмi осындай азаматтық iстi қарайтын сот үшiн, сондай-ақ бұл әрекеттердiң орын алған-алмағаны және оларды осы адам жасаған-жасамағаны мәселелерi бойынша, сондай-ақ үкiмде белгiленген басқа да мән-жайлар мен олардың құқықтық бағалануына қатысты мiндеттi.
Іс құжаттарына сәйкес, Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының «Mega-General Company» және «Nur-AvtoKz» ЖШС қызметкерлері Ж.Тасболатов, Д.Сайран және басқалары кінәлі деп танылып, бас бостандықтарынан айырылған 2022 жылғы 30 желтоқсандағы үкімінде жәбірленуші А.Жантұровтың ұлы А.Ахметханов инстаграм блогерлері арқылы «Nur-AvtoKz» ЖШС туралы білген. 2021 жылғы 17 шілдеде «Nur-AvtoKz» ЖШС директоры Д.Сайран № 026/2021 тапсырма шартын жасасқан. Шартқа сәйкес «Nur-AvtoKz» ЖШС-нің өкіл ретінде 45 жұмыс күні ішінде 2018 жылы шығарылған «Toyota Camry 70» маркалы автокөлікті іздеуге және сатып алуға байланысты міндеттемелерді қабылдаған. Шартта директор Д.Сайран автомобильді 10 144 000 теңгеге бағаланды. Төлемді «Nur-AvtoKz» ЖШС-нің менеджері И.Амангелдинге беру (алмастыру) құжат арқылы жүргізген. Кейіннен оған Эльмира есімді әйелдің атына автокөлікті қайта ресімдеу жөнінде сенімхат берген. Ол «Nur-Avto KZ» ЖШС-нің қаржы директорының зайыбы. Аталған автокөлік тәркіленіп, Астана қаласының коммуналдық айыппұл тұрағына орналастырылған. Ал, А.Жантуровқа 10 144 000 теңге материалдық шығын келтірілген.
Талап қоюшы жаңылысып, шарттық міндеттемелердің орындалатынына сеніп, өз еркімен автокөлікті алаяқтарға берген.
Мәміленің дауланып отырған қарапайым нысаны қазіргі уақытта алдау және қиянат жасау жолымен, автокөліктің сатып алу құнын төлеусіз жауапкердің атынан анықталмаған тұлғалармен жасалған.
Талар қоюшылар А.Жантуров пен Т.Ахметканов сотқа берген талап қоюында, өзі мен Nur-Avto KZ» ЖШС-нің арасында жасалған 2021 жылғы 17 шілдедегі №026/2021 тапсырма шартын, А.Жантуров пен Э.Алимбетованың арасындағы 2013 жылы шығарылған, түсі ақ, MTH 027AFB16, шасси нөмірі: Z8NTCNS51DS003377 - «Infiniti Fx37» маркалы автокөлікті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды және тараптарды бастапқы жағдайға келтіруді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, Т.Ахметканов пен «Nur-AvtoKZ» жауакершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған 2021 жылғы 17 шілде №026/2021 тапсырма шарты жарамсыз деп таныған.
Сот шешімінің осы бөлігі тапсырма шарты іс жүзінде серіктестік директоры Д.Сайран және Т.Ахметканов арасында жасалмағаны, яғни мәміле мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтіні, сонда-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғанымен негіздеген.
Сонымен қатар, талап қоюшылардың сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талабы қанағаттандырудан бас тарту шешімін даулы сатып алу-сату шартының болмауымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюшының тапсырма шартын жарамсыз деп таныған бөлігі негізді болуына байланысты келіскен. Алайда, талап қоюшылардың автокөлікті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды және тараптарды бастапқы жағдайға келтіруден бас тарту туралы сот шешімінің қорытындыларын істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмағанына байланысты күшін жойып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырған.
Сот алқасы осы бөлігінде аталған сот үкімінің даулы автокөлікке қатысты сатып алу-сату шарты сотталған адамдардың алаяқтық әрекеттерінің салдарынан жасағаны, сотталған Б.Нұрманов пен автокөлікті сатып алған Э.Алимбетованың некелері қиылғанын, соңғының құқықтары даулы мәміле басынан жарамсыз болғанына байланысты заңдық салдарға алып келмейтіндіктен қорғалуға жатпайтыны жайлы тұжырым жасаған.
Іс құжаттарына қарағанда, осы жоғарыда көрсетілген сот үкіммен сотталған Ж.Тасболатов, Д.Сайран, Б.Нұрманов және де басқаларының даулы мүлікті иемдену қылмыстық мақсаты болғаны анықталған.
Сотталған адамдардың іс-әрекеттерінің негізінде «Infiniti Fx37» маркалы автокөлік жауапкер Э.Алимбетованың атына тіркелген.
Үкім бойынша талап қоюшы А.Жантұровты жәбірленуші ретінде көрсетілмегенімен ұлы әкесінің мүддесін қорғаған деп көрсеткен. «Infiniti Fx37» маркалы автокөліктің иесі А.Жантұров болған.
Жауапкер Э.Алимбетованың көрсетуіне қарағанда, ол сотталған Б.Нұрмановпен некені заңдастырылмай бірге тұрған.
Сот үкімінің даулы автокөлік сотталған адамдардың алаяқтық әрекеттерінің салдарынан талап қоюшының алдануымен жасағаны туралы факт АПК-нің 76-бабының 3-бөлігіне сәйкес, преюдициалық маңызы бар және қайтадан дәлелденуге жатпайды.
Жауапкер Э.Алимбетованың Н.Құдайбергеновтың алдыңда берешегі бар, сондықтан жергілікті соттар осы іске соңғыны үшінші тұлға ретінде тартқан.
Шағым иесінің АК-нің 178-бабы 1-тармағы және 179-бабы 3-тармағы негізінде талап қоюдың ескіруін қолдану туралы өтінішхаты қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот үкімі 2023 жылғы 13 наурызда күшіне енген уақыты мен
талап қоюшының 2024 жылдың 11 қаңтарында сотқа талап қоюмен жүгінген уақыты аралығында талап қою мерзімі өтпеген.
Одан бөлек, азаматтық іс жүргізу тілін өзгерту туралы сот ұйғарымы шығарылмағаны туралы шағым уәжі де негізіссіз, себебі бірінші сатыдағы соттымен 2024 жылғы 29 қазанда азаматтық іс бойынша іс жүргізу тілі ауыстырылып, іс мемлекеттік тілде жүргізілсін деген ұйғарым шығарылған.
Сонымен қатар, жауапкер Э.Алимбетова автокөліктің адал сатып алушысы болуына байланысты оның меншік құқығы қорғалуға жататыны туралы шағым уәж негізсіз, себебі АК-нің 261-бабының 1-тармағына сәйкес егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы. Бұл ретте, автокөлік талап қоюшының иелігінен алаяқтық жолымен ұрланғандықтан, соңғы бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
Кассациялық шағымындағы басқа уəждер бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюды қанағаттандыру бөлігін және апелляциялық сатыдағы сот қаулысының қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен сот алқасының материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру бөлігі және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 қарашадағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде, үшінші тұлға Н.Құдайбергеновтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
А.Тоқсанбаев А.Даненова
Төрағалық етуші судья
Судьялар
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.