Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Чаcтное определение от 15.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4475 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4475 №6003-25-00-2к/4475(2)

ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2026 жылғы 15 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор А.Камашевтың,

талап қоюшының өкілі Ж.М.Мамырдың , жауапкер А.А.Мустафаеваның өкілі С.И.Култасовтың, жауапкер Сарыағаш қаласының әкімінің өкілі А.Оразалиеваның, жауапкер «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Б.Н.Жандардың, Н.А.Рахимовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Гульжан Мусаевна Сарсенбековаға, Айжан Алдиерқызы Мустафаеваға, Сарыағаш қаласының әкіміне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, нотариус Усен Садуахасович Сейдановқа жер учаскесін жалға беру, жеке меншіке сатып алу-сату және жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз туралы азаматтық істі ж ауапкерлер Г.М.Сарсенбекованың, А.А.Мустафаеваның Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында 2018 жылы 27 шілдеде жасалған №145 жер учаскесін жалға беру туралы шарты, «Сарыағаш ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында 2020 жылы 16 қаңтарда жасалған №21 жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату шарты және Г.М.Сарсенбекованың және А.А.Мустафаеваның арасында 2020 жылғы 31 қаңтарда жасалған, нотариус У.С.Сейдановпен куәландырылып №246 тіркелген жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Осы соттың осы күнгі ұйғарымымен азаматтық іс бойынша талап қоюдың Сарыағаш қаласы әкімінің 2018 жылғы 9 шілдедегі №178 және Сарыағаш қаласы әкімінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі №101 шешімдерін жарамсыз деп тану туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен төменгі сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 267-бабының 1- тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Іс құжаттарына қарағанда, 2013 жылы 24 желтоқсанда Сарыағаш қаласының Бас жоспары бекітілген.

2018 жылғы 9 шілдеде Сарыағаш қаласы әкімінің №178 шешімімен Г.М.Сарсенбековаға Сарыағаш қаласы, Самал мөлтек ауданы аумағынан бақша өсіру үшін жалпы алаңы 0,50 га жер учаскесі 49 жылға уақытша өтеулі пайдалануға жалға берілген.

Осы шешім негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-306-019-187 сәйкестендіру актісі беріліп, 2018 жылы 27 шілдеде «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында жер учаскесін жалға беру туралы №145 шарт (бұдан әрі - даулы жер учаскесін жалға беру туралы шарт) жасалған.

2019 жылғы 9 сәуірде Сарыағаш қаласы әкімінің №101 шешімімен Г.М.Сарсенбековаға бақша өсіру үшін берілген жалпы алаңы 0,50 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын үй-жайларға қызмет көрсету үшін өзгертіліп, жеке меншікке сатқан.

2020 жылғы 16 қаңтарда «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.Сарсенбекованың арасында жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату туралы №21 шарт (бұдан әрі - даулы жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату шарты) жасалған.

2020 жылғы 31 қаңтарда Г.Сарсенбекова мен А.Мустафаеваның арасында нотариус У.Сейдановпен куәландырылып №246 тіркелген жер учаскесін сатып- алу-сату шарты (бұдан әрі - даулы жер учаскесін сатып алусату шарты) жасалған.

2024 жылғы 10 желтоқсанда Сарыағаш ауданының прокуроры талап қоюшыға заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс берген.

2025 жылғы 17 ақпанда Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарының хатында кадастрлық №19-306-019-187 жер учаскесі бекітілген Бас жоспарда нысаналы мақсаты орталық стадион қаралғанын хабарлаған.

Істі қарау барысында Сарыағаш қаласы әкімі шешім қабылдағанда және Сарыағаш аудандық жер қатынастар бөлімімен жерге орналастыру жобасы бекітілген кезде Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының талаптарын өрескел бұза отырып, аукционға шығарылатын жерді алғашқыда

бақша өсіру үшін деп, кейіннен нысаналы мақсатын үй-жайларға (құрылыс ғимараттарға) қызмет көрсету үшін деп өзгертіп, жер учаскесін аукцион арқылы беруді айналып өткендігін өз дәлелін тапты.

Аталған заң бұзушылық фактілері Сарыағаш қала әкімі, Сарыағаш аудандық жер қатынастар бөлімі тарапынан жер учаскесі табыстау кезінде жер заңнамасының талаптары сақталынбағанын көрсетеді.

АПК-нің 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Осыған орай аталған азаматтық іс бойынша мемлекеттік мекеменің өкілдерінің ұқыптылығын арттыру үшін және заң бұзушылық фактісі бойынша шара қабылдау үшін Түркістан облысының прокурорына жіберілуге жатады. АПК-нің 268, 269, 270, 430-баптарын басшылыққа алып, сот

ҰЙҒАРДЫ:

Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Гульжан Мусаевна Сарсенбековаға, Айжан Алдиерқызы Мустафаеваға, Сарыағаш қаласының әкіміне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, нотариус Усен Садуахасович Сейдановқа жер учаскесін жалға беру, жеке меншіке сатып алу-сату және жер учаскесін сатып алу- сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі қарау кезінде Сарыағаш қаласының әкімінің тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар туралы Түркістан облысының прокурорының назарына жеткізілсін.

Қолданған шаралар туралы 1 ай мерзімде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотына хабарлансын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.К. Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.