ВС РК - Постановление от 04.11.2020 по делу 6001-20-00-3гп/300 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/300

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 4 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Қ.Сұлтанов, судьялар Р.А.Қуанышбаева, А.Ә.Сапарова, аудармашы М[...],

талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкерлер Алматы облысы, [...] әкімдігінің өкілі С[...], «Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) өкілі К[...], «Іле ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі М[...], В[...] өкілі Б[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-нің жауапкерлер Іле ауданының әкімдігіне, «Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-ге, «Іле ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, Іле ауданы бойынша мемлекеттік тіркеу және кадастр бөліміне, В[...], А[...], Д[...] әкімнің қаулыларын заңсыз, жалға беру шарттары мен жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығын беретін актілерін жарамсыз деп тану және олардың мемлекеттік тіркеулерінің күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2020 жылғы 4 наурыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 19 мамырдағы қаулысына жауапкер В[...] өкілі Б[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-і сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2020 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Іле ауданы әкімінің В[...] 2017 жылғы 23 маусымдағы № 196 және А[...] 2018 жылғы 25 маусымдағы № 296 жер учаскелерін беру туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

«Іле ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен В[...] арасында 2017 жылғы 5 шілдеде, А[...] арасында 2018 жылғы 6 тамызда жасалған жалға алу шарттары және 2017 жылғы 5 шілдеде, 2018 жылғы 16 тамызда берілген уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін актілері жарамсыз деп танылған. Жер учаскелерінің мемлекеттік тіркеулерінің күші жойылған.

Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 19 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. В[...] жер учаскесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес берілген деп санайды. Бұрын орман болмаған аумақтарда ағаш екпелерiн қолдан отырғызу және өсiру үшін жекеше орман өсіруге ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді беру жүзеге асырылады деп есептейді. Қазіргі уақытта жер учаскесі жауапкермен қоршалып, абаттандыру үшін мердігер шарты жасалған.

Өтінішхатқа пікірлер ұсынылмаған.

Сот алқасы жауапкерлердің өкілдері Б[...] өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, Іле ауданының әкімдігі мен «Іле ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өтінішхатты қолдап, жауапкерге жер учаскесі қандай да бір бағалаусыз босалқы жерлерден бөлінгендігі туралы пікірлерін, талап қоюшы өкілінің қарсы пікірін, іс материалдарын зерттеп және өтінішхат уәждерін зерделеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сот актілері жауапкер В[...] жер учаскесін оған беру туралы қаулыны және жасалған жалға алу шартын заңсыз деп тану бөлігінде шағымданған, басқа жауапкерлермен өтінішхат берілмеген.

Осыған байланысты, АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша жауапкер В[...] өтiнiшхатының дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Іс құжаттарына қарағанда, Іле ауданы әкімінің 2017 жылғы 23 маусымдағы № 196 қаулысымен В[...] жекеше орман өсіру үшін Іле ауданы КазЦИК ауылдық округінің жерінде орналасқан жалпы аумағы 0,5300 га жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жалға алу құқығымен 49 жылға берілген.

2017 жылғы 5 шілдеде аталған қаулының негізінде «Іле ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен В[...] арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Сол күні уақытша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жататын, ауданы 0,5300 га, кадастрлық нөмірі [...], жекеше орман өсіру мақсатындағы жер учаскесіне уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беретін мемлекеттік акт табысталған.

Жергілікті соттар талаптың В[...] жер учаскесін беру туралы қаулыны және жасалған жалға алу шартын заңсыз деп тану бөліктерін қанағаттандыра отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін жекеше орман өсіру үшін беру кезінде қолданыстағы заңнаманың талаптары сақталмағанымен негіздеген.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдары заңды, сонымен қатар сотта зерттелген іс құжаттарына және даулы қатынастарға қолданылатын материалдық құқық нормаларының талаптарына сай келеді деп есептейді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлiнедi: 1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер; 2) елдi мекендердiң (қалалардың, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң) жерi; 3) өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер; 4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер; 5) орман қорының жерi; 6) су қорының жерi; 7) босалқы жер.

Кодекстің 48-бабы мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) алудың тәртібін реттейді.

Кодекстің 48-бабы 1-тармағының 14-1) тармақшасына сәйкес (жер учаскесін беру кезінде қолданыста болған 2017 жылғы редакциясында) жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жекеше орман өсіру үшін жағдайын қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.

Мемлекеттік жер-кадастрлық кітабының мәліметтері бойынша В[...] жекеше орман өсіру үшін ауданы 5300 ш.м. жер учаскесі ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерінен берілген (1 т., 152-153 і.б.). Кодекстің 10-тарауында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге қатысты мәселелер реттелген.

Кодекстің 97-бабы 6-тармағының 2) тармақшасында Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргізу, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргізу және оқыту мақсаттарында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша шаруашылығын

және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жер пайдалануға берілетіні қарастырылған.

Сонымен бірге Кодекстің 98-бабында ауыл шаруашылық алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру тәртібі белгіленген.

Бұл нормаларға жасалған талдаудан, осы санаттағы жерлерден жер учаскесін табыс етудің алдында, оны басқа санатқа ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізу қажет деген тұжырым жасауға болады, өйткені ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер неғұрлым құнды санат болып табылады, оған елдің игілігін құрайтын ең жақсы құнарлы жерлер жатады. Тиісінше, бұл жерлерді мақсатына сай пайдалану керек.

Уәкілетті орган даулы жер учаскесін жекеше орман өсіру үшін 49 жылға бере отырып, оның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатынан жекеше орман өсіру үшін беру қажеттілігін, сондай-ақ қазіргі уақытта өнімді жерлер ретінде мақсатына сай пайдалану мүмкін еместігін негіздеуі тиіс еді.

Сонымен қатар, кассациялық сатыдағы сотта әкімдік пен Жер қатынастары бөлімінің өкілдері жер уаскесіне қандай да бір бағалау жасалмағаны, В[...] учаске оның таңдауы бойынша берілгені туралы түсініктеме берді.

Жоғарыда аталған Кодекс нормаларының ережелері орман заңнамасының талаптарымен де сәйкес келеді.

Яғни, мемлекеттiк орман қоры жерiнiң құрамына өзге санаттағы жерлер, бiрiншi кезекте ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жарамсыз (сайлар, жыралар, құмдауыттар, басқа да тозған жерлер) жерлер, сондай-ақ босалқы жерлер берiлуi мүмкiн (Орман кодексінің 74-бабы).

Сот алқасымен әкімдіктің жер учаскесі босалқы жерлерден берілді деген қарсы уәждері назарға алынбайды.

Өйткені, босалқы жерлер өз алдына елдің жер қорының дербес санаты болып табылады. Оларға меншікке немесе жер пайдалануға берілмеген барлық жерлер жатады, демек босалқы жерлерді беру, оны беру мақсатына байланысты басқа санаттарға ауысуына ұласады. Даулы жер учаскесінің ауыл шаруашылық жерлерінен бөлінгені жер-кадастрлық кітабының үзіндісімен расталады.

Іс бойынша жиналған дәлелдемелер соттармен істегі бар дәлелдемелердің жиынтығында бейтарап, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағаланған.

Сот алқасы дауланған қаулы мен сәйкестендіру құжатын заңсыз деп тану дұрыс қабылданған сот шешімінің мәніне әсер етпейтіндігін, сондықтан оны АПК-нің 427-бабының 3-бөлігі негізінде өзгертуге жатпайтынын атап өтеді.

Осылайша, сот алқасы жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, істің мән-жайларына тиісті құқықтық баға берілген, сондықтан дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге және өтінішхатты қанағаттандыруға негіз жоқ деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2020 жылғы 4 наурыздағы шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 19 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкер В[...] өкілі Б[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Сұлтанов

Р.Қуанышбаева

Судьялар

А.Сапарова

Көшірмесі дұрыс Судья

Р.Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.