№6003-26-00- 2к/1451
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, арыз беруші К[...] қатысуымен, бейнеконференциялық
байланыс арқылы, ашық сот отырысында
арыз беруші К[...] отбасы мүшелерімен саяси психиатриялық қуғын-сүргіннің құрбандары ретінде ақтау фактісін анықтау туралы азаматтық істі арыз берушінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А[...].К[...] жоғарыда аталған арызбен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
А[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамағанын, оның сотқа табыстаған дәлелдемелері мен уәждерін назарға алмағанын, материалдық құқық нормаларының талаптары сақталынбағанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, оның арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық шағымның уәждерін қолдаған арызданушының түсініктемесін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
К[...] сотқа берген арызында, ол 1969 жылдан бері қудалауға ұшырап, «сылбыр өтетін шизофрения» диагнозымен психиатриалық диспансерде есепке қойылғанын, осы диагнозбен келіспей, ар-намысын қорғау мақсатында дәрігерлерден қайта сараптама өтіп, аталған диагнозбен ауырмағаны қуатталғаннан соң есептен шығарылғанын, 1972 жылдан бері өзінің конституциялық құқықтары шектелгенін, соның салдарынан оның отбасы мүшелері қуғын-сүргінге ұшырағанын, олардың қалыпты өмір сүруіне, басқа да құндылықтарға қол жеткізуіне иемдену мүмкіндігіне тосқауыл қойылғанымен негіздеп, өзін және отбасы мүшелерін саяси психиатриалық қуғын-сүргіннің құрбандары ретінде толық ақтауды сұраған.
Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабында, осы Заңда саяси қуғын-сүргiндер ретiнде мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде "еңбек армияларында", "iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында" деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады.
Осы Заңда адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте саяси қуғын-сүргiндердiң құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, ол шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру ақтау деп ұғынылады.
Заңның 2-бабына сай, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен қатар саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi жағдайларда танылады: а) бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы; б) екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы; в) Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндердiң қолдануы; г) қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: КСРО Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКРО Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСРО Iшкi iстер халық комиссариаты - Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi - Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, КСРО Прокуратурасы мен КСРО iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша қолдануы; д) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады.
Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде сондай-ақ КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар да танылады.
Осы Заңда саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде атааналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғынсүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғынсүргiндер құрбандарының балалары танылады.
Алайда, көрсетілген Заңның талаптарына сәйкес арыз беруші мен оның отбасы мүшелері саяси құғын-сүргіннің қатысушысы болып табылмайды. АПК-нің 72-бабында әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс екені қарастырылған. Істі соттарда қарау барысында арыз беруші сотқа ұсынған мәліметтерге сәйкес, полиция, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдарының хаттарында арыз берушіге қатысты құқын-сүргін құрбаны болғандығы немесе психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру туралы деректер жоқ екені көрсетілген.
Арыз беруші конституциялық құқықтары шектелгенін, отбасы мүшелерінің қуғын-сүргінге ұшырауының салдарынан, олардың қалыпты өмір сүруіне, басқа да құндылықтарға қол жеткізуіне иемдену мүмкіндігіне тосқауыл қойылғанын немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау, арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу болғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді сотқа ұсына алмаған.
Сондықтан кассациялық сот жергілікті соттар арыз беруші мен оның отбасы мүшелерін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танудан негізді бас тартқан деп санайды.
А[...] кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Арыз берушінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.