ВС РК - Постановление от 17.02.2022 по делу 6001-21-00-6ап/78 (Административное)

6001-21-00-6ап/78

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 17 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья С.Ү. Баймаханов,

судьялар Н.Ү. Қайыпжан, Ж.Б. Ермағамбетова болып,

талап қоюшы Қ[...],

жауапкер жеке сот орындаушы К[...],

мүдделі тұлға «Эксперт плюс» коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Қ[...] жауапкер Жамбыл облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы К[...] арызға жауап бермеу, ақшаны екі атқару өндірісі арасында бөлмеу, түбіртектің болмауына байланысты ақшаны аудару бойынша іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, ақшаны қайтару туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 31 тамыздағы жеке ұйғарымына, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қазандағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Қ[...] талап қою арызында жауапкер жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) К[...] атқару өндірісі бойынша оның арызына жауап бермеген, 110 307 теңге соманы екі атқару өндірісі арасында бөлмеген, түбіртектің болмауына байланысты 110 307 теңге соманы аудару бойынша іс әрекеттерін заңсыз деп тануды, 110 307 теңгені қайтаруды сұраған.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 31 тамыздағы шешімімен талап қоюшы Қ[...] жауапкер ЖСО К[...] талап арызы ішінара қанағаттандырылған. Талап қоюдың арызға жауап бермеу, ақшаны екі атқару өндірісі арасында бөлмеу, түбіртектің болмауына байланысты ақшаны аудару бойынша іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, 91 667 теңгені қайтару туралы талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Жауапкер ЖСО К[...] талап қоюшы Қ[...] пайдасына 18641 теңге мөлшерінде соманы қайтаруға міндеттеген және К[...] мемлекет кірісіне 1459 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілген.

Сонымен қатар, осы іс бойынша жеке ұйғарым шығарылып, әкімшілік істі қарау барысында анықталған ЖСО К[...] тарапынан жіберілген заңдылықты бұзу фактісі бойынша Жамбыл облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысының назарына жеткізілу қажеттілігі жөнінде көрсетілген.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің талап қоюшы Қ[...] жауапкер ЖСО К[...] арызға жауап бермеу бойынша әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, істің бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылып, ЖСО К[...] жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер ЖСО К[...] кассациялық шағымында жеке ұйғарымның, сот алқасының қаулысы мен ұйғарымның күшін жоюды сұрайды. Жергілікті соттардың материалдық және іс жүргізу құқық нормаларының бұзылғандығын, өндіріліп алынған сома өндіріп алушыға аударылғандықтан, талап қоюшыға 18641 теңге мөлшеріндегі ЖСО қызметіне ақы төлеу сомасын қайтаруға негіздер болмағандығын көрсетеді. Сонымен қатар, талап қоюшының whatsapp арқылы түскен өтініші Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай-ӘРПК) 63-бабының талаптарына сәйкес келмейтіндігін, осыған қарамастан, атқарушылық іс жүргізу материалдары борышкерге жіберіліп және онымен алынғандығын көрсеткен.

Жауапкердің кассациялық шағымында қолдаған уәждерін, талап қоюшының, мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

ӘРПК 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.

АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.

Осы іс бойынша бірінші және аппеляциялық саты соттар аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген. Іс материалдарына сәйкес 2021 жылғы 08 маусымда Шымкент қаласының нотариусы Д[...] борышкер Қ[...] «Эксперт плюс» коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) пайдасына 274 896 теңге және 184 896 теңге қарызды өндіру туралы атқарушылық жазбалар жасалған.

Атқарушылық жазбалардың негізінде 2021 жылғы 02 шілдеде ЖСО К[...] қарыздарды өндіру туралы екі атқарушылық іс жүргізу қозғалған. ЖСО атқарушылық іс жүргізу қозғалғандығы туралы хабарламаны талап қоюшының ұялы телефонына жолдаған.

2021 жылғы 13 шілдеде ЖСО К[...] 274 896 теңгені өндіру бойынша борышкердің шотына инкассалық өкім шығарылған.

ЖСО К[...] 13 шілде 2021 жылғы қаулысымен борышкер Қ[...] шотынан ұсталынған 110 307 теңгенің 18 641 теңгесі жеке сот орындаушысының қызмет ақысына ұсталынып, қалған 91 666 теңге өндіріп алушыға аударылған.

Н[...].Д[...] Қ[...] арызы бойынша 2021 жылғы 15 шілдеде жасаған атқарушылық жазбаларының күшін жою туралы қаулылар шығарған.

2021 жылғы 19 шілдедегі ЖСО қаулыларымен атқарушылық іс жүргізулер «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сай, яғни тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылуына байланысты тоқтатылған.

Өндіріп алынған 110 307 теңгені екі атқарушылық іс жүргізуге бөлмеу, көрсетілген соманы құжаттармен растаусыз өндіріп алушыға аудару, 91 666 теңге мөлшеріндегі өндіріп алынған соманы қайтару бойынша ЖСО ісәрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюшы Қ[...] талап қоюдан бас тарту бөлігіндегі сот актілеріне шағым жасалған жоқ. Осыған байланысты АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс алқамен ЖСО берген шағымның шегінде қаралды.

Заңның 28-бабының 1-бөлігіне сәйкес шақыру қағазы, хабар, сот орындаушысының хабарламасы және (немесе) процестік құжаттары почта арқылы жеткізіледі немесе сот орындаушысы оларды жеткізуді тапсырған адам жеткізеді және аумақтық бөлімге немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылуға тиісті, қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруға қолы қойғызылып, адресаттың жеке өзіне тапсырылады. Егер шақыру қағазы, хабар, сот орындаушысының хабарламасы және процестік құжаттары өзге байланыс түрімен жеткізілсе, онда оларды адресатқа жеткізу күні мен уақыты белгіленген тәсілмен тіркеледі. ЖСО-ның қызметіне ақы төлеу сомасының бөлігін 18641 теңге мөлшерінде қайтаруды қанағаттандыра отырып, бірінші сатыдағы сот дұрыс қорытынды жасаған, себебі ЖСО тарапынан борышкерге 2021 жылғы 8 шілдедегі банктік шоттарға тыйым салу туралы және 2021 жылғы 13 шілдедегі өндіріп алынған ақша қаражатын бөлу туралы қаулылары жіберілмеген. Атқарушылық іс жүргізуді қозғалғаны туралы борышкерге 2021 жылғы 13 шілдеде белгілі болғаннан кейін, оның өтініші бойынша шаралар қолданылды және нотариустың атқарушылық жазбаларының күші жойылған. ЖСО-ның заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде борышкердің шотынан дауланып отырған сома ұсталынған.

ЖСО.К[...] кассациялық шағымының осы бөлігіндегі дәлелдері өзінің растауын таппады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Апелляциялық сатыдағы сот ЖСО К[...] атқару өндірісін жүргізу барысында борышкер Қ[...] арызына жауап бермеу әрекетсіздігін заңсыз деп танып, борышкердің атқару өндірісі туралы мәліметтер алу құқығы бұзылған деген дұрыс қорытындыға келген.

ӘРПК-нің 64-бабының 6-тармағына сәйкес өтініш осы Кодекстің 63бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.

Кассациялық шағым авторының талап қоюшы берген өтініштің Кодекстің 63-бабының талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы дәлелдері назарға алынбайды, өйткені ЖСО-мен ӘРПК-нің 64-бабының талаптары орындалмаған. Апелляциялық сатығы сот істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, апелляциялық сот алқасының 2021 жылғы 1 қазандағы ұйғарымы мен қаулысының күшін жою үшін негіздер таппайды, жауапкерлердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қазандағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде, жауапкер жеке сот орындаушы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Н. Қайыпжан Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.