Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5237 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5237

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

талап қоюшының өкілі Қ[...], Еңбекшіқазақ ауданының әкімінің өкілі М[...], «АА[...]» шаруа қожалығының өкілі А[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Алматы облысы, [...] прокурорының (бұдан әрі-прокурор) жауапкерлер Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне, «Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Мекеме), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамына, «АА[...]» шаруа қожалығының басшысы К[...] жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім шартты жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «АА[...]» шаруа қожалығының өкілінің Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Прокурор жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен прокурордың жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған.

Мекеме мен К[...] арасындағы 2017 жылғы 22 ақпанда жасалған жер учаскесін жалға беру туралы №95 типтік келісім шарт жарамсыз деп танылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер «АА[...]»» шаруа қожалығының өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəнжайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Бірінші сатыдағы сот ауыл шаруашылық мақсаттағы жер санатындағы жер учаскесі жауапкер К[...], жекеше орман өсіру үшін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы конкурс өткізілместен берілген, яғни жер учаскесін беру кезінде Қазақстан Республикасында әрекет ететін заң нормаларының талаптары сақталмаған, сондықтан прокурордың талап қоюы қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 158-бабының 1- тармағына сәйкес мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Кассациялық сот, жергілікті соттардың мұндай тұжырымын келесі себептермен негізсіз деп санайды.

Іс құжаттарына қарағанда Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №1292 қаулысымен Т.К[...] ауылдық округі аумағынан 34,00 га ауыл шаруашылық жайылым жерінен жекеше орман өсіру үшін 10 жыл ұзақ мерзімге өтеулі пайдалану құқығы берілген.

2017 жылғы 22 ақпанда Мекеме мен К[...] арасында №95 жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім шарт жасалған.

2017 жылғы 4 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу селолық округінде орналасқан кадастрлық №[...] жалпы ауданы 34,00 га жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін №0627903 мемлекеттік актісі рәсімделген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі– Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру тек сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Аталған баптың 1-тармағының 14-1 тармақшасында жеке орман шаруашылығына арналған жер учаскелері мемлекеттік меншігінен саудасаттықсыз (аукционсыз) берілетіні қарастырылған болатын.

Қазақстан Республикасының 2024 жылдың 6 сәуірдегі №71-VIII Жер кодексіне өзгеріс енгізу туралы Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының 14-1 тармақшасының күші жойылған.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілері туралы» Заңының 1- тармағына сәйкес, нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы оның қолданысқа енгізілуіне дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.

Жауапкер К[...] даулы жер учаскесі Жер кодексіне аталған өзгерістер енгізілгенге дейін берілген.

Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 6-бабының 2-тармағына және Жер кодексінің 97-бабының 6-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді пайдалануға орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден берілетіні айқындалған. Мұндай жағдайда кассациялық сот жауапкер К[...] жер учаскесі жеке орман өсіру үшін берілген кезеңде заң талаптары бұзылмаған деп санайды.

Жергілікті соттар тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, Прокурордың жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім шарты жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысының күші жойылып, жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы Алматы облысы, [...] прокурорының жер учаскесін жалға беру туралы типтік келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Талап қоюшы Алматы облысы, [...] прокурорынан «АА[...]» шаруа қожалығының басшысы К[...] пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Жауапкер «АА[...]» шаруа қожалығының өкілінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.