ВС РК - Постановление от 20.04.2020 по делу 6001-20-00-3Г/932 (Гражданское)

6001-20-00-3г/932

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 20 сәуір

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С.Ү. Баймаханов,

талап қоюшы Б[...] «НА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік), «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк), үшінші тұлға «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» АҚ) автокөлікке қойылған шектеуді алып тастау туралы азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б[...] электрондық аукцион арқылы сатып алған автокөлігіне қойылған шектеу алынып тасталмағанын. Осыған байланысты автокөлікті өзінің атына тіркей алмай отырғанын көрсетіп жоғарыдағы талаппен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, автокөлікке қойылған шектеу алынып тасталған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен аудандық соттың шешімінің күші жойылып жаңа шешім қабылданған. Б[...] талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтінішхатта талап қоюшы апелляциялық саты соты материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жергілікті соттардың сот актілерін және өтінішхаттың уәждерін зерделеп, судья сот актісін қайта қарауға негіздер бар деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхат берушінің пікірі бойынша іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Даудың мән-жайларына қарағанда заңды күшіне енген Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен Серіктестіктен Банктің пайдасына 413 747 626 теңге өндірілген.

Шешім қабылданғанға дейін аталған соттың 2016 жылғы 21 қарашадағы ұйғарымымен (іске тіркелмеген) талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында Серіктестіктің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынған.

Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органының Серіктестіктің мүлікке билік етуін шектеу туралы шешімі негізінде «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» АҚ-ы 2017 жылғы 30 мамырда тыйымда тұрған Серіктестіктің мемлекеттік белгісі [...] «ВАЗ-2114411042» маркалы автокөлікке электрондық аукцион өткізген. Аукцион жеңімпазы болып Б[...] танылған. Б[...] аталған көлік үшін ақшаны толық көлемде төлеген.

Осыған байланысты Серіктестік пен Б[...] арасында 2017 жылғы 6 маусымда даулы автокөлікті сатып алу – сату шарты жасалып, сол күні тапсыру актісімен автокөлік Б[...] берілген.

Бірінші саты соты талапты қанағаттандырғанда аукцион қорытындысы мен сатып алу – сату шарты заңды күшінде екендігі, олар сотта дауланбағаны және автокөліктің Банкке кепілге қойылмағаны ескерілген.

Апелляциялық саты соты өз шешімін бұрын Б[...] жеке сот орындаушының автокөлікке тыйым салу туралы әрекетін заңсыз деп танып, оны тыйымнан шығару туралы шағымы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2019 жылғы 15 мамырдағы шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылғанымен негіздеген.

Сонымен қатар, талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы шешімді АПК-тің 160-бабына сәйкес оны қолданған сот қана қабылдауы тиіс деген тұжырым жасаған.

Апелляциялық саты сотының қорытындылары қате болып табылады. Қаралып отырған іс бойынша тараптар, даудың нысаны мен негіздемесі басқа екені ескерілмеген. Сондықтан соттың 2019 жылғы 15 мамырдағы шешімге сілтеме жасауы негізсіз.

Сол сияқты, АПК-нің 160-бабының 2-бөлігіне сай, талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот іске қатысатын адамның немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін.

Б[...] болса Серіктестіктен Банктің пайдасына қарызды өндіру туралы іс бойынша сотқа қатысушы емес екендігі назардан тыс қалған. Яғни, оның талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы бастама жасау құқы шектелген.

Даулы мүлікке тыйымды салған сот оны өз бастамасымен жоймаған. Сол іс бойынша істің қатысушылары да талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюды сұрап сотқа жүгінбеген.

Қазіргі уақытта мүліктің заңды иесі болып табылатын Б[...] автокөлікті мемлекеттік тіркеуден өткізуіне сотпен салынған тыйым кедергі келтіруде.

Аукцион жеңімпазы Б[...] аталған көлік үшін ақшаны толық төлеген. Аукцион қорытындысы мен сатып алу – сату шарты заңды күшінде, олар сотта дауланбаған.

Істің бұл тұрғысында мүлікті тыйымнан босату тек талап қою тәртібімен шешілуге жатады.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, өтінішхатты іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды. АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы Б[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.