6001-23-00-6ап/596
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 13 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Б.Дүйсенбаев,
судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ж[...] жауапкер Маңғыстау облысының атқару округінің жеке сот орындаушысы С[...] 2022 жылғы 4 қарашада жазған өтінішхатына жауап бермеген әрекетсіздігін заңсыз деп тану және өтінішхатқа жауап беруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына жауапкер өкілінің берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен әкімшілік талап толығымен қанағаттандырылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес, жекеше нотариустың 2022 жылғы 15 шілдедегі атқарушылық жазбасы негізінде борышкер Ж[...] өндіріп алушы «МКLAFT[...]» ЖШС-нің пайдасына 253 890 теңге берешегі және 5 041 теңге шығын өндірілген.
2022 жылғы 13 қыркүйекте осы атқарушылық құжат негізінде жеке сот орындаушысы С[...] атқарушылық өндіріс қозғалып, атқарушылық іс құжатты орындау туралы борышкерге хабарлама жіберілген, банктегі есепшоттарына тыйым салынған және инкассалық өкімдер қойылған.
2022 жылғы 30 қыркүйекте жекеше нотариустың қаулысымен жоғарыда аталған атқарушылық жазбаның күші жойылған.
2022 жылғы 30 қыркүйекте инкассалық өкім негізінде сот орындаушысының есеп-шотына 267 295 теңге түскен.
2022 жылғы 4 қазандағы №4797 санды түбіртек негізінде сот орындаушысы есеп-шотына түскен қаражаттың 215 509 теңгесін өндіріп алушыға жіберген, қалған 51 786 теңгені өзінің қызметі үшін қалдырған.
2022 жылғы 4 қазанда борышкер сот орындаушысына өтініш жолдап, өтінішінде атқарушылық жазбаның күші жойылғанын көрсетіп, атқарушылық өндірісті қысқартуды, қойылған тыйымдарды шешуді және ұсталынған қаражатты кері қайтаруды сұраған.
2022 жылғы 5 қазанда жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты тоқтату, есеп-шотты тыйымдардан босату туралы қаулылар қабылданған. Ал, қаражатты қайтару туралы өтініш бөлігіне жауап бермеген.
Сол себепті 2022 жылғы 4 қарашада атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жеке кабинеті арқылы талап қоюшы жауапкерге есеп-шотынан ұсталынған қаражатты кері қайтару туралы қайталама өтінішхат жолдаған. Жауапкер бұл өтінішке жауап бермеген.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 126-бабының 2-тармағының 3)-тармақшасына сай, сот орындаушысы бес жұмыс күні ішінде тараптардың атқарушылық iс жүргiзуге байланысты арыздары мен өтiнiшхаттарын қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға, міндетті.
Сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкердің талап қоюшының арызына жауап бермеу әрекетсіздігін заңсыз деп танып, жауап беруді міндеттеу туралы шешімімен толық келіседі. Осының негізінде төмеңгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандыру жайлы негіздемелерін толық көрсеткен.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкер өкілі У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дүйсенбаев Г.Б.
Судьялар
Даниярова Ш.Т.
Нұрбаев Г.К.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.