Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/573 (Гражданское)

6003-26-00-2к/573

2026 жылғы 13 мамыр

Қ А У Л Ы

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.К.Тлеубаева, А.О.Тогумбетова, прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілі Б[...] қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «А1[...]» шаруа қожалығынан жер учаскесін заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланғаны үшін мәжбүрлеп алып қою туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Сырдария ауданы әкімінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №114 және 2020 жылғы 28 мамырдағы №129 қаулылары негізінде жасалған, 2020 жылғы 12 маусымдағы №102 бөлінбейтін жер учаскесінде жер үлесін жалға беру туралы шартқа сәйкес, ««А1[...]»» фермер қожалығының Сырдария ауданы Ақжарма ауылдық округіндегі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінің жалпы көлемі 1240 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптары – 964,5 гектар, егістігі – 801,4 гектар, жайылымдық 163,1 гектар, басқа алқаптар – 275,5 гектар.

Сырдария ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қазандағы №234 қаулысымен Сырдария ауданында инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасы бекітілген.

Талап қоюшы Қызылорда облысы, [...] орналасқан және жауапкердің иелік етіп отырған жер учаскесінде жер заңдылықтарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, Сырдария ауданы әкімінің 2019 жылғы 24 қазандағы № 234 қаулысымен бекітілген және 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 313 қаулысымен өзгеріс енгізілген инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасының бұзылғаны анықталып, нәтижесінде 2023 жылғы 16 тамызда 1 (бір) жыл мерзімге бұзушылықтарды жою туралы № 196 нұсқама қабылданған.

Сырдария аудандық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысымен ««А1[...]»» фермер қожалығы ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл жазасы тағайындалған. Талап қоюшы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкер жер учаскесін Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бірнеше рет бұза отырып пайдаланғаны және егістік жерлерге ротация сақталмай, ұтымсыз пайдалануға жол беріп, нұсқама берілгеннен кейін бір жыл ішінде тиісті шаралар қолданбағанын, жер учаскесін ұтымсыз пайдаланып отыруына байланысты мәжбүрлеп алып қоюды сұраған.

Бірінші сатыдағы сотпен жауапкердің егістік жер учаскелеріне 2023 жылы № 3-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс жаңа жоңышқа дақылының орнына 21,0 га күріш дақылын және 7-ші танабында болуы тиіс ескі жоңышқа дақылының орнына 27,8 га күріш еккен;

2024 жылы № 3 ауыспалы егіс жүйесінің 4-ші танабында болуы тиіс жоңышқа дақылының орнына 49,0 га. күріш дақылын орналастырғандығы анықталған.

Яғни, жауапкер 2023 жылы және 2024 жылы егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзған, ал 2025 жылға ротация схемасы сақталуда.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес. Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Талап қоюшының шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Л.Мамырбаева Судьялар: А.Тогумбетова А.Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.