№6001-25-00-6ап/64 №6001-25-00-6ап/64 (2) №6001-25-00-6ап/64 (3) №6001-25-00-6ап/64 (4)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.К. Нурбаев болып талап қоюшының өкілі Т.А.Исмагуловтың, жауапкерлердің өкілдері Ә.С.Ұзақбаевтың, Б.Орынбековтың
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Бек» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабекованың (бұдан әрі – ЖК «Бек») жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 26 маусымдағы №431010000-КпОПО-32-298106 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның күшін жою; 2024 жылғы 26 шілдедегі №12298963-1 конкурсының қорытынды хаттамасының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қазандағы қаулысына талап қоюшының және мүдделі тұлға «Р.Балғабаева» жеке кәсіпкерінің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
ЖК «Бек» жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 26 маусымдағы №431010000-КпОПО-32298106 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған; Басқарманың 2024 жылғы 26 шілдедегі №12298963-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған; «Қызылорда облысының білім басқармасының «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №185 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №185 орта мектебі) мен жеке кәсіпкер Р.Ж.Балғабаеваның арасында 2024 жылғы 30 шілдеде жасалған №34 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;
Басқармаға №185 орта мектебінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеттелген. Осы соттың 2024 жылғы 10 қыркүйектегі жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Басқарма тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде Қызылорда облысы әкімінің назарына аударылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушылар кассациялық шағымдарында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Басқарма ұйымдастырушы ретінде тапсырыс беруші - №185 орта мектепте электрондық веб-портал арқылы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурсын жариялаған.
№185 орта мектеп конкурсының қатысушылары: талап қоюшы мен жеке кәсіпкер «Р.Балғабаева».
2024 жылғы 5 маусымдағы қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы ретінде талап қоюшы танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспей, ЖК «Р.Балғабаева» Департаментке шағымданған. Нәтижесінде, Департамент 2024 жылғы 26 маусымдағы №431010000-КпОПО-32-298106 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берген.
Бұл хабарламаға Басқарма шағымданып, жоғары тұрған органмен қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы хабарламаға сай Басқарманың конкурстық комиссиясымен шешім қайта қаралып, 2024 жылғы 26 шілдедегі қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес конкурс жеңімпазы ретінде ЖК «Р.Балғабаева» танылған. Камералдық бақылау нәтижелерінің хабарламаларымен және конкурстың қорытындылар хаттамасымен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурстарға қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген. Іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Бек» пен ЖК «Р.Ж.Балғабаева» шағымдары шегінде қаралады.
Сот алқасы жергілікті соттар негізінен дау бойынша дұрыс шешім қабылдаған деп есептейді. Дегенмен кейбір негіздемелері қате болғандықтан олар түзетілуге жатады. Бірақ бұл мән-жайлар сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз бола алмайды.
АПК-нің 451-бабының бесінші бөлігіне сай егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
Соттардың конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілерден диетолог технолог мамандарының міндетті түрде болуы талап етіледі. Мұндай жағдайда, конкурсқа қатысушы барлық әлеуетті өнім берушілердің диетолог, технолог мамандарының болмауы немесе біліктіліктері сай келмеуі, сәйкесінше біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігін көрсетеді деген тұжырымен келісуге болмайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:
төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:ъ
150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы;
151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы;
351-дан 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;
651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;
1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;
2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.
Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі.
Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды.
Яғни, аталған мамандардың болмауы немесе білімдерінің сай келмеуі конкурсқа қатысушы өнім берушілерді біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тануға негіз болмайды.
Сондықтан бұл тұжырым сот актілерінің сипаттау бөліктерінен алынып тасталуға жатады.
Сонымен қатар, ЖК «Р.Ж.Балғабаева» ұсынған диетолог Ж.Ташенованың біліктілігі Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында қойылған талаптарына сәйкес келмейді деген тұжырымымен де келісуге болмайды. Себебі соттар бұл тұжырымды жасағанда Ж.Ташенова жөніндегі құжаттарға жете баға бермеген.
Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасының 4- тармақшасына сай диетология саласында медициналық білімі мен біліктілігі және (немесе) диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімі бар диетологтың немесе диеталық бикенің болуы 1 балдан аспайтын өлшемшарты белгіленген.
Осы 7-қосымшасының ескертпесінде сонымен қатар медициналық білімі болған жағдайда, диетология саласында біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесімен расталуы тиіс екендігі көрсетілген.
Ж.Ташенова жайлы ұсынылған құжаттарға қарағанда, ол:
-1984 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау Министрлігі Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы аяқтап, «Балаларға арналған емдеу профилактикалық мекемелерінің медициналық бикесі» мамандығы бойынша ЖТ № 161884 санды диплом алған; -2019 жылы Қызылорда медициналық жорғы колледжіне оқуға түсіп, оны 2021 жылы аяқтап, «мейіргер ісі» мамандығы бойынша орта білімнен кейінгі білім туралы ОБКБ № 003458 санды диплом алған.
Бұдан басқа, ол: - 2005 жылы «Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін артыру өңірлік орталығында» орта буын медицина саласы бойынша «Диетология мейірбикесі» мамандандыру түрі бойынша білімін көтергені; -2010 жылы Қызылорда облыстық медицина орталығының жанындағы Оқу-әдістемелік орталығында «Емдік тамақтану негізі» циклында біліктілігін арттырғаны; -2014 және 2015 жылдары «Ая-Хан» ЖШС-де тиісінше «Емдік тамақтану негіздері» және «Жалпы мейірбикелік технологиялар» циклында біліктілігін арттырғаны;
-2019 жылы Республикалық медицина академиясы ОҚО филиалында «Емдік тамақтану негіздері» циклында біліктілігін арттырғаны; -2023 жылы «Арыстанбаб» ЖШС-де «Емдік тамақтану негіздері» циклында біліктілігін арттырғаны туралы куәліктер ұсынған. Аталған оқу орындарының тиісті акредитациясы бар екендігі жоққа шығарылмаған.
Яғни, диетолог Ж.Ташенованың біліктілігіне күмән тудыратын мәнжайлар болмаған. Сондықтан бұл тұжырым да сот актілерінің сипаттау бөліктерінен алынып тасталуға жатады.
Жоғарыда атап өтілгендей бұл мән-жайлар сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз бола алмайды. Себебі ЖК «Бек», ЖК «Р.Ж.Балғабаева» кейбір қызметкеткерлері (аспаз, диетолог) біліктіліктері сай келмей, олар үшін тиісті баллдар негізсіз қойылған.
Соттардың олар жөніндегі келтірген және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
Конкурстар бойынша орын алған бұзушылықтарды ескеріп апелляциялық саты сотының шарттардың қолданыс мерзімі өткеннен кейін, олардың мерзімін қайта ұзартпай, заң талаптарын сақтай отырып конкурстарды қайта өткізу қажеттігі жөніндегі тұжырымы орынды болып табылады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген басқа уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Бек» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабекованың және мүдделі тұлға «Р.Балғабаева» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова
Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.