Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 27.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2343 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-2к/2343 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Д.Кенжеғараның, жауапкерлер өкілдері Д.Рахметтула мен А.Б.Хамитовтың, үшінші тұлға өкілі М.Е.Төрегелдінің, аудармашы Г.С.Сарсенбаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер «Реалклимат НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік), Бибайша Ізбасарқызы Пулатоваға, Сапарбек Пулатовқа сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану, объектіні өз бетінше пайдалануға беру (қабылдау) актісін және оның тіркеуін заңсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер өкілінің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер жасаған мәміленің заңсыздығымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2023 жылғы 26 шілдеде Серіктестік пен жауапкер Б.І.Пулатова арасында жасалған Астана қаласы, Алматы ауданы, ОңтүстікШығыс т.а. (оң жағы), Айнакөл көшесі, №139 мекен-жай бойынша орналасқан жылжымайтын мүлікті (бұдан әрі - ғимарат) сатып алу-сату шарты жарамсыз деп және 2023 жылғы 10 тамыздағы жеке тұрғын үй мен шаруашылықтұрмыстық құрылыстарды меншік иесімен өз бетінше объектіні пайдалануға беру (қабылдау) актісі (бұдан әрі - Даулы акт) заңсыз деп танылған.

Жауапкерлер өкілі кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 118, 157, 158-баптарын және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңын (бұдан әрі - Заң) дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Басқарма тарапынан ғимараттың құрылысына байланысты Серіктестікте жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Серіктестік нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй салуға деп берілген жер учаскесінде 3 қабатты ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталды, тиісінше Басқармамен құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату жөнінде 2023 жылғы 1 маусымда №344 нұсқама берілген.

Себебі, Серіктестік Заң талаптарын бұзып, тұрғын жайға жатпайтын құрылысқа рұқсат алмай, жобалық құжаттамасыз, құрылыс құжаттамасына сараптаманың оң қорытындысы болмай құрылысты жүргізген.

Сонымен қатар, Серіктестіке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігімен, 321-бабымен, 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалған. 2023 жылғы 26 шілдеде Серіктестік директоры Н.С.Пулатова (сатушы) мен жауапкер Б.І.Пулатова (сатып алушы) арасында ғимаратты сатып алу-сату шарты жасалған (бұдан әрі - Даулы шарт), оның мазмұнына сәйкес сатушы 0,1 га жер учаскесінде орналасқан жеке тұрғын үйін сатқан. Даулы акт негізінде ғимарат жеке тұрғын үй мен шаруашылықтұрмыстық құрылыс ретінде жауапкер Б.І.Пулатовамен пайдалануға қабылданған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 сәуірдегі шешімімен Серіктестік ғимараттың иесі болмағандықтан Басқарманың Серіктестікке берген 2023 жылғы 1 маусымдағы №344 нұсқама талаптарын орындауды міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Яғни, соттар Серіктестік аталған нұсқаманы орындамай және оны орындаудан жалтару мақсатында Даулы шартты жасасқан, жауапкер Б.І.Пулатова Серіктестік директоры Н.С.Пулатованың анасы, жауапкер Б.І.Пулатовамен қабылданған Даулы актіге сай соңғысы бастапқыда заң талаптарына сәйкес келмейтін 3 қабатты ғимаратты емес, жеке тұрғын үйді қабылдаған, өз кезегінде ғимарат көпшілік пайдаланатын объект ретінде тиісті рәсімдерден өтпеген және ол адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіреді, фотоматериалдарға қарағанда бұл ғимарат іс жүзінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тұрғын емес үй-жай ретінде

пайдаланылған, ғимарат ішіндегі және оның айналасындағы адамдарға да қауіп төндіреді деген дұрыс қорытындыға келген.

Бұл жағдайда соттар жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі Серіктестік өзінің құқықтарын теріс пайдаланған, ғимаратты Заң талаптарын бұза отырып салған және уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкерлер өкілі Алишер Бауржанович Хамитовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.