№6003-26-00-2к/811
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, А.К.Айкенова, талап қоюшы А[...],
жауапкер өкілі Б[...], аудармашы Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкер «Ақтөбе әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» ақционерлік қоғамына директорлар кеңесінің шешімін, хабарламаны, бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы, еңбек демалысы үшін төлемдер мен сыйақылар өндіру туралы талап қоюы бойынша Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны аппарат басшысы лауазымының қысқартылуы еңбек және корпоративтік заңнама талаптарын бұза отырып жүргізілгенімен, қысқартудың нақты өндірістік қажеттілікпен негізделмегенімен, директорлар кеңесі шешім қабылдау кезінде мүдделер қақтығысына жол берілгенімен және ішкі корпоративтік рәсімдер сақталмағанымен негіздеп, жауапкер «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ақционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) 2025 жылғы 17 наурыздағы №2 директорлар кеңесінің шешімін, 2025 жылғы 27 наурыздағы №2 хабарламасын, 2025 жылғы 25 сәуірдегі еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп тануды, бұрынғы аппарат басшысы лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы, мереке күндеріндегі еңбек демалысы үшін төлемдер мен сыйақы сомаларын өндіруді сұраған.
Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюдан бас тартқанда, Қоғамның директорлар кеңесі штат құрылымы мен штат санын бекітуге өкілетті орган болып табылатынын, аппарат басшысы лауазымын қысқарту туралы шешім оның құзыреті шегінде қабылданғанын, еңбек шартын бұзу рәсімі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодекс) талаптарына сәйкес сақталғанын, талап қоюшыға еңбек шартының бұзылатыны туралы заңда көзделген мерзімде хабарланғанын, мемлекеттік еңбек инспекциясының
қорытындысымен еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталмағанын негізге алған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, Қоғамда штат санын оңтайландыру бірнеше кезеңмен жүргізілгенін, аппарат басшысы лауазымының қысқартылуы нақты ұйымдастырушылық өзгерістер аясында жүзеге асырылғанын, талап қоюшының уәждері сот тұжырымдарын теріске шығармайтынын көрсеткен.
Кассациялық шағымында талап қоюшы соттар істің мән-жайларын толық зерттемегенін, қысқартудың шынайылығы мен өндірістік қажеттілігіне құқықтық баға берілмегенін, қысқарту рәсімі нақты бір қызметкерді жұмыстан босатуға бағытталғанын, дәлелдемелерге толық баға берілмегенін, куәларды шақыру туралы өтінішхаттардың негізсіз қанағаттандырусыз қалдырылғанын, мемлекеттік еңбек инспекциясының өзге актілері назарға алынбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдауды, не істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғандай, А[...] Қоғамның 2024 жылғы 2 қыркүйектегі
№95-1/с бұйрығымен аппарат басшысы лауазымына тағайындалған.
Қоғамның директорлар кеңесінің 2025 жылғы 17 наурыздағы №2 шешімімен 2025 жылғы 28 сәуірден бастап аппарат басшысы лауазымы қысқартылған.
2025 жылғы 27 наурызда талап қоюшыға еңбек шартының бұзылатыны туралы №2 хабарлама табысталған.
Қоғамның 2025 жылғы 25 сәуірдегі №67 бұйрығымен Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасы негізінде А[...] еңбек шарты бұзылған.
Талап қоюшының арызы негізінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
2025 жылғы 23 сәуірдегі №4703 тексеру актісіне сәйкес еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу рәсімі сақталғаны және еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталмағаны көрсетілген.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты қызметкерлер санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты бұзылуы мүмкін.
Кодекстің 53-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек шартын осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзу кезінде жұмыс беруші қызметкерді еңбек шартының бұзылатыны туралы кемінде бір ай бұрын жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
Іс құжаттарынан талап қоюшыға заңда белгіленген мерзімде хабарлама берілгені анықталған.
Қоғам Жарғысының 11-бөлімінің 11.2-тармағының 6) және 20) тармақшаларына сәйкес директорлар кеңесі Қоғамның ұйымдық құрылымы мен штат санын бекітуге құқылы.
Осыған байланысты соттардың директорлар кеңесінің 2025 жылғы 17 наурыздағы №2 шешімі уәкілетті органның құзыреті шегінде қабылданған деген тұжырымы дұрыс болып табылады.
Кассациялық шағымдағы қысқартудың формальды сипатта болғаны және нақты талап қоюшыны жұмыстан босатуға бағытталғаны туралы уәждер негізсіз.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес соттар жұмыс берушінің (заңды тұлғаның) таратылуына, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары) байланысты еңбек шарты бұзылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай отырып, ұйымның (заңды тұлғаның) таратылған - таратылмағанын, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылған - тоқтатылмағанын, жұмыскерлер санын немесе штатын қысқарту шын мәнінде жүргізілген-жүргізілмегенін, заңнамалық актілерде көзделген жұмыскерлерді босату тәртібінің сақталған-сақталмағанын, олардың орнына басқа адамдардың қабылдаған-қабылдамағанын тексеруге міндетті.
Іс бойынша 2024 жылғы 6 қарашадағы №27 хаттамаға сәйкес Қоғамның штат саны 111 бірліктен 106 бірлікке дейін, ал 2025 жылғы 14 наурыздағы №2 хаттамаға сәйкес 106 бірліктен 102 бірлікке дейін қысқартылғаны анықталған.
Қазіргі таңда штаттық саны 98 бірлікті құрайды, яғни штат саны 4 бірлікке қысқартылған.
Сондай-ақ іс құжаттарымен Қоғамда штаттық бірліктерді оңтайландыру талап қоюшының лауазымы қысқартылғанға дейін де, одан кейін де жалғасқаны расталған.
Демек, соттар қысқартудың нақты ұйымдастырушылық өзгерістер аясында жүргізілгені туралы дұрыс тұжырымға келген.
Талап қоюшының оған өз еркімен жұмыстан шығу ұсынылғаны жөніндегі уәждері де соттармен тексерілген.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзі сілтеме жасаған мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.
Алайда талап қоюшы ұсынған қызметтік жазбалар мен өзге құжаттар қысқарту рәсімінің заңсыздығын немесе еңбек шартын бұзу туралы шешімнің алдын ала қабылданғанын даусыз түрде растамайды.
Сондықтан соттардың аталған дәлелдемелерді талап қоюды қанағаттандыруға жеткілікті негіз деп танымауы заң талаптарына қайшы келмейді.
Кассациялық шағымдағы корпоративтік жанжал және ішкі корпоративтік рәсімдердің сақталмауы туралы уәждер де соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды.
Талап қоюшының директорлар кеңесіне, кадр комитетіне және омбудсменге жүгінгені өздігінен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың заңсыздығын білдірмейді.
Соттар даудың мәні еңбек шартын бұзудың заңдылығына қатысты екенін дұрыс ескеріп, құқықтық бағаны осы шектерде берген.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының өзге актілері назарға алынбағаны туралы уәж де негізсіз.
Іс бойынша еңбек шартын бұзу рәсімінің сақталғаны туралы 2025 жылғы 23 сәуірдегі №4703 акт зерттеліп, оған құқықтық баға берілген.
Ал талап қоюшы сілтеме жасаған өзге бұзушылықтар, оның ішінде лауазымдық нұсқаулықпен таныстырмау, сыйақы төлеу мәселелері осы даудың нысанасына тікелей қатысты емес және жұмыстан босатудың заңдылығына әсер етпейді.
Куәларды шақыру туралы өтінішхаттардың қанағаттандырылмауы туралы уәждер де сот актілерінің күшін жоюға негіз болмайды.
АПК-нің 15, 73-баптарына сәйкес дәлелдемелердің қатыстылығы мен іске қажеттілігі мәселесін сот шешеді.
Іс құжаттарынан бірінші сатыдағы соттың тараптарға дәлелдемелер ұсынуға толық мүмкіндік бергені, ал куәлардың айғақтары даудың құқықтық мәні бар мән-жайларын анықтау үшін қажетті болмағаны көрінеді.
Апелляциялық сот апелляциялық шағым уәждерін тексеріп, оларға құқықтық баға берген.
Апелляциялық қаулыда бірінші сатыдағы сот тұжырымдарымен келісу себептері толық көрсетілген.
Соттар іс бойынша барлық дәлелдемелерді жан-жақты және толық зерттеп, оларға АПК-нің 77-бабына сәйкес құқықтық баға берген.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды.
Осыған байланысты дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Ормаханов
Судьялар
А.Есдаулетов
А.Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.