Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2173 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 маусым №6003-26-00-2к/2173 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшының өкілі У[...],

жауапкердің өкілі У[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Басқарма) жауапкер «П[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (әрі қарай - ЖШС) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою бойынша электрондық азаматтық істі Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Басқарма талап қоюында конкурсқа қатысу үшін өтінім ұсынған әлеуетті өнім беруші «П[...]» ЖШС-і өзінің біліктілігі туралы мәліметінде анық емес ақпарат ұсынғанын көрсетіп, соттан жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тануды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (әрі қарай-Заң) 3-бабының 1) тармақшасының, 8-бабының 4-тармағының 1) - тармақшасының, 11 бабының, 14-бабының 1, 2 тармақтарының талаптарына сай, біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат ұсынған кезде Заңның 11-бабы 1- тармағының негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылуы мүмкін: 1) біліктілік талаптары бойынша, 2) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша.

2025 жылғы 15 мамырда Басқарма «Ақтөбе қаласы Алматы ауданы аумағында апатты үйлерді бөлшектеу» бойынша, жалпы құны 264 695 321 теңгеге, қызметтерді мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жариялаған.

Жауапкер конкурсқа қатысқан кезде мемлекеттік нөмері [...], ДЗ143 маркалы жалға алынған автогрейдер бар екені туралы құжаттарын ұсынған.

Алайда автогрейдер техникасының егесі Л[...] өзінің хатында аталған автогрейдер техникасы 2025 жылғы 19 мамырдағы жалға беру шартына «ZG[...]» ЖШС-не жалға берілгенін, «П[...]» ЖШС-мен қандай да жалға алу шарты жасалмағанын және аталған шарт жалған болып табылатынын көрсеткен. Бұл мән - жайларды Л[...] бірінші сатыдағы сот отырысында берген түсініктемесінде растаған.

Осылайша іс жүзінде аталған автогрейдер техникасы жауапкерде болмағаны, яғни, жауапкер конкурсқа қатысқан кезде анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелденген, сондықтан сот талап қоюды қанағаттандырған. Жауапкердің конкурсқа анық емес ақпарат беруі нақты анықталғаны Заңының 14-бабының 1-тармағына сәйкес талап қоюды қанағаттандыруға негіз болады.

2025 жылғы 3 қыркүйекте талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген, демек, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюымен сотқа жүгіну мерзімі сақталған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында істі апелялляциялық сатыдағы сотта қарау кезінде Л[...] түсініктемесін өзгертіп, «П[...]» ЖШС-мен автогрейдер техникасын жалға алу шартын жасалғанын растайтын арыз бергенін, алайда апелляциялық сатыдағы сот бұл мән жайды назарға алмағанын көрсеткен.

Бұл мән жай апелляциялық сатыдағы сотта тиісті бағасын алған, сот бұл құжат бірінші сатыдағы сотқа себепсіз жағдайда берілмегенін, сондықтан зерттелмегенін, демек, жауапкердің процестік олқылығы болатынын ескеріп, ол құжатты дәлел ретінде қабылдамай тастаған.

Апелляциялық сатыдағы соттың бұл әрекеті заң талаптарына сай келеді, сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда, іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар

Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.