Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3256 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 желтоқсан №6003-25-00-2к/3256 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

арыз беруші өкілдері К.К.Бисенкуловтың, Н.Д.Нуржауованың, М.С.Амиеваның, мүдделі тұлғалар өкілдері С.Шамхановтың және Т.Ұ.Ердановтың, банкроттықты басқарушы Е.Б.Асановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мұнайлы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) борышкер «Жоспарлау-Құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) банкрот деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлға Назарбек Рахатович Спановтың (бұдан әрі - мүдделі тұлға) Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2023 жылғы 9 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, оны Серіктестіктің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.

Сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, Серіктестік банкрот деп танылып, таратылған, кредиторлық сомасы айқындалған және заңда көзделген әрекеттерді жасау міндеттелген.

МАЭС-ның 2025 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымымен мүдделі тұлғаның арызы қанағаттандырылып, сот шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілген.

Мүдделі тұлғаның апелляциялық шағымының қаралу нәтижесімен алқа қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында Серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы 2019 жылы қайтыс болғанын, қазіргі кезде мирасқор мәселесі шешілмегенін, өзіне 2024 жылғы 5 қарашада мұрагерлік құқыққа куәлік берілгенін, Серіктестік таратылып кетуіне байланысты бұл құқығы тіркеуден өтпегенін, соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сонымен қатар, мүдделі тұлға кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұрап, арызбен жүгінген.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Сот мүдделі тұлғаның кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған арызы қанағаттандырылуға жатады деп санайды, себебі онымен Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 436-бабында көзделген мерзімдерде кассациялық шағым беру әрекеттері жасалған, алайда оның кассациялық шағымы мемлекеттік баж дұрыс төленбеуіне байланысты кері қайтарылған.

АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Серіктестік уәкілетті органда 2008 жылғы 13 қаңтарда тіркеуге қойылған, негізгі қызмет түрі: пластик құрылыс бұйымдарын өндіру, құрылтайшысы Р.Спанов, басшысы Г.А.Пирниязов.

Серіктестіктің құрылтайшысы Р.Спановтың 2019 жылғы 22 қыркүйекте қайтыс болуына байланысты оның зайыбы А.А.Матаеваға Серіктестіктің 100% үлесіне жеке нотариус А.Н.Карабашевамен 2020 жылғы 6 қарашада заң бойынша мұрагерлік куәлігі берілген.

Осының негізінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2020 жылғы 17 қарашадағы №151 бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) Серіктестік құрылтайшысы және заңды мекен-жайы өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өткізілген, оның құрылтайшысы болып А.А.Матаева белгіленген. Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімімен мүдделі тұлғаның талап қоюы қанағаттандырылып, А.А.Матаеваға жеке нотариус А.Н.Карабашевамен 2020 жылғы 6 қарашада берілген заң бойынша мұрагерлік куәлігінің күші жойылған. Бұл жерде назар аударатын мән-жай - бүгінгі күнге Бұйрық және Серіктестіктің қайта тіркелуі ешкіммен дауланбаған, заңды күшінде. 2022 жылғы 19 қазанда Басқарма сотқа Серіктестікті банкрот деп тану туралы арызбен жүгініп, онда Серіктестіктің 2022 жылғы 16 қазандағы жағдайы бойынша салықтық берешегі - 50 942 289,13 теңгені құрағанын, оның ішінде негізгі төлем сомасы - 29 092 802,61 теңге, өсімпұл - 21 849 486,52 теңге екенін, Серіктестікке мәжбүрлеп өндіру туралы заңмен көзделген барлық шаралардың қолданылғанын (салық берешегін өтеу туралы хабарламалар жолданған, банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімімен мүдделі тұлғаның талап қоюы қанағаттандырылып, А.А.Матаеваға жеке нотариус А.Н.Карабашевамен 2020 жылғы 6 қарашада берілген заң бойынша мұрагерлік куәлігінің күші жойылған.

өкімдері бойынша инкассалық өкімдер салық төлеушінің шотында қаражаттың болмауына байланысты орындаусыз қалған, Серіктестіктің меншігінде жылжитын және жылжымайтын мүліктердің тіркелмегені анықталған), яғни Серіктестік төлем қабілеттілігі жоқ борышкер екенін көрсеткен.

Заңның 56-бабының 1-тармағына сәйкес борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді сот уақытша басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын немесе қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы актісін ескере отырып, қабылдайды.

2022 жылғы 7 желтоқсанда Заңның 49-бабының 2-тармағының 2) тармақшасының негізінде уақытша басқарушымен борышкердің есепке алу құжаттамасына қол жеткізуді қамтамасыз етпеуіне байланысты Серіктестіктің қаржылық орнықтылығы жөнінде қорытынды жасау мүмкін еместігі туралы акті рәсімделген.

Банкроттық рәсімі барысында банкроттықты басқарушымен 2021 жылғы 29 маусымда №43089Y800001 камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кіріс органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (қосылған құн салығы бойынша) және 2021 жылғы 25 маусымдағы №4308P0900010 камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кіріс органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (корпоративтік табыс салығы бойынша) орындалған. Хабарламаларды орындау нәтижесінде Серіктестіктің мемлекет алдындағы қосымша 166 422 455 теңге салық берешегі қалыптасқан.

Салық органның хабарламаларын орындауға Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі Серіктестіктің контрагенттері «SolidCom» ЖШС-нің және «Тренд К» ЖШС-нің мемлекеттік тіркеулері жарамсыз деп танылып, оларды мәжбүрлеп жою туралы шешімі негіз болған.

Бүгінгі күні банкроттық рәсім барысында банкроттықты басқарушымен Серіктестіктің 218 287 344 теңге көлеміндегі кредиторлық берешегі толықтай өтелген.

Сонымен қатар, Заңның 108-бабының 1-тармағына сай кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін Серіктестіктің қатысушыларына олардың үлестеріне сәйкес қалған қаражат бөлініп төленген: А.А.Матаеваға - 553 440 768 теңге (93,75%) және мүдделі тұлғаға - 36 896 052 теңге (6,25%) төленген.

Себебі, жеке нотариус А.Н.Карабашеваның 2024 жылғы 2 желтоқсандағы банкроттықты басқарушыға берген жауап хатында меншік құқығы туралы куәліктерге сәйкес Серіктестіктің қайтыс болған құрылтайшысы Р.Спановтың 50% үлесі А.А.Матаеваға, қалған 50% үлесінің 7/8 бөлігі А.А.Матаеваға, 1/8 бөлігі мүдделі тұлғаға тиесілі екендігі көрсетілген.

Мүдделі тұлға 2022 жылы Басқарма сотқа банкрот деп тану туралы арызбен жүгінгенге дейін әкесі болып келетін Серіктестіктің құрылтайшысы Р.Спановтың 2019 жылы қайтыс болғанын, сот шешімімен күші жойылған нотариустың 2020 жылғы 6 қарашадағы заң бойынша мұрагерлік куәлігінің негізінде Серіктестіктің 100% үлесі А.А.Матаеваға өтіп кеткенін білген.

Алайда, ол осы уақытқа дейін белгісіз себептермен өзінің бұзылған деп есептейтін құқықтарын қалпына келтіру мақсатында заңмен көзделген әрекеттерді жасамаған (Бұйрық пен Серіктестіктің қайта тіркелуін даулау, Серіктестіктің атқарушы органына құрылтайшы болып енгізу туралы арызбен жүгіну, құрылтайшылардың жалпы жиналысын өткізуді талап ету және т.б.).

Аталған мән-жайлар мүдделі тұлғаның процестік олқылығы болып табылса, Серіктестікті банкрот деп тану туралы азаматтық істі қарау барысында оның өкілі адвокат С.Шамханов қатысқан, тиісінше мүдделі тұлға азаматтық істің қаралып жатқанын білген.

Бұйрықтың күші жойылмаған, сол себепті мүдделі тұлғаның Серіктестікті банкрот деп тану жөніндегі арыздың сотта қаралған уақытта оның құрылтайшысы болмаған деген уәжі негізсіз болып табылады.

Бұл жағдайда жергілікті соттар мүдделі тұлғаның әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестіктің төлем қабілеттілігінің жоқтығын ескере отырып, арыз қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Мүдделі тұлға Назарбек Рахатович Спановтың кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 9 қаңтардағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде, мүдделі тұлға Назарбек Рахатович Спановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.