6001-24-00-3Г/2231(2)
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27-мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,
талап қоюшы «Маңғыстау облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «TMSYSTEMS» Инновациялық Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) берген мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 25-қаңтардағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20-наурыздағы қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхатын электрондық азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25-қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Тараптар арасындағы 2023 жылғы 12-қаңтардағы көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20-наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, қолданылуға жататын заңды қолданбай, қолданылуға жатпайтын заңды қолданғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, Мекеменің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сот актілеріне қарағанда, 2023 жылғы 12-қаңтарда тараптар арасында жалпы соммасы 21 600 000 теңгеге бір көзден тікелей сатып алу тәсілімен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалған.
Серіктестік аталған Шартқа сәйкес 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап 31-желтоқсанын қоса алғандағы мерзімге дейін ақпараттық жүйені қостау және техникалық қолдау көрсету бойынша қызмет көрсетуге міндеттенген.
Жергілікті соттарда анықталғандай, «Маңғыстау облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Департамент) жоғарғыда аталған мәміле бір көзден сатып алу тәсілімен заңсыз жасалғаны анықталып, 2023 жылғы 13-қарашада Мекемеге заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс хат жолданған. Мекеме бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған мәміленің күшін жою туралы шаралар қабылдау мақсатында Серіктестікке шартты өзара келісіммен бұзу жөнінде хат жолдаған. Алайда, Серіктестік келіспей, шартты өзара бұзудан бас тартқан.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабының 3-тармағы 3) тармақшасына сай, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондайақ жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген тұлғадан осы жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алумен жүзеге асырылады.
Сотта даулы мәмілені бір көзден сатып алуға негіздер болмағаны, мәміленің мемлекеттік сатып алу бәсекелестік рәсімдерімен өткізілмей, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың заңмен белгіленген негізгі принциптері мен мақсаттарын бұзып, басқа да әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру туралы қағидатының бұзылуына жол беріліп, тікелей шарт жасау арқылы бір көзден сатып алу туралы Серіктестікпен заңсыз жасалғаны анықталған.
Соттар даулы мәміле заңнама талаптарына сәйкес келмейтін, құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле болғандықтан, Шартты жарамсыз деп таныған.
Өтінішхатта төмендегі мән-жайлар көрсетілген:
тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға сілтеме жасай отырып, өзі рұқсат берген және өнім беруші, Шарттың адал тарапына қандай да бір жолмен Тапсырыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбаған; егер олар орын алса да, Шартты жарамсыз деп тануға, талап қоюшының сот тәртібімен талап қоюға құқығы жоқ екені анықталған;
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 158-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасын, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретін
бұзатын мәмілені қасақана жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдік себептермен немесе жауапкершіліктен жалтару ниетімен туындаса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.
Аталған себептер бойынша мәміле жасасу кезінде заңнаманы саналы түрде бұзған, одан кейін өзінің заң бұзғанына сілтеме жасай отырып, оны жарамсыз деп тануды талап ететін заңды тұлғаның талаптарын қанағаттандыруға жол берілмейді;
даулы Шарт тапсырыс беруші үшін өтеулі - қарсы ұсыным болып, Өнім берушінің «Универсальная подсистема интеграции со «Smart Bridge» БЖ-ның жұмыс істеуін техникалық сүйемелдеу, жаңарту, консультациялық қолдау жөніндегі қызметтері болып табылады;
Мекеменің өзі тапсырыс беруші және Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде шешім қабылдай отырып, Серіктестікпен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша шарт жасасқан;
жергілікті соттардың Мекеменің өзі жіберген заң бұзушылықтарға негізделген талап қоюды қанағаттандыруы, тапсырыс берушінің құқығын бұзбаған Серіктестіктің есебінен оның құқығын қалпына келтіре алмайды. Тапсырыс беруші де, өнім беруші де бірінші кезекте тапсырыс берушінің шешімі негізінде жасалған бір Шарттың тараптары болып табылады;
«Мәмілелердің жарамсыздығының кейбір мәселелері және соттардың олардың жарамсыздығының салдарын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес мәміленің жарамсыздығының негіздерін, сондай-ақ оны жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдарды айқындау кезінде соттар АК-нің 157-баптың 2-тармағына сәйкес (158, 159, 160, 337, 411 және басқалары) тек АК-не ғана емес, өзге де заңнамалық актілермен де белгіленетінін ескеру керек;
Мекеме заңды өзінің контрагенті Серіктестік бұзғандай, мүлдем негізсіз талап қойып, заңды бұза отырып жасалған Шартты мойындауға тырысқан;
осы іске мүдделі тұлға Департамент, тапсырыс берушіні заңды бұзды деп айыптай отырып, заңның талаптарын өзі де бұзған;
Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша бұзушылықтарды анықтауға және олар анықталған жағдайда 2023 жылғы 17-қаңтардан кешіктірмей ден қою шараларын қабылдауға міндетті болған, алайда бұл уақтылы жасалмаған;
егер Департамент Шарт жасасу кезінде Заң бұзылды деп таныса, оны өзі тапсырыс беруші мен өнім берушіге, Шарт тараптарына оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюға міндетті еді;
алайда Департамент, Заң бойынша өкілеттіктерінен жалтарып, тапсырыс берушіні, өзінің шартты жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша жауапкер қылмай, қандай да бір себептермен Мемлекеттік сатып алу туралы шешім қабылдамаған және шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындайтын өнім берушіге талап қоюға заңсыз міндеттеген;
Осылайша, Департамент Мемлекеттік сатып алуды камералдық бақылауға алу мерзімін өткізіп алған және оны заң бойынша талап етілгендей жарамсыз деп тану туралы Шарт тараптарына дербес талап қоймаған.
Бұл ретте, Серіктестік тапсырыс беруші Мекеменің талап қоюын заңсыз және негізсіз деп есептейді.
Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың тұжырымы іс құжаттарымен сәйкес келмейді.
Судья, өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
«TM-SYSTEMS» Инновациялық Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің М[...] облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25-қаңтардағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Б. Ералиева Көшірмесі дұрыс: Судья Б. Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.