6003-25-00-2к/5411
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 13 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі С[...], жауапкер С[...] және оның өкілі Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Тараз қаласының әкімінің жауапкер жеке кәсіпкер С[...] жер учаскесінің өтемақы көлемін белгілеп, мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 19 қазандағы шешіміне берген наразылығы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 19 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Тараз қаласы, Амангелді өндірістік кооперативіндегі орналасқан, көлемі 10 га (кадастрлық нөмірі [...]) жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарылып, жер учаскесінің нарықтық құны 44 554 000 теңге мөлшерінде белгіленген. Тараз қаласы, Казарма 3498 км көшесі №1458 жайдағы, көлемі 11 га (кадастрлық нөмірі [...]) жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарылып, жер учаскесінің нарықтық құны 43 529 000 теңге мөлшерінде белгіленген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы ұйғарымымен осы соттың 19 қазан 2023 жылғы шешімінде жіберілген қателер, яғни «Тараз қаласы, Амангелді өндірістік кооперативіндегі орналасқан, көлемі 10 га (кадастрлық нөмірі [...]) жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарылсын. Жер учаскесінің нарықтық құны 43 454 000 теңге мөлшерінде белгіленсін» орнына «Тараз қаласы, Амангелді өндірістік кооперативіндегі орналасқан, көлемі 10 га (кадастрлық нөмірі [...]) жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарылсын. Жер учаскесінің нарықтық құны 44 554 000 теңге мөлшерінде белгіленсін» деп түзетілген.
Апелляциялық тəртіпте іс қайта қаралмаған.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары наразылығында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы соттың өзге құрамында жаңа қарауға жіберуді сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, наразылықтың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкер С[...] өзінің жер телімін мемлекеттік мұқтажы үшін беруге қарсы емес екенін ескеріп, жер учаскелерін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою қанағаттандырылуға, даулы жер учаскелерінің нарықтық құны 43454 000 теңге және 43 529 000 теңге мөлшерінде белгіленуге жатады деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот, соттың мұндай тұжырымын келесі себептермен негізсіз деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Жамбыл облысы, [...] əкімдігінің 2002 жылғы 5 сəуірдегі жəне 2006 жылғы 3 қазандағы қаулыларымен С[...] шаруа қожалығын жүргізу үшін 49 жыл мерзімге тиісінше ауданы 10 га (кадастрлық нөмірі [...]) жəне 11 га (кадастрлық нөмірі [...]) жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.
Жамбыл облысы Тараз қаласы əкімдігінің 2023 жылғы 6 сəуірдегі №1126 қаулысына сəйкес, аталған жер учаскелері Тараз қаласының бас жоспарына сəйкес, халықтың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға жатады.
Қаулының 1-тармағында, жер учаскесі 2025 жылғы 6 сəуірге дейін мəжбүрлеп иеліктен шығарылуға жатады деп көрсетілген. Бұл туралы əкімдік 2023 жылғы 2 маусымда «AC[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 19 мамырдағы есептері негізінде өтемақы ұсына отырып, С[...] хабардар еткен. Алайда жер учаскелерін сатып алу туралы келісімге қол жеткізілмеген. Есептерге сəйкес жер учаскелерінің нарықтық құны 10 га үшін 43454000 теңгені жəне 11 га үшін 43529000 теңгені құраған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-Жер кодексі) 84-бабының 1-тармағына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабының 25-тармақшасына сəйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығару заңда көзделген айрықша жағдайларда оның тең құны өтелуі шартымен жүргізілуі мүмкін.
Жер кодексінің 84-бабының 3-тармағында жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы (мемлекеттен сатып алынған немесе сатып алынбаған жер пайдалану құқығымен) жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады.
Өз кезегінде «Жамбыл облысы əкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ мəліметтері бойынша даулы жер учаскелеріне қатысты жер пайдалану құқығы С[...] сатып алынбаған.
Бірінші сатыдағы сот, жоғарыда көрсетілген мəн-жайларға қарамастан, Заңның 67-бабы 2-тармағын басшылыққа алып, «AC[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 19 мамырдағы бағалау туралы есептері негізінде өтемақы тағайындаған.
Заңның 67-бабының 1 жəне 2-тармақтарына сəйкес, меншік иесі мемлекеттен сатып алған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны (залалдарды есепке алмағанда) нарықтық құн мөлшерінде айқындалады.
Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Заңның бұл нормасы жеке меншікке тиесілі учаскелердің құнын өтеу тəртібін реттейді, ал жалдау құқығындағы жер учаскелеріне қолданылмайды.
Жер пайдаланудағы жер учаскелерін мəжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты қатынастар Жер кодексінің 84-бабының 3-тармағында реттелген.
Аталған нормаға сəйкес, пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мəжбүрлеп иелiктен шығару, егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алған болса, жер пайдалану құқығын сатып алғаны үшін төлемақы құны жер пайдаланушыға өтеле отырып, жүзеге асырылады, сондай-ақ оның қалауы бойынша басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін. Бұл ретте жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мəжбүрлеп иелiктен шығарылған кезде жер пайдаланушыға шығынды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен толық көлемде жүзеге асырылады. Демек, жауапкерге берілген құқық сатып алынбағандықтан, жер пайдаланушыға төлемақы құны белгілеуі негізсіз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес орнына басқа жер учаскесі беру тәртібі сақталмаған.
Бұдан басқа, бірінші сатыдағы сот есептерді бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сəйкестігі тұрғысынан тексермеген.
Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы №519 бұйрығымен бекітілген «Жылжымайтын мүліктің құнын бағалау» бағалау стандартының 5, 6-тармақтарына, Құрылыс-тауартану сот сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау жөніндегі əдістеменің (бұдан әрі - әдістеме) 7, 37-тармақтарына сəйкес, нарықтық құнды белгiлеу кiрiстiк, шығындық жəне салыстырмалы тəсілдерге топтастырылған бағалау əдiстерiн қолдану арқылы жүргiзiледi.
Бұл жағдайда бағалау салыстырмалы тәсіл арқылы жүзеге асырылған және бағалау стандарты өзара салыстыруға келмейтін объектілермен салыстырылған.
Бірінші сатыдағы сот, шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысына тиісті құқықтық баға бермеген.
Жоғарыда көрсетілгендей даулы жер учаскелеріне қатысты жер пайдалану құқығы С[...] сатып алынбаған, бұндай жағдайда жер учаскелерін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарудың Жер кодексінің талаптары бойынша өзге рәсім көзделген.
Жергілікті сотпен материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған. Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, жергілікті сот актісінің күші жойылып, жер учаскелері мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылуға жатады деп есептейді.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 19 қазандағы шешімінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы Тараз қаласының әкімінің жер учаскесінің өтемақы көлемін белгілеп, мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.