№6001-23-00-6ап/1694
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Д. Өмірәлиев, жауапкер өкілі Ж[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қ[...] жауапкер «Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) комиссиялық шешімді заңсыз деп танып, күшін жою және грант бөлуді міндеттеу туралы,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы шешімімен Қ[...] талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 171-бабына сәйкес әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысымен бекітілген 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру Қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 14-тармағына сай бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 000 000 теңгеге дейін құрайды.
Қағиданың 19-тармағына сәйкес өңірлік үйлестіруші гранттар беру жөніндегі жеке қаржыландыру жоспары бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны веб-порталда орналастырады.
Басқармамен бизнес-идеяларды қаржыландыруға мемлекеттік гранттар беру мақсатында кәсіпкерлерді іріктеу үшін конкурс өткізілген.
Талап қоюшы аталған конкурсқа қатысу үшін өтінім беріп, онда өзінің жаңа бизнес-идея ретінде токарлық цехын ұсынған.
Аталған өтінім Басқарманың жанындағы конкурстық комиссия мүшелерімен жан-жақты қаралып, талап қоюшының бизнес-жоспарын бағалауды Қағиданың 5 - қосымшасымен көзделген бағалау өлшемшарттары бойынша жүргізіп, нәтижесінде комиссияның 2022 жылғы 26 тамыздағы хаттамалық шешімімен бизнес-идея мақұлданбаған. Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, комиссиямен мүшелерімен Қ[...] өтініші бүгінгі қолданыстағы заң аясында қаралған және оны қарау барысында заң бұзушылық орын алмаған деген заңды әрі негізді тұжырым жасаған, себебі шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия отырысының шешімі әкімшілік рәсімдерде көзделген қағидаттар негізінде қабылданған.
Сотта даулы хаттама және бейне жазба жан-жақты зерттеліп, Басқарма тарапынан мөлшерлестік принціпі бұзылмағаны, комиссия құрамында бес мүшесі қатысқандығы анықталған.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні жергілікті соттардың сот отырысында берілген түсіндірмелерімен және қорытындыларымен дәйектелген. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттар тиісті құқықтық баға берген. Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескеріп және іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.