№6003-25-00-2к/4925,4925(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов,
талап қоюшы Р.Мекембекулының және оның өкілі С.Аблаевтың, жауапкердің өкілі Н.Абдыразаковтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Рахымжан Мекембекулының жауапкер Түркістан облысының білім басқармасының «Сарыағаш ауданының білім бөлімі» мемлекетттік мекемесіне жұмыстан босату жөніндегі бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Р.Мекембекулы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы соттар істің мән-жайларын толық анықтамағанын, бұйрықты шығаруға жеткілікті құқықтық негіздер болмағанын, аудит қорытындысы негізсіз жасалғанын, өзіне қатысты қабылданған шешім заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Р.Мекембекулы Түркістан облысының білім басқармасының «Сарыағаш ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Білім бөлімі) қарасты №15 Шәмші Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры қызметін атқарған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2023 жылғы 17 наурыздағы №06-16/808 аудиторлық қорытындысына сәйкес талап қоюшы 2020–2022 жылдар аралығында өзіне тиесілі «педагог-зерттеуші» санатының орнына «педагог-шебер» санатын көрсету арқылы жалақыны артық алғаны анықталған. Нәтижесінде оған 223,6 мың теңге мөлшерінде бюджет қаражаты артық төленген.
Осыған байланысты Білім бөлімінің 2023 жылғы 18 сәуірдегі №12-ЖҚ бұйрығымен талап қоюшы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - ЕК) 52-бабы 1-тармағының 13), 16) тармақшалары негізінде мектеп директоры лауазымынан босатылып, математика пәнінің мұғалімі қызметінде жұмыс атқарған.
Іс құжаттарындағы талап қоюшының 2023 жылғы 5 сәуірде берген жазбаша түсініктемесінде соңғы аудиторлық тексеру барысында анықталған артық төлемді мойындап, қаражатты мемлекетке қайтаруға дайын екенін көрсеткен.
Кейіннен көрсетілген қаражат бюджетке қайтарылған.
Сонымен қатар талап қоюшы аудит қорытындысының заңдылығын даулап әкімшілік сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен аудит қорытындысының талап қоюшыға қатысты бөлігі заңды деп танылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғанын негізге алған.
Соттың анықтауынша, талап қоюшы 2023 жылғы 18 сәуірде мектеп директоры қызметінен босатылған және осы кезден бастап өзінің құқықтарының бұзылғанын білген. Алайда ол сотқа тек 2025 жылғы сәуірде, яғни екі жылдан кейін жүгінген.
ЕК-нің 160-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек даулары бойынша жұмыскер өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл ішінде сотқа жүгінуге құқылы.
Сот талап қою мерзімін қалпына келтіруге негіз болатын дәлелді себептер ұсынылмағанын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, іс бойынша мән-жайлар толық анықталғанын және материалдық әрі процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғанын көрсетіп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Кассациялық сот алқасы соттардың бұл тұжырымдарымен келіседі.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілердің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті сот актілері күшінде қалдырылып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.