ВС РК - Постановление от 04.06.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3104 (Административное)

6001-24-00-6ап/3104

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 маусым

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшы Д.Х.Пернеевтің, талап қоюшылардың өкілдері М.Сапарұлының, жауапкердің өкілі Г.С.Нұрмұхамедованың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшылар Жулдыз Жуматаевна Пернееваның, Даурен Хамитович Пернеевтің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына құқықтық қадастрға түзетулер енгізуден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану және құқықтық кадастрға түзетулер енгізуге мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар Ж.Ж.Пернеева мен Д.Х.Пернеев сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әрекетін даулаған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешімімен, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, талап қою қанағаттандырылусыз қалдырылған. Өтінішхат иелері Ж.Ж.Пернеева мен Д.Х.Пернеев іс бойынша бірінші және апелляциялық саты соттарының актілерің заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы талап қоюшылардың өкілі М.Сапарұлының кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкердің өкілі Г.С.Нұрмұхамедованың кассациялық шағымды қолдамайтындығы туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1-тармағына сай жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы, сондай-ақ заңдық талаптар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастр мәліметтеріне сәйкес Астана қаласы, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс (оң жағы) тұрғын алабы, Балқантау көшесі, №92 үй (бұдан әрі – даулы үй) Жулдыз Жамантаевна Пернееваның (бұрын Алиева) және Даурен Хамитович Пернеевтің жалпы бірлескен меншігі болып табылады.

2023 жылғы 8 ақпандағы объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес даулы үй жеке тұрғын үйді қосымшасы бар дәліз түріндегі шағын отбасылық тұрғын үй етіп функционалдық мақсатын өзгертіп реконструкциялау объектісі мемлекеттік тіркеуден өткен. 2024 жылдың 18 наурызында талап қоюшының өкілі Идрисов М.С. жауапкерге 2023 жылғы 8 ақпандағы объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес тұрғын үй ішіндегі 99 пәтерді тіркеуден өткізу мақсатында пәтерлерге құқықтарды орыналастыру туралы арызымен жүгінген. Алайда, 2024 жылғы 19 наурыздағы № 002254951597 хабарламамен жауапкер тарапынан құқықтық қадастрға түзетулер енгізуден бас тарту туралы шешім қабылданған.

Жергілікті соттар, аталған объект көппәтерлі тұрғын үй санатына жатады және өзгеріс енгізу тәртібімен мемлекеттік тіркеуден өткізуге жатпайды. Көппәтерлі тұрғын үйді мемлекеттік тіркеу тәртібі бөлек және жеке тұрғын үйдін қабылдау актісін өзгергеріс енгізіп тіркеуі заңға қайшы деп тұжырымдаған.

Төменгі саты соттарының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді

деп санауға болмайды.

«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 нормативтік қаулысының 6-тармағының талаптарына сәйкес, шешім процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестікте шығарылғанда немесе қажет жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтін заңды қолдануға негізделгенде не заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасынан, адалдық, ақылға қонымдылық пен әділдік талаптарынан туындағанда заңды болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда, бірыңғай мемелекеттік жылжымайтын мүлік кадастр мәліметтеріне сәйкес даулы үй бойынша орналасқан жер учаскесі және 99 пәтерден тұратын дәліз түріндегі шағын отбасылы тұрғын үй толығымен мемлекеттік тіркеуден өткен.

Тіркеуші орган 2024 жылғы 19 наурызда құқықтық кадастрға тұзетулер енгізуді бас тарту туралы хабарламаны келесімен негіздеген: жер учаскесінде орналасқан үй жеке тұрғын үй болып табылады, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес аталған үй көппәтерлі тұрғын үй болып табылады, пәтерлерді тіркеу үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту қажет.

Алайда, дауланып отырған хабарламаны аталған мәселелермен негіздеу Заң талаптарына қайшы болып келеді.

Атап айтқанда, жауапкердің «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сілтеме жасауы негізсіз болып табылады, өйткені осы Заң бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуді және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлерді немесе тұрғын емес үй-жайларды беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлерді немесе тұрғын емес үй-жайларды қабылдауға міндеттенетін қатынастарға қолданылады. Бірақ, талап қоюшылар тарапынан құрылыс олардың күшімен жүргізілген, тұрғын үйді салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасы тартылмаған, демек бұл Заңның нормаларын аталған жағдайға қолдануға болмайды.

Сонымен қатар, бірыңғай мемелекеттік жылжымайтын мүлік кадастр мәліметтеріне сәйкес даулы үй бойынша орналасқан жер учаскесі және 99 пәтерден тұратын дәліз түріндегі шағын отбасылы тұрғын үй мемлекеттік тіркеуден өткен және тіркеуші органның бұл әрекеттері заңсыз болып сотпен танылмаған.

Аталғанға байланысты пәтерлерді тіркеу үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге ешқандай негіздер жоқ, олар бір-біріне байланысты емес, себебі тұрғын үй тіркеуден өткізіліп қойған.

Оған қоса, жергілікті соттар талап қоюды қағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда оны Заңның 32-бабына сілтеме жасап, мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателерді түзету тек тіркеу кезінде жіберілген қателер болса ғана жүзеге асырылады деп негіздеген.

Сот алқасы бұл тұжырыммен келіспейді, өйткені талап қоюышылар тіркеуші органға бұл мәселе бойынша жүгінбеген, Заң талаптарына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың өзгеруі құқықтық кадастрда міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге жатады.

Бұл мән-жайлар жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Заңның 2-1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес, осы Заңның негізгі міндеттері болып жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін және тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру болып табылады.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Сот алқасы, жергілікті соттардың Ж.Ж.Пернееваның, Д.Х.Пернеевтің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға, парасатты және мөлшерлестік қағидатына қайшы қабылданған деп санайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жоюға, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға, Ж.Ж.Пернееваның, Д.Х.Пернеевтің кассациялық шағымын қанағаттандыруға толық негіздер бар деп санайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің

8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құқықтық қадастрға түзетулер енгізуден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылып, құқықтық кадастрға түзетулер енгізу мәжбүрленсін.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова

Көшірмесі дұрыс:

Г.К.Нұрбаев

Г.К.Нұрбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.