ВС РК - Постановление от 12.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1002 (Административное)

№6001-23-00-6ап/1002 №6001-23-00-6ап/1002 (2)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) 2022 жылғы 1 маусымдағы №433 бұйрығының №1 және №2 қосымшаларын заңсыз деп тану және тұрғын үй төлемдерінің айырмасын төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысына талап қоюшы және оның өкілі Б[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда Департамент өзіне тұрғынүй төлемдерін дұрыс жүргізбегенімен негіздеп, жауапкердің осы әрекетін заңсыз деп танып, 2014-2018 жылдар аралығындағы тиісті тұрғын үй төлемдерінің айырмасын төлеуді міндеттеуді сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушылар кассациялық шағымдарында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкердің сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы 2014 жылғы 6 қаңтардан 2022 жылғы 19 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімінде әскери қызмет атқарған.

2014 жылғы 23 қаңтарда әскери бөлім командирының атына баянат жазып, онда тұрғын үйді жалдағаны үшін өтемақы төлеуді сұраған. Аталған баянат 2014 жылғы 23 қаңтарда тұрғын үй комиссиясымен қаралып, мақсатты өтемақыны төлеу туралы шешім қабылданған.

2014 жылдан 2020 жыл аралығында Т[...] барлығы 9 721 646 теңге көлемінде тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы және ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленген.

2019 жылғы желтоқсан айында «Оңтүстік» өңірлік басқармасымен Т[...] және бірнеше әскери қызметшілерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде Т[...] жоғарыда көрсетілген тұрғын үй төлемдері негізсіз төленгені туралы қорытынды жасалған.

2020 жылғы 28 қаңтарда Т[...] қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1- тармағымен қылмыстық іс қозғалып, 2020 жылғы 22 маусымдағы аталған қылмыстық іс бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатылған.

Т[...] 2020 жылғы 11 маусымда Департамент бастығының атына баянат жазып, онда өзін тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін тіркеуге қоюды сұраған.

2020 жылғы 23 маусымдағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған.

2022 жылғы 12 қаңтарда Т[...] Департаменттен өзіне қызмет атқарған уақыттарына заңға сәйкес біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеуді сұраған.

2022 жылғы 3 наурыздағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен Т[...] төленуге тиіс тұрғын үй төлемдерін 2018 жылғы 6 қазаннан бастап төлеу туралы шешім қабылданып, 2018 жылғы 6 қазаннан 2022 жылғы 19 қаңтар аралығына есептелген жалпы 13 580 909 теңге негізгі сомадан бұрын жүзеге асырылған 9 953 173 теңге тұрғын үй төлемдерін шегере отырып, Т[...] жалпы сомасы 3 627 736 теңге тұрғын үй төлемі жүргізілген.

Бұл шешіммен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 101-3-бабының 1-тармағынан анықталғандай, арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілерге, егер олар өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізген болса, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, даулы әкімшілік акт Департаменттің шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын көрсеткен. Осыған қоса, талап қоюшының меншігінде 2008 жылғы 12 наурыздан 2012 жылғы 30 қаңтар аралығында Сарыағаш қаласы, [...] тұрғын үйі болғаны, сонымен қатар, жұбайы Б[...] меншігінде 2008 жылғы 29 тамыздан 2013 жылғы 5 қазан аралығында Сарыағаш қаласы, [...] тұрғын үйі болғаны анықталған.

Кассациялық шағымдар өздерінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Т[...] және оның өкілі Б[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.