6001-21-00-6ап/64
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 25 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы:
құрамында төрағалық етуші - судья С.У. Баймаханов,
судьялар - Б.Т. Нажмиденов, Д.А. Токмурзина болып,
талап қоюшы М[...], талап қоюшының өкілдері С[...], К[...], жауапкер Н[...], жауапкердің өкілі Н[...], «Отбасы банк» АҚ-ның сенімді өкілі Қ[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы М[...] Атырау облысы атқару округінің жеке сот орындаушысы Н[...] қаулысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Атырау қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысына келіп түскен талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
М[...] талап қою арызында жеке сот орындаушысы Н[...] «Отбасы банк» АҚ-дағы өз шотынан 733 606 теңге өндіріп алу, алынған ақшаны қайтаруға мәжбүрлеу, 733 606 теңге материалдық залалды өндіріп алу жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен күшінде қалдырылған Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
М[...] жергілікті соттардың шешімі мен қаулысында жасалған тұжырымдармен келіспей, кассациялық шағымында мынадай уәждер келтірген.
Ж[...] Н[...] атқарушылық іс жүргізудің басталғаны туралы тиісті түрде хабардар етпеген және атқарушылық іс жүргізумен таныстырмаған. Сот орындаушысының «Қазпошта» АҚ арқылы жіберген жазбаша хабарламасын М[...] 2021 жылғы 7 маусымда алған.
Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуге байланысты ешқандай түсініктеме бермеген, банктердегі барлық ақша қаражатына инкассалық өкімдерді жіберген, жағдайды нақтыламай және түсініктеме беру мүмкіндігінсіз, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) 28-бабының 1-тармағын бұза отырып, хабарландыру жібермеген.
«Отбасы банк» АҚ-ның шотынан қаражат өндіріп алу талап қоюшының конституциялық құқықтарына нұқсан келтірген, себебі бұл қаражат тұрғын үй сатып алу үшін жинақталған, ал жауапкердің іс-әрекеттерінің салдарынан талап қоюшы шоттағы қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты тұрғын үй сатып алу жөніндегі бағдарлама кандидаттарының негізгі тізіміне кірмеген.
Кассациялық шағым туралы пікірде жауапкер Н[...] даулы сот актілерін олардың негізділігі мен заңдылығына байланысты өзгеріссіз қалдыруды сұрайды.
Сот алқасы өз шағымының уәждерін қолдаған талап қоюшының түсіндірмелерін, дау айтылып отырған сот актісімен келісіп отырған жауапкердің түсіндірмелерін тындап, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, өтініш пен пікірдің уәждерін талқылап, мынадай тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым беру тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзушылықтары сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады. Бұл іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.
Іс бойынша анықталғандай, Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы М[...] А.Б. Ергалиевтың пайдасына 696 640 теңге материалдық залал, 6 966 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу үшін сот шығындары және 30 000 теңге сот шығындары барлығы 733 606 теңге өндірілген.
2021 жылғы 13 мамырда сот көрсетілген азаматтық іс бойынша атқару парағын берген.
2021 жылғы 18 мамырда қаражатты өндіріп алу бойынша №255/21-23-3643 атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Жауапкер 2021 жылғы 18 мамырда талапкердің ұялы телефонына атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы хабарлама жіберіп, сондай-ақ 2021 жылғы 21 мамырда пошта арқылы талапкердің атына хат жолдаған.
Бұдан басқа, жауапкер 2021 жылғы 18 мамырда талапкердің жұмыс орнына еңбекақысы мен табыстың басқа түрлерін өндіріп алу туралы қаулы жолдаған. Сондай-ақ 2021 жылғы 18 мамырда банк шоттарының нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты, банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу туралы қаулы шығарылып, оған прокурор санкция берген және орындауға жіберілген. Көрсетілген қаулыны орындау барысында екінші деңгейдегі банктер талап қоюшының шоттарындағы ақша қаражатының болуы жөнінде мынадай ақпарат берген:
«Kaspi Bank» АҚ-да 680 069 теңге,
«Отбасы банк» АҚ-да 1 767 195 теңге,
«Банк Хоум Кредит» АҚ-да 3 044 210 теңге,
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ-да 1 649 теңге,
«Сбербанк» АҚ-да 887 теңге.
Талапкердің екінші деңгейдегі банктердегі осы шоттарына инкассалық өкімдер қойылған және 2021 жылғы 1 маусымда «Отбасы банк» АҚ инкассалық өкімді орындап, жауапкердің шотына 733 606 теңге аударған. Өз кезегінде, аталған қаражатты жауапкер өндіріп алушыға аударған. Осылайша, 2021 жылғы 2 маусымда № 255/21-23-3643 атқарушылық іс жүргізу толығымен орындалған.
Заңның 47-бабы 4-абзацының 4-тармағында сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаумен бір мезгілде осы заңда көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады деп көзделген.
Жоғарыда көрсетілген Заңның 32-бабына 2-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес, шаралардың бірі борышкердің банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы мен мүлкіне тыйым салу болып табылады, ал осы баптың 3-тармағында қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудің бірнеше түрі қолданылуы мүмкін деп көзделген.
Осы Заңның 27-бабының 1-тармағына сай атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер туралы және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабарламамен хабардар етіледі, мұны іс материалдарына сәйкес жауапкер жасаған.
Атқарушылық әрекеттер жасалғаны туралы не атқарушылық іс жүргізуге қатысушыға қандай да бір түсініктеме жүргізілгені туралы алдынала хабардар ету қажеттігі туралы осы Заңда ешқандай талаптар қамтылмаған.
Заңның 27-бабы 1-тармағының 2-абзацында атқарушылық құжат дереу орындалуға жататын жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салынған және өзге де қамтамасыз ету шаралары қабылданған кезде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасауға және бұл туралы атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға алдын ала хабарламай, мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы екендігі көрсетілген.
Осылайша, жауапкердің бұл әрекеттері заң мен талап қоюшының құқықтарын бұзбайды.
Істі қараған соттар «Отбасы банк» АҚ-ның шотындағы ақша қаражатын өндіріп алудың заңсыздығы туралы мәселе бойынша бұрын талап қоюшының «Отбасы банк» АҚ-ның шотындағы қаражаты тұрғын үй төлемдерінің жинақталған сомасы болып табылмағанын анықтады, мұны «Отбасы банк» АҚ- ның өкілі растады және оны талап қоюшы даулаған жоқ. Осыған байланысты, соттар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 101-8-бабы бұл жағдайда қолданылмайды, ал осы сомаларды өндіріп алмау үшін өзге де негіздер жоқ деген дұрыс тұжырым жасаған. Осыған орай сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы шешімі және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.У. Баймаханов
Судьялар Б.Т. Нажмиденов
Д.А. Токмурзина Б.Т. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.