ВС РК - Постановление от 13.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3392 (Административное)

6001-23-00-6ап/3392

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13 маусым

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер Т[...] және оның өкілі А[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкер Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Т[...] электронды аукцион қорытындысын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қазандағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы И[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде автокөлігінің бағалау қорытындысы туралы ақпарат берілмегенін, нәтижесінде жеке автокөлігі екі есе төмен бағаға сатылып, қарызының тек жартысы ғана өтелгенін көрсеткен.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.

Б[...].И[...] өндіріп алушы «KMF» Микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нің (бұдан әрі - Серіктестік) пайдасына қарыз өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша 2023 жылғы 6 маусымда өткізілген электронды аукцион қорытындысы жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Ж[...].Т[...] және оның заңды өкілі А[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, И[...] 2021 жылғы қараша айында Серіктестіктен KIO RIO автокөлігін 6 300 000 теңгеге 7 жыл мерзімге ай сайынғы 170 000 теңге төлеммен несиеге сатып алған. И[...] несиені өтеу бойынша өз міндеттемелерін бұзып, несие нысанасын қайтару жөніндегі міндеттемелерін толық орындамауына байланысты Серіктестік қарыз сомасын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгініп, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2022 жылғы 9 желтоқсандағы шешімімен И[...] Серіктестіктің пайдасына 6 660 443 теңге қарыз соммасы және 199 813 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.

2023 жылғы 19 қаңтарда сот орындаушымен атқарушылық өндіріс қозғалып, борышкердің атына тіркелген 2014 жылы шығарылған, KIO RIO маркалы, ақ түсті, мемлекеттік нөмірі [...] автокөлігі сатуға шығарылған. «BQ[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 7 ақпандағы №23/0021 есебіне сәйкес автокөлік 5 100 000 теңгеге бағаланған.

2023 жылғы 30 наурыз сағат 10.00-ге электронды аукцион тағайындалған, алайда жеткілікті қатысушылардың болмауына байланысты аукцион өткізілмеді деп танылған. Бұл туралы борышкерге хабарлама және электронды аукцион нәтижесі пошта арқылы жолданған.

Екінші рет электронды аукцион 2023 жылғы 6 маусым сағат 10:30-ға тағайындалған, алайда, борышкерге бұл туралы хабарлама 2023 жылғы 29 мамырда дайындалып, көрсетілген мекенжайға 2023 жылғы 19 маусымда жеткізілген, яғни аукцион өткізіліп кеткен соң жеткізілген.

Электронды аукцион хаттамасына бойынша даулы автокөлік 3 417 000 теңгеге сатылып, 2023 жылғы 9 маусымда жеңімпаз Ж[...] сатып алу – сату келісім шарты жасалған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы Т[...] талап қоюшыға соттың осы атқарушылық өндірісі бойынша өткізілетін электронды аукционның 2023 жылғы 6 маусымға сағат 10:30-да тағайындалғаны туралы борышкерге хабарламаны алдын-ала табыстамаған, соның салдарынан оның құқықтары бұзылған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын заңды әрі негізді деп табады, себебі Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 74-бабы 2- тармағына сәйкес сот орындаушысы мүлікке тыйым салынғаннан және бағалау жүргізілгеннен кейін және мүлік өткізілгенге дейін бір мезгілде бағалау туралы есеппен таныстыра отырып, борышкерге оның жазбаша өтініші бойынша бір айдан аспайтын мерзімде тыйым салынған мүлікті жасалған күнінен бастап бір жылдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау құнының жетпіс бес пайызынан төмен емес құны бойынша дербес өткізу құқығын береді.

Заңның 126-бабы 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Жергілікті соттардың И[...] талап қою арызы толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды. Бірінші саты сотымен талапкер И[...] сотқа талап арыз беру мерзімін негіссіз қалпына келтірді деген уәжін сот алқасы негіссіз, заң нормаларына қайшы деп таниды, себебі АПК-нің 126-бабының 7- тармағында процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайтыны көрсетілген.

Кассациялық шағым иесінің басқа уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері күшінде, жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.