Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-2к/4472(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,
судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,
прокурор Л.Е.,Жоламанова, талап қоюшының өкілі А.А.Исатаев, жауапкердің өкілі Н.М. Касымбеков, үшінші тұлғаның өкілі Н.Керімбек бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Асильбек» шаруа қожалығына берген, басшысы Нарметов Эльдор Ахматжанович, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар: «Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесі, Түркістан облысының ветеринария басқарамасының «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны, негізсіз төленген субсидия қаржысын өндіру туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысына жауапкердің өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) талап қоюында жауапкерге субсидия қаржылары оның ұсынған шындыққа сәйкес келмейтін деректері негізінде заңсыз берілгенін көрсетіп, одан негізсіз төленген 20 575 300 теңге субсидияны кері өндіруді сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкер «Асильбек» шаруа қожалығынан мемлекет пайдасына 20 575 300 теңге субсидия қаражаты және 617 259 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.
Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының және үшінші тұлғаның өкілдерінің қарсы пікірлерін, прокурордың сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық
нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 7- бабына сай, азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабының 26-3 тармақшасына сай, субсидиялау – бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, субсидияларды нақты алушыларды өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржыландыру болып табылады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №108 бұйрығына (бұдан әрі - Қағида) сәйкес, субсидиялау тәртібі электронды түрде арнайы жүйе арқылы жүргізіледі. Қағиданың талаптарына сәйкес, тауар өндіруші өтінімін толтыру барысында ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растайтыны және дұрыс емес мәліметтер ұсынғаны үшін жауапкершілік туралы хабардар екені, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ, дербес деректерді және өзгеде ақпаратты сақтауға, жүктеп алуға және пайдалануға келісімін электронды сандық қол қою арқылы береді.
Қағиданың қосымша талаптарына сай тауар өндіруші субсидияланған аналық және еркек мал басының табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді, жарамсыздарын қоспағанда, белгіленген мерзім ішінде, яғни отандық немесе шет елден сатып алған малын – 2 жыл, селекциялық - асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде қатыстырған аналық мал бастарын – 1 жыл сақталуын қамтамасыз етуге, ал осы талап орындалмаған жағдайда субсидияларды сақталмаған мал бастарына сәйкес қайтаруға міндеттеме қабылдайды.
Қағидада төленген әрбір субсидияның негізі - өтінім және өтінімде көрсетілген мал басының жеке сәйкестендіру нөмірі, жасы, тұқымы, тиісті палата берген асыл тұқымды куәлігінің нөмірі, сатып алу-сату келісім шарттарының нөмірі болатыны бекітілген.
Жауапкер асыл тұқымды ірі қара малдың тауарлық аналық селекциялық асылдандыру жұмыстарына 2020 жылғы 30 маусымда субсидия алу үшін 184 бас ірі қара мал басына өтінім беріп, 1 840 000 теңге алған, 2020 жылғы 5 мамырда қазақтың ақ басты 20 бас асыл тұқымды бұқаларына субсидия алу үшін өтінім беріп, 3 000 000 теңге алған.
Сонымен қатар, жауапкер 2019 жылғы 18 маусымда қазақтың ақ басты 4 бас асыл тұқымды бұқаларына субсидия алу үшін өтінім беріп, 600 000 теңге алған, 2020 жылғы 25 қарашада 1997 бас қойлардың тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізгеніне субсидия алу үшін өтінім беріп, 4 992 500 теңге алған, 2021 жылғы 29 сәуірде 496 бас ірі қара малдың тауарлық аналық бастарына субсидия алу үшін өтінім беріп, 4 960 000 теңге алған.
Сондай-ақ, жауапкер 2019 жылғы 23 желтоқсанда 87 бас бұқашықты бордақылау алаңдарына өткізгені үшін сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1 000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін өткізілген немесе ауыстырылған бұқашықтардың құнын арзандатуға субсидиялар алуға өтінім беріп, 5 182 800 теңге алған.
Жауапкер өтінімдер беру барысында Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес субсидияланған аналық мал басының жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге, сақталуы қамтамасыз етілмеген жағдайда, алынған субсидияларды қайтаруға келісетінін өзінің электронды-цифралық қолтаңбасын қою арқылы растаған.
Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен (осыдан әрі - Департамент) Басқармаға қатысты «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2023 жылғы 18 шілдеден бастап, 2 рет уақытша тоқтатылып, қайта жаңғыртылып, субсидия алу өтінімін және оның негізінде мемлекеттен төленген субсидиялардың нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне мемлекеттік аудит жүргізіліп, 2024 жылғы 19 наурызда №61 аудиторлық есеп жасалған.
Аудиторлық тексеру нәтижесінде «Асильбек» шаруа қожалығы субсидия алынған мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерін сақтамағаны, жауапкердің мал басы (ИСЖ) базасынан алынған мәліметтерді салыстыру барысында шаруашылықта мал бастары болмағаны, яғни субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі базасынан мал бастары бір жыл толмай есептен шығарылғаны анықталған. Сондай-ақ, аудиторлық есепте жауапкердің ветеринарлық бекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларына АШЖБ (ИСЖ) дерекқор базасына тіркеуге және шығаруға өтініштер бермегені, ветеринариялық іс-шаралар жүргізбегені көрсетілген.
Осылайша, жауапкердің жоғарыда аталған 6 өтінімі бойынша малдарының белгіленген мерзімдерде иелігінде болмағаны, субсидия алу үшін ұсынған құжаттардағы деректердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған.
Одан басқа, 2024 жылғы 13 наурызда бақылау өлшемі (қарап тексеру) актісіне сәйкес «Асильбек» шаруа қожалығында асыл тұқымды ірі қара малдар, асыл тұқымды уақ малдар, асыл тұқымды бұзаулар, асыл тұқымды таналар, асыл тұқымды аналық бас малдары жоқ екені анықталған.
Департамент осы негізде 2024 жылғы 21 мамырда №04-20/2288 нұсқама шығарып, онда жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жоюды ұсынған.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Қазақстан Республикасының Заңының 25 - бабының 1 - бөлігіне сай, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өздері аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады. Департаменттің нұсқамасы шағымдалмаған, заңды күшінде, тексеру объектісімен орындалуы міндетті.
Субсидия бөлудің түпкілікті мақсаты ауыл шарушылығына қолдау жасау, осы мақсатта ауыл шарушылығының малдарын асыл тұқымдандыру үшін субсидиялау болған. Осы орайда малдарды селекциялық жолмен асылтұқымдандыруға кемінде бір - екі жыл мерзім қажет болатыны ескерілген. Өз кезегінде шаруа қожалығы отандық немесе шет елден сатып алған малдарды 2 жыл бойы, селекциялық-асылтұқымдық жұмыс жүргізу кезінде қатыстырған аналық мал бастарын бір жыл бойы шаруашылықта сақтауға міндеттеме алады. Бұл міндеттеме орындалмаған жағдайда субсидиялау шарттары бұзылған болып танылады, сондықтан субсидия өз мақсаты орындалмағаны себепті кері қайтарылуға жатады.
«Асильбек» шаруа қожалығының басшысы Қағиданың осы талаптарымен келісіп, өтінім беру арқылы субсидия алған, алайда, субсидиялау талаптарын орындамаған, демек, жауапкер алынған субсидияны қайтаруға міндетті. Бұл мән - жайлар аудит есебімен дәлелденген.
Жауапкердің өкілінің талап қоюдың ескіру мерзімі өтіп кеткені жөніндегі уәжін соттың негізсіз деп танығаны да орынды, себебі, талап қоюшыға жауапкердің субсидиялау шартын орындамағаны Департаменттің 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есеп негізінде белгілі болған, сондықтан талап қоюдың ескіру мерзімінің ағымы осы датадан басталады. Осыған дейінгі уақытта шаруа қожалағының тапсырып отырған есептері (мәліметтері) шындыққа сәйкес келмейтінін талап қоюшының білгені дәлелденбеген, талап қоюшы шаруа қожалығында тексеру жүргізуге міндеті болмаған, яғни жауапкердің есептерінің жалған екенін білуге тиіс болмаған.
АК-тің 180-бабы 1-тармағына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Сондықтан бұл дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі қолдануға жатпайды.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, оларға қатысты тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешім және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкердің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.