Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2168 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2168

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 23 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

аудармашы Р.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі Ә.М. Исинаның, жауапкер К.А.Акшалованың, талап қоюшының жағында даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» өкілі Г.С.Нурмухамедованың, «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Б.Сабыржанованың қатысуларымен,

талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің жауапкер Кайни Абуевна Акшаловға мұрагерлік құқығы туралы куәлік алуға және меншік құқығын тіркеуге мәжбүрлеу туралы электронды азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Астана қаласы әкімдігі (бұдан әрі-әкімдік) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған, жауапкер К.А. Ақшалованы Астана қаласы, Абай даңғылы, 15/1 үй, 5 пәтер мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21:319:026:538:15/1:5, жылжымайтын мүлікке мұрагерлік құқығы туралы куәлік алсын, осы мүлікке меншік құқығын тіркесін деп шешім еткен.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер К.А.Акшалова кассациялық шағымында және толықтыруларында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, Астана қаласы, Абай даңғылы, 15/1 үй, 5 пәтер мекенжайы бойынша авариялық тұрғын үй (бұдан әрі- объект) 2014 жылғы 30 шілдедегі сатып алу-сату шарты негізінде Нұржан Әбуұлы Ақшаловқа тиесілі.

2022 жылдың 22 қазанда Н.Ә.Ақшалов қайтыс болды, ал 2023 жылғы 12 сәуірде жауапкерге мүліктік емес құқықтары мен міндеттеріне заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлік берілген. Сонымен қатар, «Банк Центр Кредит», акционерлік қоғамы (бұдан әрі-АҚ), «Kaspi bank» АҚ, «Jusan bank» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Халық банк» АҚ ақша сомасына, зейнетақы жинақтары және автокөлікке заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлік берілген.

Талап қоюшының аталған талап қоюмен жүгінудің негізі ретінде ғимараттың апаттық жағдайы, жақын маныңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарының өміріне қауіп төнуі және объектінің физикалық бұзу жоспарлануы деп көрсеткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 және 2023 жылғы 9 ақпандағы № 510-211 қаулыларын жүзеге асыруға кедергі болып отыруымен негіздеген. Жауапкер құқықтық кадастрда көрсетілген объект туралы мәліметтердің дұрыс еместігіне байланысты мұрагерлік құқықтарды ресімдеуден бас тартқан.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде келесі мән-жайларға назар аударған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген 2023-2029 жылдарға дейін Тұрғын үй-комуналдық инфрақұрылымын дамыту концепциясын іске асыру, Астана қаласы әкімдігінің «Реквизиция тәртібімен жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы» 2023 жылғы 9 ақпандағы № 510-211 қаулысының шеңберінде Астана қаласы, Абай даңғылы, № 15/1 үй мекенжайында орналасқан авариялық үй құрылысы жер учаскесімен бірге реквизиция тәртібімен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.

Астана қаласында авариялық тұрғын үйді бұзу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 1225 қаулысымен бекітілген Астана қаласының авариялық тұрғын үйлерін жаңарту және жаңғырту бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады және Астана қаласында авариялық үйлерді сүріп тастау әкімдік бөлген жер учаскелерінде тұрғын үй құрылысын жобалау мен салуды уәкілетті ұйымның ұйымдастыруын, салынған тұрғын үйлер үлесін қаланың коммуналдық меншігіне беруді, сондай-ақ ЖАО-ның авариялық тұрғын үйлердің меншік иелерін көшіру үшін нарықтан тұрғын үй сатып алуды көздейді.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыру жөніндегі комиссияның 2023 жылғы 23 мамырдағы шешіміне сәйкес (№ 1 хаттама), Н.Ә.Ақшаловтың құқық мирасқорларының болмауына байланысты жаңа тұрғын үй беру мәселесіне рұқсат етілмеген.

Қазіргі таңда, К.А.Акшалова мұраның бір бөлігін қабылдаған, сондай-ақ мұра қалдырушының мүлкін иеленіп және пайдаланып отыр, яғни мүлікті ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруда.

Жауапкердің мұраның қалған бөлігіне мұрагерлік құқықтарды тиісті түрде ресімдемеуі апаттық жағдайда тұрған ғимарттың маныңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарының өміріне қауіп төндіруде, сондықтан объектінің физикалық бұзу жоспарланудың уақытылы орындалмауда.

Сонымен бірге, К.А.Акшалованың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден жалтаруы, яғни әрекеттсіздігі әкімдіктің 9 ақпан 2023 жылғы қаулысының орындалуына кедергі келтіруде, өйткені жоғарыда көрсетілгендей жауапкер болашақта реквизицияланатын не бұзылатын тұрғын үйдің орнына өтемақы алу кезінде оның құқықтарының бұзылуына әкеп соғатындығын ескеру қажеттілігін бірінші сатыдағы сотпен назарға алынып, талап қоюды қанағаттандырған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Кассациялық сот аталған мән-жайлардың негізінде, жауапкер К.А.Акшалованың азаматтық құқықтарын қорғау және басқа тұлғаларға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмеу мақсатында шығарылған бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды деп есептейді.

К.А.Акшалованың құқықтық кадастрда көрсетілген объект туралы мәліметтердің дұрыс еместігі Қазақстан Республикасының Заң нормаларының бұзылуына әкеп соғады деген уәжі негізсіз.

К.А.Акшалова құқықтық кадастрда объектін мәліметтері дұрыс еместігіне байланысты әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген. Алайда арыз төменде көрсетілген соттармен әкімшілік талап қою арызы қайтарылған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен (бұдан әрі - Жоғарғы сот қаулысы) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Жоғарғы сот қаулысында өзгертілген мекенжайдағы деректер мұраны алуға кедергі жасамайтындығы жөнінде нақты көрсеткен.

АПК-нің 76-бабының 2-бөлігінде соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

К.А.Акшалованың құқықтық кадастрда №21:319:026:538: 15/1 :5 жарамсыз болып табылады деген уәжі негізсіз, өйткені құқықтық кадастрда

көрсетілген (15/1) мәлімет объектінің мекенжайын немесе мұраны алуға әсер етпейді.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актілерінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актілерін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.