ВС РК - Постановление от 28.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1586 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 28 қараша 6001-24-00-6ап/1586 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Б.Т. Нәжімиденов болып,

мүдделі тұлға «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастыры бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) өкілі С.С.Дабаровтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Марат Ержигитович Ендибаевтың, Болат Ержігітұлы Ендібаевтың, Нұрсұлтан Маратұлы Ержігіттің жауапкер Жетісай қаласының әкіміне (бұдан әрі – әкім) іс-әрекетін заңсыз деп тану, жер теліміне берілген шешімді заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 6 қаңтардағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымына мүдделі тұлға Н.Т.Беркинбаеваның кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 6 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға Н.Т.Беркинбаева кассациялық шағымында бұрын осы талап қою Жетісай аудандық сотының 2022 жылдың 2 қыркүйегіндегі ұйғарымымен сотқа шағымдану мерзімі өткізіп алуына байланысты қайтарылғанын көрсетіп, талап қоюды қайтару негіздемесін өзгертіп, сотқа қайта жүгінуге жатпайтыны жайлы жаңа сот актісін қабылдауды сұраған.

Мүдделі тұлға Н.Т.Беркинбаева мен оның өкілі А.Егізбаев және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Жетісай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің өкілі Б.Атыгаев істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлғалар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшылардың өкілі жоғарыда аталған талап қоюды кері қайтарып алу туралы бірінші сатыдағы сотқа арыз берген.

Осыған байланысты ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес талап қоюы қайтарылған.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

ӘРПК-нің 142-бабына сай сот шешім шығару үшін кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюшы талап қоюды толық немесе бір бөлігінде кері қайтарып алуға құқылы. Талап қоюшы мұндай әрекеттерді өз бастамасы бойынша жасауға құқылы.

Яғни, талап қоюшының мұндай арыз беру құқығы ӘРПК-мен көзделген. Оның бұл құқығы шектелуге жатпайды.

Егер талап қоюшылар осы талап қоюын қайта берген жағдайда соттар мүдделі тұлғаның пікірлеріне құқықтық баға бере алады.

ӘРПК-тің 138-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасаны сай, талап қоюшы берген талап қоюды кері қайтарып алса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 6 қаңтардағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Н.Т.Беркинбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Б. Нәжімиденов

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.