Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 27.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/632 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 27 тамыз №6003-25-00-2К/632 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, талап қоюшы А.Асылбек,

талап қоюшының өкілі А.Аманғалиевтің мобильді бейнеконференцбайланысы арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айдана Алтайқызы Асылбектің жауапкер Жулдыз Нурмуханбетовна Айсаеваға мұрагерліктен шеттету туралы талап қоюмен қабылданған Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымына және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы А.Асылбектің берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен талап қоюды және оған тіркелген құжаттарды қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

А.Асылбек жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымы ұйғарымымен талап қою қабылдаудан бас тартылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы шағымында, жергілікті соттармен процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот ұйғарымдарының күшін жойып, іс бойынша шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағым уәждерін тексеріп, талап қоюшы мен өның өкілінің шағымды қолдаған түсіндірмелерін тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты сот ұйғарымдарының күшін жойып, мәселе Алматы облысы Іле аудандық сотына жаңадан қарауға жіберілуге жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.

Талап қоюшы талабында, 2021 жылғы 20 қарашада қайтыс болған әкесі Алтай Айсаевич Айсаевтан кейін ашылған мұрагерліктен жауапкер Ж.Айсаеваны шеттетуді сұраған.

АПК-нің 151-бабының бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, егер сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі шығарылған дау бойынша, АПК көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса судья талап қоюды қабылдаудан бас тартады.

Алматы облысы Іле аудандық соты талап қоюды қабылдаудан бас тарту жайлы ұйғарымын осы тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер бойынша заңды күшіне енген Іле аудандық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі қабылданғанымен негіздеген.

Сот ұйғарымымен апелляциялық сатыдағы сот келіскен.

Алайда бұрын қаралған азаматтық ісі бойынша талап қоюшы А.Асылбекпен жауапкер Ж.Айсаеваға мұрагерліктен шеттету талабын мұра қалдырушыны күту міндеттерін орындаудан жалтарғанымен (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай – АК) 1045-бабы) негізделген.

Ал, осы іс бойынша А.Асылбек талабында, мұра қалдырушымен неке мұра ашылғанға дейін іс жүзінде тоқтатылғандығы, мұра ашылғанға дейін бес жылдан көп уақыт бөлек тұрғандығын көрсетіп, АК-нің 1070-бабының 2-тармағын негіз ретінде келтірген.

Демек, бұрын қаралған азаматтық істің талабы мен қазіргі іс бойынша талап қоюдың негіздері әртүрлі.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың талап қоюды қабылдаудан бас тартуы процестік заңға қайшы болып саналады. Өйткені осы іс бойынша берілген талап қоюдың негіздемесі бұрын қаралып кеткен іс бойынша талаптың негіздемесінен өзгеше.

Осыған байланысты кассациялық шағым қанағаттандырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымдарының күші жойылсын. Мәселе Алматы облысы Іле аудандық сотына жаңадан қарау үшін жіберілсін.

Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А.Тоқсанбаев

Судьялар

А.Даненова М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.