Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/649 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 сәуір №6003-26-00-2к/649 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Б.Серіковтың бейнебайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер Рабиға Жайбергенқызы Балғабаева жеке кәсіпкерін (бұдан әрі - Кәсіпкер) жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Кәсіпкер жосықсыз өнім беруші деп танылып, одан мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кәсіпкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар

білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.

Басқармамен 2024 жылғы 17 мамырда №12298351-2 «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №121 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, 2025 жылғы 11 ақпанда №13958753-1 «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, 2025 жылғы 28 ақпанда №14125923-1 «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін және №13775456-1, №12412921-1, №12318976-1 балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурстар ұйымдастырылған.

Кәсіпкер осы конкурстарға тапсырылған құжаттамада аспазшы ретінде Г.Б.Иманғалиеваны, А.Кәрібаеваны, Ж.Е.Сарбелді, М.Оразбекованы, Ж.Ж.Боранбаеваны, А.Ж.Алтыруованы, С.О.Көлдееваны, Ж.А.Раисованы, Ф.Ә.Сламованы «5-разрядты аспаз» және диетолог ретінде Ж.И.Ташенованы «Диет мейірбикесі» деп көрсетіп, олардың куәліктерін тапсырып, өтінімдерінде осы деректерді көрсеткен.

Осы конкурстарға қатысушы дара кәсіпкер А.Жумабекованың шағымы бойынша аталған тұлғаларға қатысты куәліктердің шынайылығын анықтау мақсатында Басқармамен оқу орындарына сұрау хаттары жіберілген.

Нәтижесінде, Қызылорда облысының білім басқармасының «Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының 2025 жылғы 27 наурыздағы №86 хатына сәйкес Г.Б.Иманғалиеваға берілген 2013 жылғы 10 желтоқсандағы «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығын V-разрядты «аспазшы» біліктілігі бойынша №0172124 (тіркеу №48) куәлігі тіркеу журналына тіркелмегені, «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 20 наурыздағы №7-01-10/50 хатына сәйкес Қармақшы аудандық №14 кәсіптік-техникалық училищесінің 1992 жылғы, №12 кәсіптік лицейінің 2010 жылғы оқушылар қозғалысының бұйрық кітабында Г.Б.Иманғалиеваның тегі көрсетілмегені, «Қармақшы аграрлытехникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының 2025 жылғы 27 наурыздағы №ЖТ-2025-00874701 хатына сәйкес мұрағаттың аталған жауабына сүйене отырып, 1992 жылғы 9 маусымдағы №061950, тіркеуі №2940 және 2010 жылғы 28 маусымдағы №0153607 (тіркеу №284) аспазшы мамандығы бойынша дипломдардың Г.Б.Иманғалиеваға берілмегені анықталған.

«Абылай Хан» атындағы жоғары колледжінің 2025 жылғы 21 сәуірдегі №399 хатына сәйкес «Тамақтандыру мекемелер маманы» мамандығы бойынша №002816 (тіркеу № 44) куәлік колледжге тиесілі емес екенін және Ф.Ә.Сламова колледж түлегі емес екені, Қызылорда облысының білім басқармасының «И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының 2025 жылғы 18 сәуірдегі №302 хатына сәйкес А.Кәрібаеваға, Ж.Е.Сарбелге және М.Оразбековаға «Тамақтандыру мекемелер маманы» мамандығы бойынша V- разрядты «аспазшы» біліктілігі жөнінде куәліктерінің берілмегені, аталған мамандық бойынша мамандар даярланбайтыны хабарланған.

Сондай-ақ, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі №4111 хатына сай Ж.Боранбаеваға №000099, А.Алтыруоваға №000064, С.Көлдееваға №011773 және Ж.Раисоваға №011772 куәліктердің берілмегені және куәліктерде көрсетілген мамандық колледж тарапынан оқытылмайтыны анықталған.

2025 жылғы 22 сәуірде «Қызылорда медициналық жоғары колледж» мекемесі Ж.И.Ташеноваға «Диет мейірбике» мамандығы бойынша курсын аяқтағаны туралы 2015 жылғы 30 қарашадағы куәліктің берілмегенін, мұндай біліктіліктің жоқ екенін хабарлаған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген білім алушыларды тамақтандыруды қызметтерін сатып алу бөлігінде құқықтық қатынастарды реттейтін «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондайақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» 6-қосымшасына сай Кәсіпкер конкурсқа қатысу туралы келісімді қабылдап, оның 4-тарауына сәйкес конкурстық құжаттамамен танысқандығын, сапалық және өзге де сипаттамалары (жеткізілетін тауарды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) туралы дұрыс емес мәліметтер бергені үшін жауапкершілігі, сондай-ақ тиісті заңдық нормаларда көзделген өзге де шектеулерді сақтау туралы хабардар етілгендігін растайтындығы, конкурсқа қатысу өтінімінде және оған қоса берілетін құжаттарда мұндай дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатындығы туралы келісімін беріп, тиісті түрде электрондық цифрлық қолтаңба қою арқылы оны растаған.

Яғни, Кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшыларға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісінше Кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған мәліметтердің шынайлылығына жауап беруге міндетті.

Бір қатар қызметкерлерге қатысты (А.Кәрібаева, Ж.Е.Сарбел, М.Оразбекова, Ф.Ә.Сламова, Ж.И.Ташенова) ақпарат алған күннен бастап талап қою мерзімінің өтіп кеткені талапты толығымен қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды, себебі Басқарма сотқа бір ғана талаппен, яғни Кәсіпкерді жосықсыз өнім беруші деп тану талабымен жүгінген және басқа қызметкерлерге қатысты (Г.Б.Иманғалиева, Ж.Ж.Боранбаева, А.Ж.Алтыруова, С.О.Көлдеева, Ж.А.Раисова) талап қою мерзімі өтпеген.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сот алқасының тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қарашадағы қаулысы күшінде, жауапкер Рабиға Жайбергенқызы Балғабаева жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.