ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 шілде 6001-23-00-6ап/2701 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар –Е.Ж.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
мүдделі тұлға Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкімдігіне, Түркістан қаласының әкіміне әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 тамыздағы қаулысына талап қоюшы Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б[...] Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №585 қаулысымен, өзінің меншігіне Түркістан қаласы, Бекзат ауданы, 5 квартал, 7 көше, 66 мекен-жайында тұрғын -үй құрылысын салу үшін жалпы алаңы 1 000 шаршы метр жер телімі берілгенін, жер учаскесіне Түркістан қаласының әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен қазығы қағылғанын негіздеп, кейіннен Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №443 қаулысымен Түркістан қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан даулы жер телімінің мүдделі тұлға Б[...] оның өтініші бойынша 2020 жылғы 16 қарашадағы №1292 жер комиссиясының жер учаскесін жалға беру жөнінде оң қорытындысы негізінде, 3 жылға уақытша пайдалану құқығымен жеке тұрғын үй құрылысы үшін, жалпы алаңы 0,1 га жер телімі берілгенін көрсетіп, Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №443 қаулысын заңсыз деп танып күшін жою туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкерлердің өкілдері істі қашықтықтан бейнеконференц байланыс арқылы қарау туралы сотқа өтініш келтірген.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалуына байланысты, сот жауапкерлердің өкілдерінің сот отырысына келмеуі туралы уәждерін дәлелді деп санамайды.
Әкімшілік іс бойынша басқа тараптар сот отырысына себепсіз келмеген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерімен келіспейтін мүдделі тұлғаның пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №585 қаулысымен Түркістан қаласы, [...] телімі мекен-жайындағы жер учаскесі Б[...] жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген, осы қаулыда оның әкесінің аты көрсетілмеген.
2021 жылғы 5 наурыздағы Түркістан қаласының әкімдігінің №443 қаулысы негізінде мүдделі тұлға Б[...] Түркістан қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан кадастрлық №[...], көлемі 0,1000 га жер телімі тиесілі.
Аталған қаулыға сәйкес, мүдделі тұлға Б[...] Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы жер қатынастарын реттеу жөніндегі жер комиссиясының 2020 жылғы 16 қарашадағы №1292 қорытындысы негізінде даулы жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы беріліп, 2021 жылғы 7 сәуірдегі №382 жер телімін жалға беру туралы келісім-шарт жасалған.
Талап қоюшы Б[...] даулы жер телімін ағасы Б[...] екеуі бір жерден көрші болып отырамыз деп алғанын. Ал, өзімен тегі бірдей Б[...] – деген азамат осы негіздерді пайдаланып, аталған даулы жер учаскесіне құжаттарын рәсімдеп алғанын көрсетіп, Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №585 қаулысы оның атына қабылдағанын негіздеп, соттан Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №443 қаулысын заңсыз деп танып күшін жоюды сұраған.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, іс бойынша төмендегі мән-жайларды негізді ескерген.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №585 қаулысының негізінде мүдделі тұлға Б[...] Түркістан қаласының әкіміне жүгініп, жер учаскесін сұраған.
2020 жылғы 16 қарашадағы №1292 жер комиссиясының жер учаскесін жалға беру жөнінде оң қорытындысы қабылданып, Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №443 қаулысымен мүдделі тұлға Б[...] Түркістан қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан жалпы алаңы 0,1 гектар жер телімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін, 3 жылға уақытша өтеулі пайдалану құқығы берілген.
2021 жылғы 7 сәуірінде Түркістан қаласының әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен мүдделі тұлға Б[...] арасында аталған жер телімін жалға беру туралы келісім-шарт түзіліп, тіркеуші органда тіркеуден өткен.
Даулы жер телімі мүдделі тұлға Б[...] жер қатынастар бөлімі мен әкімнің тарапынан Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің талаптарына сай табысталған.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар Е.Өмірәлиев
Әлжанов
Ғ.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.