Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3510 (Гражданское)

№6003-25-00-

2к/3510

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 11 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов, арыз берушінің өкілі Д.С.Мұратбектің, мүдделі тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының өкілі Д.Джулаева, мүдделі тұлғалардың өкілдері Ұ.Қ.Құралбек, М.С.Набиевтің қатысуымен, ашық сот отырысында арыз беруші Малика Байдусеновна Досованың мүдделі тұлғалар «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына, «Forte Bank» акцонерлік қоғамына, «Эксперт плюс» Коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» мемлекеттік мекемесіне, қаржы басқарушы Максат Сейдазимович Набиевке сот арқылы банкроттық рәсімді қолдану және борышкердің сату рәсімін енгізу туралы азаматтық істі арыз берушінің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

М.Б.Досова жоғарыда көрсетілген арызбен жүгінген.

Ордабасы аудандық сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен арыз ішінара қанағаттандырылып, М.Б.Досоваға қатысты сот арқылы банкроттық рәсімі қолданылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылған. Арыз беруші М.Б.Досованың сот арқылы банкроттық рәсімді қолдану және борышкердің сату рәсімін енгізу туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Арыз беруші кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың уәждерін тыңдап, төмендегі тұжырымға келді.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою тұралы тұжырымға «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (әрі қарай - Заң) 6-бабы 2-тармағына сүйеніп келген.

М.Б.Досова 2022 жылғы 29 маусымдағы қарыз шарты (әрі қарай - шарт) негізінде «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамына (әрі қарай - АҚ) - 16 874 756,59 теңге, 2020 жылғы 14 желтоқсандағы шарт негізінде «Forte Bank» АҚ-на 1 027 846,72 теңге, 2022 жылғы 25 тамыздағы шарт негізінде «Эксперт плюс» Коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (әрі қарай - ЖШС) 280 000 теңге, 2020 жылғы 12 желтоқсандағы шарт негізінде «Эксперт плюс» Коллекторлық агенттігі» ЖШС-не - 907 349,31 теңге берешек болған, жалпы берешек сомасы - 19 062 453 теңге, 15 тиынды құрайды.

Бірінші сатыдағы сот М.Б.Досовамен жиырма төрт ай ішінде төлемдер жасамағандықтан, орташа айлық кірісі және мүліктері жоқ, төлемге қабілетсіз болғандықтан сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы талабы қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген.

2022 жылғы 29 маусымдағы «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен М.Б.Досованың арасындағы жылжымайтын мүлікті кепілге беру шартына сәйкес, қарыз шартындағы міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, «Достық» тұрғын ауданы, №109 мекенжайдағы жылжымайтын мүлігін кепліге берген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер М.Б.Досовадан талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның пайдасына 16 909 756 теңге несие қарызы, 509 914 теңге мемлекеттік баж өндіріліп, несие қарыз бастапқы құны 21 170 103 теңге М.Б.Досованың Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, «Достық» тұрғын ауданы, №109 мекенжайдағы кепілдегі жылжымайтын мүлкінен өндіруге шешім етілген.

Сот шешімімен М.Б.Досованың «Банк ЦентрКредит» АҚ алдындағы 16 874 756,59 теңге берешегін даулы мүліктен өндірілгендіктен оның басқа кредиторлар алдында 2 187 696,56 теңге берешегі қалған.

Демек, М.Б.Досованың «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан басқа кредиторлар алдындағы міндеттемелері арыз берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайды.

Бұл ретте, М.Б.Досоваға сот арқылы банкрот рәсімін қолдану сот шешімінің орындалуына кедергі болады.

Заңның 4-бабына сәйкес, азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану заңдылық, әділдік, жариялылық пен ашықтық, мемлекеттік реттеу, азаматтардың адалдығы, салдардың басталуы қағидаттарына негізделеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабы 3,4,5,6,7-тармақтарына сәйкес, азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Арыз берушінің «Банк ЦентрКредит» АҚ алдындағы 16 874 756,59 теңге берешегі сот шешімімен мүлкінен өндірілгенін біле тұра, сотқа сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруі басқа кредиторлар алдындағы міндетемелерді орындаудан жалтару болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде, арыз беруші М.Б.Досованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.