Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/865 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 23 қыркүйек №6003-25-00-2к/865 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья С.К.Нурабай, судьялар С.С.Кененбаев,

Л.Б.Мамырбаева,

жауапкер С.А. Султанбекованың қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Талғар ауданының əкімі жауапкер жеке кəсіпкер Салтанат Абаевна Султанбековаға мемлекеттік меншіктегі жер учаскесінде тұрғызылған коршау жəне контейнерлер түріндегі өз бетімен салынған құрылысты бұзу туралы жауапкер С.А. Султанбекованың Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешіміне, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талғар ауданының əкімі жауапкер жеке кəсіпкер С.А. Султанбековаға жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен ауданының əкімінің талап қоюы қанағаттандырылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер С.А. Султанбекова кассациялық шағымда бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер С.А. Султанбекованы тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдары бойынша Талғар ауданының жер қатынастары бөлімі жауапкердің жер учаскесін тексеру барысында жауапкер өз жер учаскесінің шеңберінен шығып мемлекеттік жер учаскесінде өз бетімен салынған

құрылыс, яғни коршау жəне контейнерлер тұрғаны анықталған.

Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменттың 2023 жылғы 6 қарашадағы № ЖТ-2023-02077924 жауабына сəйкес жауапкерге Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 136-бабымен əкімшілік жаза қолданған. Сонымен қатар, меншік иесі жер заңнамасын бұзушылықты жоюға жəне қоршау жəне контейнерлер түріндегі өз бетімен салынған құрылысты мемлекеттік жерден алуға келісті. Алайда қыс мезгіліндегі ауа-райына байланысты 2024 жылдың мамыр айына дейін уақыт беруін сұрады. Себебі контейнерлер түріндегі құрылыста қазандық пен жылыту, су жүйелерін ауыстыру (демонтаж) мүмкін емес деп дəлел келтірді.

«Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы № 673 бұйрығының 282-тармағына сəйкес, маусымдық жұмыс істейтін газ пайдалану қондырғылары жылу беру кезеңі аяқталғаннан кейін меншік иелерінің немесе оған уəкілетті адамдардың сенімхат бойынша өтінімдерімен газбен жабдықтау ұйымдарының тығындарын немесе пломбасын қойып ажыратылады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты жер заңнамасының бұзылуын жою үшін меншік иесіне 2024 жылдың мамыр айына дейін уақыт берілген.

Алайда, 2024 жылғы 6 маусымда Талғар ауданы, Гүлдала ауылдық округі, Жалын бау бақша серіктестігі, № 14 жер учаскесіне қайта шығу кезінде жауапкер тарапынан мемлекеттік меншікті өз бетінше иелену түріндегі заң бұзушылық жойылған жоқ.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудың негізі ретінде жауапкер жер заңнамасының бұзылғаны анықталған, сондықтан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 244-бабының талаптарына сəйкес өз бетімен салынған құрылыс бұзылуға жатады деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот соттардың мұндай тұжырымы заңды деп есептейді, өйткені Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабының 10тармағының талаптары бұзылған.

Сонымен бірге, Талғар ауданы жер кадастр маманының қортындысында жауапкерге тиесілі жер учаскесінің бұрылыс нүктелері нақты пайдалану бойынша жəне электрондық базамен жер учаскесі көлемі нақты пайдалану 0,0425 га, электрондық базада 0,03603 га кұрайтының, жауапкердің жер учаскесі нақты пайдалану бойынша электрондық базаға енгізу барысында жолға қабаттасқаны анықталғаны, ситуациялық сызба

қосымша тіркелгені көрсетілген.

Мəні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дəлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мəн-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Іс материалдары сотпен толық, жанжақты жəне объективті зерттелген, тараптар ұсынған дəлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкер С.А. Султанбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Нурабай

Судьялар С.Кененбаев

Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.