ВС РК - Постановление от 27.10.2021 по делу 6001-21-00-6КА/1007 (Об административном правонарушении)

6кп-57/21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 27 қазан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар М.Т.Балкен, А.Ж.Рахметулин, прокурор Т[...],

Ақтау қаласы Полиция басқармасының (бұдан әрі - уәкілетті орган) өкілі Б[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлға К[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

К[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен К[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның, прокурордың ұсынуды қолдаған, уәкілетті органның өкілінің қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы К[...] 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасында уақытша тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бірінші сатыдағы сот К[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелерімен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған. Сот К[...] әрекетін ӘҚБтК-нің 517-бабының 4- бөлігі бойынша саралап, ол заңда көрсетілген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден қасақана жалтарған деп көрсеткен. Бірақ уәкілетті орган әкімшілік бұзушылық туралы хаттамада К[...] көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін, үш тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасы аумағынан кетуден жалтарып жүргендігін көрсетіп, ескі редакциядағы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен саралаған. Себебі Қазақстан Республикасы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI Заңмен ӘҚБтК-нің 517-бабына өзгерістер енгізіліп, үш тәуліктен асатын кезең ішінде тұлға кетуден жалтарған болса, оның әрекеті ӘҚБтК-нің 517-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланады.

Алайда сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың шегінен шығып, жауапқа тартылған К[...] жағдайын нашарлатып, он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарғаның көрсетіп, жаңа редакциядағы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен оның әрекетін саралаған. Осы баптың жазалары ескі редакциясындағы бабының жазаларынан ауыр болады, сондықтан қолдануға жатпайды.

ӘҚБтК-нің 5-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін немесе тұлғаның жағдайын өзге түрде нашарлататын заңның кері күші болмайды. Бірақ сот К[...] әкімшілік жауапқа тартқан кезде осы заң талаптарын сақтамаған. Бұл орайда, сот алқасы К[...] әрекеті ӘҚБтК-нің 517-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен саралануға жатады деп есептейді. ӘҚБтК-нің 55-бабының 2 және 3-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша К[...] өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

Сонымен бірге сот қаулыда Қазақстанда жақын туыстары жоқ екенін негізсіз көрсеткен.

К[...] ұлты қазақ, 2019 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасының азаматы Қ[...] некесін мешітте шариғат жолымен қиып, бірге тұрғанын, заңды некеге тіркелу үшін Өзбекстан Республикасында бұрын неке құрмағаны туралы анықтама күтіп отырғанын сот ескермеген.

ӘҚБтК-нің 517-бабының 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша әкімшілік құқықтық бұзушылық жасаған үшін әкімшілік жаза тек он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Сот істі қараған кезде заңның жоғарыда аталған ережелерін тиісті дәрежеде ескермеген.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша К[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысын өзгертіп, оның әрекетін ӘҚБтК-нің 517-бабы 3- бөлігінің 2) тармағымен қайта саралап, 29 170 (жиырма тоғыз мың бір жүз жетпіс) теңге мөлшерінде айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

А. Кыдырбаева

М. Балкен А.Рахметулин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.