Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2073 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2073 ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А.Исполова, талап қоюшының өкілі Ә.М. Жарылқасынның,

жауапкерлер Е.Б. Агментаевтің, Г.Б. Телеуованың, жауапкердің өкілі С.Н. Ауелбекованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «MegaStroi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Елдос Беисенбаевич Агментаевқа, Гульназ Балгабаевна Телеуоваға, Рахымжан Жаманбаевич Нурбековқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына серіктестіктің жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу-сату келісім шарт пен оның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі жауапкердің өкілі С.Н. Ауельбекованың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекеме (бұдан әріБасқарма) «MegaStroi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС, Серіктестік), Е.Б. Агментаевқа, Г.Б. Телеуоваға, Р.Ж. Нурбековқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әріКорпорация) аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестіктің тіркелген мекенжайында болмағанымен және қайта тіркеуден өткен соң заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысу мақсаты болмағанымен негіздеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Жауапкерлер Г.Б.Телеуова мен Е.Б. Агментаев арасындағы «MegaStroi» ЖШС-нің 2023 жылғы 5 тамыздағы жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Жауапкер «MegaStroi» ЖШС-нің 2023 жылғы 17 тамыздағы №544 мемлекеттік қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, Серіктестіктің заңды кәсіпкерлік қызметімен айналасқанын бекітетін дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот алқасы қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс материалдарынан «MegaStroi» ЖШС-гі 2015 жылғы 20 желтоқсанда алғашқы рет Павлодар қаласында мемлекеттік тіркеуден өткені анықталған.

2023 жылы 5 тамыздағы сатып алу-сату келісім шарты бойынша Г.Б.Телеуовадан Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін Е.Б.Агментаев сатып алған. Серіктестік 2023 жылдың 17 тамызында Корпорацияның №544 бұйрығымен Алматы облысы бойынша Іле ауданында қайта тіркеуден өткен.

2024 жылғы 13 наурызда Серіктестік жаңа мекенжайы бойынша Шымкент қаласы, 4 шағын аудан, Б.Исаханов көшесі, №14 үйде тіркеліп, мемлекеттік деректер қорына қайта өзгерістер енгізілген. Заңды тұлғаның

басшысы И.Т.Корганбеков, құрылтайшысы Е.Б. Агментаев болып көрсетілген.

2025 жылғы 9 қаңтардағы сатып алу-сату келісім шарты бойынша Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін И.Т.Корганбеков сатып алған.

2025 жылғы 13 қаңтарда мемлекеттік деректер қорына өзгерістер енгізіліп, Серіктестік жаңа мекенжайы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округі, Ақсу ауылы, Жібек жолы көшесі, 9 үй де тіркелген. Заңды тұлғаның басшысы және И.Т. Корганбеков деп көрсетілген.

Басқарма сотқа талап қоюмен жүгініп, онда 2023 жылғы 5 тамыздағы сатып алу-сату келісім шартын және 2023 жылғы 17 тамыздағы мемлекеттік қайта тіркеуін жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот Серіктестік Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеуге тұрғанына байланысты Басқарманың Серіктестікке талап қоюға құқығы жоқ деген тұжырымға келіп талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Соттың мұндай тұжырымымен апелляциялық сатыдағы сот келіспей, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жана шешім қабылдаған.

Қассациялық сот сот алқасының тұжырымдамасымен толық келіседі.

«Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 Нормативтік қаулысының 12-тармағына сай, заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ басшыны - жеке тұлғаны және (немесе) құрылтайшыны (қатысушыны) көрсете отырып, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) оны таратуға (қайта тіркеуді жарамсыз деп тануға) негіз болып табылады.

Іс материалдарынан Е.Б.Агментаев Серіктестікті оның атына танысы аударғаны, өзі Серіктестіктің атынан ешқандай жұмыстар жүргізбегені туралы түсініктеме бергені анықталды. Яғни Серіктестік мемлекеттік қайта тіркеуден өткен кезде оның қатысушысының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеті жоқ болғандығы іс құжаттарымен бекітілген.

Сонымен қатар, Серіктестіктің 2023-2024 жылдар аралығындағы айналымы 1 468 587 284 теңгені, ҚҚС соммасы 176 230 474 теңгені құраған, ал салықтық жүктеме коэффициенті 0% тең болған. Алайда, Серіктестік аталған айналымда жұмыс жасауға тауарларының, жұмысшыларының, материалдық ресурстарының болғандығын бекітетін дәлелдемелер сотқа ұсынбаған.

Аталған мән-жайларға байланысты алқа дауланып отырған мәміле Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының

1-тармақтарына сай келмейді деген дұрыс тұжырымдамаға келіп, оны жарамсыз деп таныған.

Сонымен қатар, сот алқасы Серіктестіктің мекенжайы ретінде анық емес мәліметтердің ұсынылуы осы заңды тұлғамен қандай да бір байланыстың, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін болғызбайтынын ескерген.

Жауапкердің кассациялық шағымында соттылық қағидалары сақталмаған деген уәждері апелляциялық сатыда қаралып, оған тиісті құқықтық баға берілген. Сот алқасының даудың соттылығы жөніндегі тұжырымдамасымен кассациялық сот толық келіседі.

Жауапкер кассациялық шағымда көрсеткен мән-жайлар сот алқасының тұжырымдарын жоққа шығармайды, олардың негізсіздігі тиісті уәждер келтіріле отырып, сот қаулысында көрсетілген.

Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың уәждерін зерделеп, оларға тиісті құқықтық баға берген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкердің өкілі С.Н. Ауельбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Т. Кадырова

Судьялар А.З. Каирбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.