КСАД РК - Постановление от 23.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/458 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 қыркүйек № 6003-25-00-4к/458 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Д.Н.Нұрлыбаева, Ә.Ж.Назарова болып,

талап қоюшының өкілі Н.М.Касымбековтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Жер-Ана 1» өндірістік кооперативінің жауапкер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жерге орналастыру жобасын бекіту туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Жер-Ана 1» өндірістік кооперативі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Басқармаға Кооперативтің иелігінде болған кадастрлық №19-309-282402 алаңы 46,4242 га жер учаскесінен бөлініп шығарылған алаңы 4,5 га жер учаскесінің жерге орналастыру жобасын бекіту туралы тиісті әкімшілік акт шығару міндеті жүктелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.

Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік – кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы әкімдігінің 2003 жылғы 4 маусымдағы №372 қаулысы негізінде, «Отан ХХІ» өндірістік кооперативінің жерінен 1812,1 га, оның ішінде тәлімі жерден 1261,5 га, жайылымдықтан 550,6 га жер телімі алынып, жер үлесіне сәйкес ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін Кооперативке 49 жылға жалға берілген.

Кооперативпен осы жерлердің ішінен 183,8775 га жер учаскесіне кадастрлық №19-295-107-6822 санды мемлекеттік актісі алынған.

«Шымкент қаласының әкімшілік шекарасын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1110 қаулысына сәйкес, аталған жер учаскесі Шымкент қаласының аумағына еніп, 183,8775 га жер учаскесі 3 жер учаскесіне бөлініп, кадастрлық №19-309-282-400, 19-309282-401 және 19-309-282-402 санды мемлекеттік актілері алынған.

Соның ішінде, алаңы 46,4242 га жер учаскесіне кадастрлық №19-309282-402 санды мемлекеттік актісі алынып, тиісті тіркеуден өткізілген.

2017 жылғы 31 шілдеде Кооператив Шымкент қаласы әкіміне өтініш беріп, аталған жерді екіге бөліп беруді сұраған.

Ары қарай, аталған жер учаскесі екі бөлікке бөлініп, жердің бір бөлігі 41,9242 га бөлігіне жерге орналастыру жобасы жасалып, «Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі №45-Ө бұйрығымен бекітіліп, осы алаңды құрайтын жаңа үлгідегі мемлекеттік актісі алынып, тіркеуден өткізілген.

2024 жылғы 3 мамырда талап қоюшы жоғарыда аталған екі бөлікке бөлінген алаңы 46,4242 га жер учаскесінің екінші бөлігі 4,5 га бөлігіне жерге орналастыру жобасын жасақтап, Корпорациямен жер учаскесінің алаңы координаттарға сәйкес келетіні туралы келісімі алынған.

2024 жылғы 29 қазанда жерге орналастыру жобасы Басқармаға бекітіп беруге жолданған.

Басқарманың 2024 жылғы 31 қазандағы дәлелді бас тартуына сәйкес, жерге орналастыру жобасын бекітуден бас тартылған.

Кассациялық сатыдағы сот, Басқарма тарапынан Кооперативке жерге орналастыру жобасын бекітуден негізсіз және дәлелсіз себептермен бас тартқан деген төменгі соттардың үәждерін дұрыс деп санайды.

Себебі, Басқарма талап қоюшыға мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуын Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 151-бабының 4-тармағында белгіленген талаптардың сақталмауымен, №180 Қағиданың талаптарына жатпауымен негіздеген. Дегенмен, №180 Қағиданың 16-тармағына сай жобаланатын жер учаскесінің орналасқан жерінің ЖМБМК АЖ-ның графикалық деректерге сәйкестігіне салыстырып тексеру жүргізу үшін жобаны әзірлеуші Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен (бұдан әрі - №301 Бұйрық) бекітілген "Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жер учаскесінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді.

Жерге орналастыру жобасында жобаланып отырған жер учаскесінің жоспары, шекараларының координаттары мен тараптар ұзындығының жиынтық ведомосі Корпорация жағынан келісілген.

Сондай-ақ, №180 Қағиданың 19-тармағы бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту №301 Бұйрығымен бекітілген "Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған Қағидаларының талаптарына сай Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер: 1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

  1. көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-1-бабы 8-тармағының он екінші және он үшінші бөліктерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

Сотта зерттелген мән-жайларға қарағанда Басқарманың көрсетілген негіздер бойынша талап қоюшыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуына себебі болмаған.

Алайда жауапкер ӘРПК-нің 14-бабында белгіленген формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу қағидатын бұзып, формальды түрде Жер кодексінің 151-бабының 4-тармағына, №180 Қағидаға сілтеме жасап, нақты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуына негіз болатын заң нормаларына сүйенбей, жерге орналастыру жобасын бекіту міндетін орындамаған.

Мұндай жағдайда Басқарманың әрекеттерін заңды деуге болмайды.

Жауапкердің Корпорацияның жауабы бойынша 46,4242 жер учаскесі тіркеуден өтпеген деген уәжі сотта зерделенген құжаттарға сай өз дәлелін

тапқан жоқ.

Сонымен қатар Басқарманың Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі №Б-45-Ө бұйрығы бола тұра, 4,5 га көлеміндегі жерге орналастыру жобасын бекіту бұйрығын шығару қажеттігі жоқ деген уәжі негізсіз. Себебі аталған бұйрық алаңы 46,4242 га жер учаскесінен бөлініп шыққан 41,9242 га жер теліміне қатысты жерге орналастыру жобасын бекітуге бағытталған бұйрық болып табылады.

Осы көрсетілгеннің негізінде кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымымен келісіп, Басқарма Кооперативтің алаңы 4,5 га жерге орналастыру жобасын бекітуден бас тартқан кезде Жер кодексінің, ӘРПКнің, №301 Бұйрығының, №180 Қағидаларының нормаларын бұзған деп санайды.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев Судьялар

Д.Нұрлыбаева

Ә.Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.