ВС РК - Постановление от 13.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2615 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13 маусым 6001-23-00-6ап/2615 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар –Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып, талап қоюшы С[...], оның өкілі М[...], жауапкерлердің өкілдері С[...], А[...]

қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкіміне, «Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы әкім қаулысының және оның қосымшасының бөлігін заңсыз деп тану, аталған қаулының оның қосымшасына өзгеріс енгізуді міндеттеу және өтемақы құнын төлеу жөнінде келісім шарт түзуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 шілдедегі қаулысына талап қоюшы С[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Түркістан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №1890 «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысының және оның қосымшасының О[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Түркістан қаласының әкіміне Түркістан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №1890 «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысына және оның қосымшасына «О[...]» деген жазбаның орнына «С[...]» деп өзгеріс енгізу міндеттелген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшы С[...] талап қоюы кері қайтарылған.

Талап қоюшымен талап қоюшының өкілі кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық сот алқасының ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымының күші жойылған.

Іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 шілдедегі қаулысымен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 сәуірдегі шешімі өзгертілген, талап қоюшы С[...] талабын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдаған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында сот шешімдердің өз талабын қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігінде күшін жойып, талапты толығымен қанагаттандыруды туралы жана шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы тараптардың уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, келесідей тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда 2014 жылғы 10 ақпанда жылжымайтын мүлікті сыйға тарту шартына сәйкес Р[...] Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...] жер учаскесі мен осы жер учаскесінде орналасқан ғимаратты К[...] сыйға тартқан, шарт тиісті түрде мемлекеттік тіркеуден өткен. 2017 жылғы 4 сәуірде сыйға тарту шарты негізінде даулы мүлікке талап қоюшы С[...] құқықтары мемлекеттік тіркеуден өткен.

2019 жылғы 22 қазанда сатып алу-сату шартына сәйкес С[...] атынан берілген сенімхат негізінде К[...] даулы мүлікті О[...] сатқан, шарт тиісті түрде тіркеуден өткен. 2019 жылғы 26 желтоқсанда Түркістан қаласының әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №1890 қаулысына сәйкес 2020 жылғы 17 наурызда Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен О[...] арасында жер учаскесінің және жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысанының ақысын төлеу туралы келісім шарт түзіліп, 2020 жылғы 19 наурызда О[...] 245 854 000 теңге төленіп, даулы мүлік мемлекет мұқтажы үшін алынған.

2020 жылғы 25 мамырда Түркістан қалалық сотының шешімімен талап қоюшы С[...] жауапкерлер К[...], О[...], Шымкент қаласының нотариалдық округінің нотариусы Б[...], Түркістан қаласының жеке нотариусы К[...] 2019 жылғы 10 қазанда берілген сенімхатты заңсыз деп тану, 2019 жылғы 22 қазанда жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану, жылжымайтын мүліктің құқықтық жағдайын қалпына келтіру және ғимарат пен жер телімінің төлқұжаттарын С[...] қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

2020 жылғы 27 тамызда Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен аталған соттың 2020 жылғы 25 мамырдағы шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қоюшы С[...] 2019 жылғы 10 қазанда берілген сенімхатты заңсыз деп тану және 2019 жылғы 22 қазанда жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

2019 жылғы 19 қазанда №1385 реестр бойынша нотариус Б[...] куәландырылған С[...] қадастр №[...] Түркістан қаласы, [...] орналасқан №11 «Б» құрылысына қатысты К[...] атына өкілдік етуге берілген сенімхат және нотариус К[...] №2245 реестр бойынша куәландырылған К[...] пен О[...] арасында түзілген 2019 жылғы 22 қазандағы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Талап қоюшы С[...] сотқа талап қою арызын беріп, талап қою арызында Түркістан қаласы, [...] мекенжайында орналасқан, кадастрлық №[...] жер учаскесі меншігінде болғанын, Түркістан қаласының әкімінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №1890 қаулысының негізінде аталған жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынғанын, әкімнің қаулысында жер учаскесінің меншік иесі О[...] болып көрсетілгенін, 2020 жылғы 17 наурызда Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі мен О[...] арасында даулы жер учаскесі мен онда орналасқан құрылыс нысанының құнын төлеу туралы №27 келісімшарт түзіліп, О[...] 245 854 000 теңге төленгенін, қазіргі таңда сот актілерімен талап қоюшының жер учаскесіне құқығы қалпына келтірілігенін, О[...] 245 854 000 теңге төлеу туралы келісім-шарт сот шешімімен жарамсыз деп танылғанын, алайда жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынып, онда орналасқан ғимараттар, құрылыстар бұзылғанын, мемлекет тарапынан қаражат бөлінгенін көрсетіп, әкім қаулысының және оның қосымшасының О[...] қатысты бөлігін заңсыз деп тануды, қаулыға жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару бөлігінде «О[...]» деген жазбаның орнына «С[...]» деген өзгертулерді енгізуді және 245 854 000 теңге өтемақы төлеуді міндеттеуді сұраған.

Апелляция сот алқасы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 66-бабының 2 тармағына сәйкес, осы баптың 1 тармағында көрсетілген уақыт ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтар иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша басқа тұлға өткен кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге қатысты қолданылатыны көрсетілген.

Аталған заң нормасында көрсетілгендей Түркістан қаласы, Ә[...] №11 «Б» мекен жайда орналасқан кадастрлық №19-307-02-1021 жер теліміне қатысты Түркістан қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №1890 қаулысымен мемлекет мұқтаждығына алу рәсімдері жүргізіліп, бюджеттен қаржысынан өтемақысы төленіп, жер учаскесі қала әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №779 қаулысымен мемлекет меншігіне қайтарылып қойған.

Кәзіргі таңда дауланып отырған жылжымайтын мүлік талап қоюшының құқығында.

Сонымен бірге талап қоюшы С[...] мен О[...] арасында 2020 жылғы 11 мамырда дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, онда осы даулы муліктің өтемі ретінде С[...] О[...] 50 000 000 теңге алғаны бекітілген, алдағы уақытта осы дау бойынша сотқа және де басқа да құзырлы органдарға арызданбайтыны жөнінде қолхат жазып берген.

Сот отырысында талап қоюшы бұл қаржыны аталған даулы муліктің өтемі ретінде алғанын жоққа шығармады.

Соттың осы және басқа да негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.