ВС РК - Постановление от 04.03.2021 по делу 6001-21-00-6кп/12 (Об административном правонарушении)

6кп-12-21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 4 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья А.Д.Рахметулин,

судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

К[...],

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Ш[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға – Б[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 наурыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуымен келіп түскен,

Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 380-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының (бұдан әрі- уәкілетті орган) 2020 жылғы 3 қаңтардағы қаулысымен Б[...] ӘҚБтК-нің 380-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 302 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Ақтөбе облысы Хромтау аудандық сотының 2020 жылғы 3 ақпандағы қаулысымен Б[...] шағымы бойынша уәкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Б[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты аталған қаулының күші жойылып, іс жүргізу тоқтатылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуында апелляциялық сот қабылдаған қаулысы қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, уәкілетті органың өкілі мен прокурордың ұсынуды қолдаған, Б[...] ұсынуға қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысының күші жойылуға жатады деп есептейді.

Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес Б[...] 2020 жылғы 3 қаңтарда «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватында арнайы рұқсатсыз болғаны үшін ӘҚБтК-нің 380-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Аудандық сот уәкілетті органың қаулысымен келісіп, күшінде қалдырған.

Апелляциялық сатыдағы сот Б[...] іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 380-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы туралы қорытынды жасап, іс жүргізуді тоқтатқан.

Алайда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы негізсіз және заңсыз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 741-бабының 2-бөлігі бойынша егер қосымша дәлелдемелер жинау үшін барлық мүмкіндіктер таусылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылады. Заңның аталған талабы облыстық сотымен орындалмаған.

Уәкілетті органның материалдарды сотқа жіберу туралы ілеспе хатында дәлелдемелер, фото-бейне материалдардың қоса берілгені көрсетілген. Алайда осы іс материалдарында аталған құжаттар жоқ және сот отырыстарында зерттелмеген.

Сонымен қатар, іс материалдарына сәйкес басқа ұсталған тұлғалардың іс бойынша түсініктемелері жоқ. Б[...] бірге Охотзоопромның бұрынғы инспекторы Т[...] та болған, оған табиғи резерват туралы белгілі болу керек еді. Сондай-ақ инспекция қызметкерлерінің аумақтың алдында орнатылған шлагбаумды айналып өтетін көлік құралдарының іздерін көргендері жөнінде түсініктемелері жоқ және олар тексерілмеген. Өтініштің дәлелдеріне сәйкес ақпараттық баннерлер, резерват аумағы бойынша шлагбаумдар орнатылды, бірақ бұл деректер тексерілмеген.

ӘҚБтК-нің 783 және 784-баптарына сәйкес осы нақты әкімшілік іс бойынша жиналған дәлелдемелердің тиесілілігі, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында істің шешілуі үшін жеткіліктілігі тұрғысынан тексеруге және бағалануға жатады.

Заңның көрсетілген талаптарын бұза отырып,апелляциялық саты өзінің қаулысында С[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы басқа іске сілтеме жасап, осы іске қоса берілмеген, тіркелмеген, зерттелмеген және бағаланбаған дәлелдемелерді негізге алды.

Іс материалдар бойынша облыстық соттың судьясы Е.М.Жапаровқа істі қараудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында қарсылық білдіргені көрініп тұр, өйткені ол Б[...] бірге осы құқық бұзушылықты жасаған басқа адам С[...] қатысты істі қарап, судья тоқтату туралы қаулыда бұрын өз пікірін білдірген болатын. Бірақ істі судья Е. Жапаровқа қарауға қалдырылған. Апелляция қаулысында инспекцияда GPS, дрондар болмаған, ал телефондағы қосымша дәлел болып табылмайды деген тұжырымы негізсіз. Тыйым салынған аумақта болған кезде арнайы құралдарды пайдалана отырып, нақты дислокацияны белгілеу заңнамада көзделмеген. Сот тек Б[...] резерват аумағында табылған сәттегі координаттарын анықтау бойынша техникалық құралдарды қолдану жөнінде мән-жайларға ғана баға берген.

ӘҚБтК-нің 838-бабының 2-бөлігіне сәйкес апелляциялық саты істегі және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді, бұл ретте ол жана фактілерді анықтауға және жана дәлелдемелерді зерттеуге құқылы. Бірақ бұл талаптар да сотпен орындалмаған.

Мұндай жағдайда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздер арқылы кассациялық тәртіппен облыстық сотының қабылданған қаулысының күші жойылуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады. Жана сот қарауында сот осы әкімшілік іс жөнінде барлық дәлелдемелерді толық, жан-жақты, объективті зерттеп, заңды баға беріп, заңға сәйкес қаулысын қабылдауға қажет. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) және 3) тармақшаларын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Жана сот қарауында сот осы әкімшілік іс жөнінде барлық дәлелдемелерді толық, жан-жақты, объективті зерттеп, заңды баға беріп, заңға сәйкес қаулысын қабылдауға қажет.

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 380-бабы бойынша Б[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 наурыздағы қаулысының күшін жойып, істі жана сот қарауына апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілсін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Рахметулин

Судьялар

М. Балкен Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.