ВС РК - Постановление от 13.12.2024 по делу 6001-24-00-6кп/70 (Об административном правонарушении)

6кп-70-24

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 13 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Ғ.Исамберлиева,

судьялар Н.К.Құрманғалиев, Д.А.Шипп, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

А.Төремұратұлының,

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің өкілі А.Сүлейменнің,

адвокат М.Ж.Жумагуловтың қатысуларымен

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Жасурбек Хошимовқа (Jasurbek Khoshimov) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен Ж.Хошимов ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген. Ұсыну уәждерін қолдаған әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның адвокатының, уәкілетті орган өкілінің ұсынуға қарсы еместігі туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін қолдап, сот қаулысын өзгерту және айыппұл жазасын тағайындау туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы Ж.Хошимов 2018 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасына келіп, уақытша 2018 жылғы 12 қазанға дейін тіркелген. Алайда заңда белгіленген мерзім өткен соң он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан аумағынан шығып кетпеген. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабының 4-тармағында көзделгендей, егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасаған келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген көшіп келушінің Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен, жиынтығында күнтізбелік бір жүз сексен күндік әрбір кезең ішінде тоқсан күнтізбелік күннен аспауға тиіс.

Бірінші сатыдағы сот Ж.Хошимовтың кінәсі істегі дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденген деген негізді тұжырымға келіп, оны әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Сот Ж.Хошимовқа ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған.

Алайда жаза тағайындау барысында соттың істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген.

ӘҚБтК-нің 41-бабында белгіленген әкімшілік жаза шарасын тағайындау мен таңдау кезінде негізгі шаралар болған кезде соттар, бірінші кезекте, жазаның ауырлық дәрежесі бойынша неғұрлым жеңiлірек, содан кейін неғұрлым қатаңырақ жазаны қолдануды талқылауы керек.

Аталған кодекстің 55-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша Ж.Хошимов бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Сот жаза тағайындау барысында осы мәнжайларға қажетті көңіл бөлмей, Ж.Хошимовтың әрекетінде жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар жоқ деп тұжырымдаған. Іс бойынша жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

ӘҚБтК-нің 829-6-бабы бойынша сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ адамды әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар бар ма деген мәселелердi анықтайды; қосымша материалдарды талап етіп алдырады.

Ж.Хошимовтың Қазақстанда тұрақты тұратын жері бар, 2017 жылғы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде №50-717-17-0001716 жазбаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы 17.07.1995 жылы туған М.Б.Мавлановамен заңды некеге тіркелген. Араларында ортақ некеден 2022 жылғы 21 тамызда Абдуллах Жасурбекович Носиржанов атты ұлдары дүниеге келген.

Бұл мән-жайлар туралы әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның сотқа хабарлағанына қарамастан, жаза тағайындау кезінде сот тарапынынан ескерілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

Заңның 48-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

ӘҚБтК-нің 8-бабының 2-бөлігінде көзделгендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстің, осы Кодекстің 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңды күші бар және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.

Осы Кодекстің 840-бабының 1), 2) және 4)-тармақшаларына сәйкес судьяның сот қаулысында жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қолданылған жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.

Кассациялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот тарапынан аталған заң нормаларының бұзылғанын анықтап, сот қаулысы жаза тағайындау бөлігінде өзгертіліп, Ж.Хошимовқа ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінде қарастырылған баламалы жаза - айыппұл жазасы қолданылуы тиіс деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жасурбек Хошимовты (Jasurbek Khoshimov) ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.

Ж.Хошимовты (Jasurbek Khoshimov) Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жаза 92 300 теңге айыппұл жазасына өзгертілсін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Исамберлиева Судьялар Н.Кұрманғалиев Д.Шипп

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.Исамберлиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.