ҚАУЛЫ
2025 жылғы 11 қараша № 6003-25-00-4к/2003 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нурлыбаева болып,
талап қоюшының өкілі Б.А.Аймбетов,
жауапкердің өкілі А.А.Мынжасаров, мүдделі тұлға Батыс Қазақстан облысының әкімінің өкілі А.М.Сагаденованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Багдат Бахытжанович Есеналиев жауапкер Орал қаласының әкіміне Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының №30 хаттамалық шешімін өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Багдат Бахытжанович Есеналиев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер және мүдделі тұлғаның өкілдерінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы №7 «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттаға төтенше жағдай жариялау туралы» шешім қабылданған.
Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 6 маусымдағы №197-ө өкімімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілген.
Төменгі соттармен анықталғандай талап қоюшы Б.Б.Есеналиев 2018 жылдан бері өз жанұясымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған жалға берілетін пәтерде тұруда.
Б.Б.Есеналиев талап қоюында 2024 жылы су тасқыны салдарынан зардап шеккен саябағы орнына мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етуді талап етіп, сот процесінде 2024 жылы 28 маусымдағы Комиссия шешіміне дау айтқан.
Бірақ, Б.Б.Есеналиев жауапкерге 2024 жылғы 15 мамырдағы жүгінген арызында тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрамаған.
Үй беру мәселесі «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 Қаулысымен реттеледі.
Б.Б.Есеналиев арызын «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 Қаулысының /әрі қарай - №1358 Қаулы/ №1 Қосымшасымен толықтырып, материалдық шығынды өтеуді сұраған. 28 маусым 2024 жылғы Комиссия шешімімен Б.Есеналиевке саяжай тұрғын үйін жөндеуге материалдық шығындарын өтеуге бас тартылған. Алайда, Б.Б.Есеналиевке материалдық залал есебіне №1358 Қаулысының 3-1 тармағының 3)-8) негіздерінде елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат төленген.
Кассациялық сатыдағы сот, Б.Б.Есеналиевтің сатып алған жер телімі мемлекеттік тіркеуде жоқ, демек талап қоюшы саяжай үй мен қоса жер телімінінде иесі болып табылмайды деген төменгі соттардың үәждерін дұрыс деп санайды.
Б.Б.Есеналиев жер телімінің заңды түрде иесі бола тұрмай, рұқсатсыз үй салып бастап, нақты сол үйде тұрақты түрде тұрғыны болмай, жоғарыда көрсетілген Үкіметтің Қаулыларының негіздерінде мемлекет тарапынан үйді жөндеуге материалдық шығынды өтеуге, тұрғын үй алуғада құқықсыз. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 6) тармағына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттің танудың және растаудың міндетті рәсімі болып табылады.
Осы көрсетілгеннің негізінде кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымымен келісіп, жауапкер тарапынан талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған деп санайды.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
Г.Ыдырысова Д.Нурлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.