ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 қараша № 6003-25-00-4к/1720 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Д.Н.Нұрлыбаева, Ә.Ж.Назарова болып, жауапкердің өкілі Д.Е.Орманбек, мүдделі тұлға «Қызылорда-ЭМС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Т.Исмагуловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Матжанов» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Құнанбай Берікұлы Матжановтың жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қойған тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтердің мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары туралы хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына жауапкер және мүдделі тұлға «Қызылорда-ЭМС» ЖШС-ның кассациялық шағымдары бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Матжанов» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Құнанбай Берікұлы Матжанов (бұдан әрі – ЖК Матжанов) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №13846813-ОК1 балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтердің мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары туралы 2025 жылғы 18 наурыздағы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, жауапкер мен мүдделі тұлға ЖК Матжановтың өкілдері кассациялық шағымдарында сот актілерінің күшін толық жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы, кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің, мүдделі тұлғаның өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай-Басқарма) «Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №266 мектеп- лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай-№266 мектеп- лицейі) тапсырысы бойынша веб-портал арқылы №138464813-ОК1 балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген.
Конкурсқа қатысуға рұқсат «Кызылорда-ЭМС» ЖШС-на берілген және ол 2025 жылғы 18 наурыздағы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары туралы хаттамасымен жеңімпаз деп танылған.
Қалған конкурсқа қатысушылар: ЖК «Матжанов», ЖК «САРСЕНОВ С», «Rich Azamat» ЖШС-сы конкурсқа жіберілмеген.
Осы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары негізінде №266 мектеп-лицейі мен «Кызылорда-ЭМС» ЖШС-сы арасында 2025 жылғы 27 наурызда № 50 қызмет көрсету туралы шарт жасалынған.
Тараптар арасындағы дау мектеп оқушыларын тамақтандыруға байланысты өткізілген конкурстан туындаған.
Осы саланы реттейтін, білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге конкурсты өткізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен (бұдан әрі - №598 Қағида) реттеледі.
Орта мектепте барлығы 1 863 бала білім алатындықтан, 3 аспаз және 5 ас үй жұмысшысы қажет етілген.
ЖК Матжанов өтінімінде 4 аспаз (Н.Жумахметова, Н.Нұржан, А.Отарбаева, М.Ргызбаева) және 5 ас үй жұмысшысын (К.Узакбаева, А.Кабылова, Г.Матмуратова, Э.Сейлова, К.Тлеукабылова) ұсынған.
Қорытынды хаттамаға қарағанда, конкурстық комиссия ЖК Матжановты біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурсқа қатысуға жібермеген. Оған негіздеме ретінде конкурсқа ұсынылған ас үй жұмысшысы Э.Сейловамен жасалған еңбек шартының Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі - ЕШЕБЖ) енгізілмегенін, жүйеде аспаз ретінде тіркеліп, өтінімде ұсынған ас үй жұмысшысы екендігін растайтын құжаттарға өзара сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Талап қоюды қанағаттандыра отырып, төмен тұрған соттар ЖК Матжановтың конкурсқа ұсынған құжаттарына қарағанда, Э.Сейлова жұмысқа 2025 жылғы 9 қаңтарда ас үй қызметшісі ретінде қабылданып, еңбек шарты осы санат бойынша жасалған. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы өзара құқықтар мен міндеттер, оның ішінде еңбекақы төлеу мәселесі «ас үй қызметшісі» санаты бойынша келісімделгенін көрсеткен.
Аспаз ретінде Э.Сейловамен жасалған еңбек шарты болмаған. Ал оның ЕШЕБЖ–да аспаз ретінде көрсетілуі техникалық қате салдарынан орын алып, кейіннен 2025 жылғы 15 қаңтарда түзетілген. Бұл мән-жайларды жоққа шығаратын дәлелдерді жауапкер ұсынбаған деп көрсеткен.
Кассациялық сот төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келіседі, ал жауапкердің және мүдделі тұлғаның уәждерін негізсіз деп табады.
Сонымен қатар, №598 Қағиданың 7-қосымшасы бойынша қоғамдық тамақтану саласында жоғары, орта - техникалық білімі бар технологтың немесе техник – технологтың болуына 2 балл берілуі қажет.
Г.Талкамбаеваның технолог біліктілігі Житомир техникумының дипломымен расталған. ЖК Матжановпен арадағы еңбек шартқа сәйкес ол технолог біліктілігі бар өндіріс менгеруші ретінде жұмысқа қабылданған.
Жауапкердің пікірінше, қағидаға сәйкес балл есептеу үшін Г.Талкамбаева өндіріс меңгерушісі ретінде емес, технолог ретінде жұмысқа қабылдануы тиіс болған. Өзінің бұл тұжырымын жауапкер №598 Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесінде келтірілген «әлеуетті өнім беруші өтінім берген сәтте ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлердің еңбек қызметін, «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес кәсіптік білімі туралы құжаттарды, разрядын растайтын, сондай-ақ маманның жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынған кезде тиісті балдар қойылады» деген нормамен негіздеген.
Бұл сілтеме жасалған нормада маманның нақты осы әлеуетті өнім берушіде қызмет ететінін растау жөнінде ғана айтылған.
Одан бөлек, №598 Қағиданың 3-қосымшасындағы техникалық тапсырмада асхананың ас блогында тағамдар мен аспаздық өнімдерді дайындаудың технологиялық процесін қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыруды өндіріс меңгерушісі қамтамасыз ететіні көзделген. Қағидада технолог үшін бөлек функционалдық міндеттер көзделмеген.
Сондықтан, қоғамдық тамақтану саласында білімі бар технолог үшін конкурстық комиссияның ЖК Матжановқа балл есептемеуі негізсіз болып табылады.
«Қызылорда-ЭМС» ЖШС-ның конкурсқа ұсынған 2024 жылғы 5 қаңтардағы №22 және 2025 жылғы 6 қаңтардағы №46 еңбек шарттарында Ш.Сейдахметованың 2025 жылғы 16 қаңтарда берілген жеке куәлігінің нөмірі мен берілген күні көрсетілген.
Бұл техникалық қате емес және аталған шарттардың кейінгі күнмен (жеке куәлік алынғаннан кейін) жасалғанын көрсетеді.
Ш.Сейдахметова үшін зейнетақы аударымдарын да «ҚызылордаЭМС» ЖШС-ы 2025 жылдың ақпан айынан бастап ғана аударған. Яғни араларында 2024 жылы еңбек қатынастары болғанын бекітетін анық, жарамды және қатысты дәлелдемелер жоқ.
Осыған байланысты, төмен тұрған соттардың талап қоюшының біліктілік туралы мәліметтерді ұсынбау немесе мәліметтерді толық ұсынбау орын алмағанын, біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беру фактісі анықталмаған деген уәждері заңды болып табылады.
Аталған бұзушылықтар конкурстың нәтижелеріне әсер етеді, сондықтан конкурстың нәтижелерін заңсыз деп тану қажет.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдардың иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер мен мүдделі тұлға «Қызылорда-ЭМС» ЖШС-ның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Д.Нұрлыбаева
Судьялар
Ә.Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.