ВС РК - Постановление от 28.09.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1209 (Административное)

6001-23-00-6ап/1209

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 28 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Г.К.Нурбаев, Б.Т.Нажмиденов болып,

талапкер өкілі К[...],

жауапкер өкілдері З[...], С[...] қатысуларымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «HBL[...]» ЖШС-гі (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәселекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті» ММ-сі (бұдан әрі – Департамент), «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі» РММ-не (бұдан әрі– А[...]) тергеп-тексеру қорытындысы мен бұйрықтың бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымына және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшы «HBL[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік сотқа А[...] және Департаменттің әрекеттерін, яғни тергеп-тексеру қорытындысы мен жинақталған құжаттарды экономикалық тергеу департаментіне беру туралы бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою арызы қайтарылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатылы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтіндігін көрсете келе, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай аталған ұйғарымдардың күшін жойып, істі мәні бойынша қарауға бірінші сатыдағы сотына жіберуді сұраған.

Талап қоюшының өкілінің К[...], кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, З[...] және С[...] шағымды қолдамаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау

және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуратурасының Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жолдаған. 2022 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Серіктестікті және «ENZ[...]» ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына орай тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық қабылдаған.

2022 жылғы 4 сәуірде Департамент Серітестік пен «ENZ[...]» ЖШС-не қатысты тауар нарығын бөлу бойынша нарық субъектілері арасында деңгейлес келісімнің жасалғанын растайтын немесе теріске шығаратын нақты деректерді анықтау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2022 жылдың 1 наурызын қоса алғандағы аралыққа бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына тергептексерулерді жүргізу туралы бұйрық қабылдаған.

2022 жылғы 6 маусымда Департаментпен тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қорытынды жасалған.

2022 жылғы 7 маусымда Департаментпен жүргізілген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті лауазымды тұлғалардың қорытындысы бекітілуі туралы және Серіктестік пен «ENZ[...]» ЖШС-не қатысты материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне беру туралы бұйрық қабылдаған. Аталған қорытынды және бұйрықпен келіспей, талап қоюшы А[...] оның күшін жою туралы жүгініп, 2022 жылғы 21 қыркүйекте жауабын алған. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 224-бабының 1- тармағының 4) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергептексеру нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның лауазымды адамы қорытынды әзірлейді, оның негізінде монополияға қарсы орган мынадай: сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

Аталған бұйрықтың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша экономикалық тергептексеру департаментімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

ӘРПК-нің 3-бабының 7-бөлігі 2) тармақшасына сәйкес, мыналар іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Осыған байланысты, жергілікті соттар ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша, яғни іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген дұрыс тұжырым жасаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Талап қоюшының сотта зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымы және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «HBL[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дуйсенбаев

Г.Нурбаев

Судьялар

Б. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.