Қ А У Л Ы
2025 жылғы 2 қазан №6003-25-00-2к/383 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
жауапкерлер өкілдері Е.Б.Әбдуәлінің және О.А.Браткованың, аудармашы Д.А.Зинешованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер «ФЕБ строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік), Инан Мустафаға, Куклу Хамдиге, үшінші тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Оксана Анатольевна Братковаға, Канат Еркинович Абдрамановқа, Бактыбай Камашович Калиевке, нотариус Зияда Анишовна Орынбаеваға серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату келісім шартын және заңды тұлғаның мемлекеттік қайта тіркеуін жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымдарымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер жарамсыз шарт бойынша заңды тұлғаны қайта тіркеуден заңсыз өткізгенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2023 жылғы 6 ақпандағы Куклу Хамди атынан 2023 жылғы 19 қаңтардағы сенімхат арқылы әрекет етуші О.А.Браткова мен Инан Мустафа арасындағы Серіктестіктің жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу-сату келісім шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) мен Серіктестіктің «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұлан әрі - Қоғам) 2023 жылғы 7 ақпандағы №685 бұйрығымен мемлекеттік қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған, жауапкерлердің әр қайсысынан мемлекет пайдасына 3 692 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Жауапкерлер кассациялық шағымдарында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 160-бабының 1- тармағын, «Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №9 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 12 және 13-тармақтарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, Серіктестік заңды тұлға ретінде Шымкент қаласында 2008 жылғы 23 қаңтарда бастапқы мемлекеттік тіркеуден өтіп, одан кейін бірнеше рет қайта тіркеуден өткен.
2023 жылғы 7 ақпанда Даулы шарт негізінде серіктестіктің құрылтайшысы және басшысы Туркия Республикасының азаматы Инан Мустафа болып өзгеруіне байланысты Қоғаммен заңды тұлға мемлекеттік қайта тіркеуден өткізілген және серіктестіктің мекенжайы ретінде Шымкент қаласы, Абай ауданы, Момышұлы даңғылы, 31/1 ғимарат көрсетілген.
2023 жылғы 23 мамырда «House develop (Хауз девелоп)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ж.М.Мирхаликов пен Серіктестік басшысы Инан Мустафа арасында Шымкент қаласында жасалған ғимаратты жалға алу шарты негізінде 2023 жылғы 31 мамырда заңды тұлғаның мекен-жайы: Шымкент қаласы, Лермонтов көшесі, 212 «А» үй болып өзгертілген.
2024 жылғы 10 маусымдағы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Серіктестік банкрот деп танылған.
Алайда, сотта жауапкер Инан Мустафаның 2023 жылғы 6 ақпанда, яғни Даулы шарт жасалған күні Қазақстан Республикасының аумағынан шығып, қазіргі кезге дейін қайтып оралмағаны, тиісінше заңды тұлға Шымкент қаласы, Абай ауданы, Момышұлы даңғылы, 31/1 ғимаратта кәсіпкерлік қызмет атқармағаны және Шымкент қаласы, Лермонтов көшесі, 212 «А» үй мекенжайы бойынша ғимаратты жалға алу шартын жасауға мүмкіншілігінің болмағаны анықталған.
Одан бөлек, Серіктестіктің тіркеу орны Шымкент қаласы, Лермонтов көшесі, 212 «А» үй мекенжайы бойынша 2023 жылғы 21 маусымдағы және 7 қарашадағы, 2024 жылғы 6 маусымдағы және 29 тамыздағы Басқарманың салықтық тексеру актілерімен заңды тұлғаның аталған мекенжайда орналаспағаны бекітілген, соның салдарынан камералдық бақылау негізіндегі жолданған 2023 жылғы №5905KA600124, №5905O8500003, 2024 жылғы
№5905KB900196, №5905KS000255, №5905O0500061 хабарламалар орындалмаған.
Нормативтік қаулының 12 және 13-тармақтарына сай бұл мән-жайлар заңды тұлғаның қайта тіркеуі Қазақстан Республикасының заңнамасын елеулі түрде бұза отырып жүргізілгенін айқындайды және олар жойылмайтын сипатта болып табылады, сондықтан заңды тұлғаның қайта тіркеуін жарамсыз деп тануға негіз болады.
Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкерлер Инан Мустафаның және Куклу Хамдидің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.