ВС РК - Постановление от 28.06.2022 по делу 6001-22-00-3гп/238 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/238

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 28 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші судья Н.К.Шәріпов,

судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов,

прокурор Д[...],

Ақтөбе облысы, [...] мемлекеттік мекемесінің өкілдері Б[...], М[...],

«Д[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Т[...],

«Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері А[...], К[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Ақтөбе облысы, [...] мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Д[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 278 535 100 теңгені өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 15 шілдедегі шешімін, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы «Д[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Ақтөбе облысы, [...] мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме, талап қоюшы) жауапкер «Д[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік, жауапкер) мемлекет пайдасына 278 535 100 теңгені өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 15 шілдедегі шешімімен Мекеменің талап қою арызы қанағаттандырылған. Серіктестіктен мемлекет пайдасына 278 535 100 теңге, жергілікті бюджет пайдасына 8 356 053 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік өтінішхатта жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауына, істі

қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қайта қарауға жолдауды сұраған.

Мекеме өтінішхатқа берген қарсы пікірінде дауланған сот актілерді

күшінде қалдыруды сұраған.

Өтінішхатты берген кезде Серіктестік өткізіп алған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған, өйткені жергілікті соттар Серіктестіктің сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызын қарауына байланысты көрсетілген мерзім өткізіп алынған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігінің негізінде кассациялық сот алқа көрсетілген себептерді дәлелді деп танып, Серіктестікке кассациялық өтінішхатын беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады деп табады.

Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілдерінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы пікірін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, азаматтық істі апелляциялық сот алқасына қайта қарау үшін жолдау туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың және қарсы пікірдің уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол берген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар арасында жасақталған 2020 жылғы 6 мамырдағы №142 және №143 мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша Серіктестік Шалқар қаласындағы Мөңке би көшесінің қиылысынан бастап Достан би, Таушанов, Нұртаев, Шеңбертал көшелері Карагулин көшесіне дейінгі автомобиль жолдарына жалпы сомасы 259 840 000 теңге және Абай көшесінің автомобиль жолына (Байсалбаев көшесінен Ерімбетов көшесіне дейін) жалпы сомасы 89 600 000 теңге құрайтын ағымдағы жөндеу жұмыстарын орындауға міндеттенген.

Көрсетілген жұмыстар аяқталып, жөндеу жасалған көшелер пайдалануға қабылданған.

«Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы» КММ-нің (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) мемлекеттік аудиторлары және «Сот сараптаманы ұйымдастыру» мекемесінің сарапшыларымен Мекемеде жүргізілген аудиттің 2020 жылғы 2 қазандағы аудиторлық есебі бойынша Абай көшесінің жөндеу жұмыстарына 72 453 200 теңге, Достан би көшесіне - 206 081 900 теңге, барлығы 278 535 100 теңгенің жұмыстары орындалмағаны көрсетілген.

Аудиторлық ісшараның қорытындысына сәйкес аталған жұмыстарға сметалық жоба жасалғанда кейбір материалдардың құны нарықтағы бағадан

көтеріңкі көрсетілген.

Серіктестік орындаған жұмыстардың көлемі мен құны техникалық сипаттамадағы жұмыстардың көлемі мен құнына сәйкес болмағанына байланысты, жауапкерге негізсіз төленген соманы бюджетке қайтару бойынша шараларды қабылдауды талап еткен Тексеру комиссиясының 2020 жылғы 30 қазандағы нұсқамасын орындай отырып, Мекеме осы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот жауапкерге бюджет қаражатынан 278 535 100 теңге негізсіз төленген деп танып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 1) тармақшасында белгіленген мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау қағидатын басшылыққа алып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 654-бабының 1-тармағында белгіленгендей мердiгер құрылысты және оған байланысты жұмыстарды жұмыстың көлемi мен мазмұнын және жұмысқа қойылатын басқа да талаптарды айқындайтын жобалау құжаттамасы мен жұмыстың бағасын айқындайтын сметаға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi деген заң талаптарына сілтеме жасап талап қою арызын қанағаттандырған.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырымдарымен келісіп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

АПК-нің 15-бабының 1-3-бөліктеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.

Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.

Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (АК-нің 5-

бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.

Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мән-жайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған.

Бірінші сатыдағы сотта осы азаматтық іс қаралу барысында жауапкердің өкілі екі мемлекеттік сатып алу шарты бойынша Серіктестік жалпы 278 535 100 теңге тұратын жұмыстарды орындамағаны жөніндегі талап қоюшының уәждерімен келіспей, 2021 жылғы 25 мамырдағы №762 қосымша сараптама қорытындысы бойынша жауапкер орындамаған жұмыс 100 126 183 теңге құрайтынына сілтеме жасай отырып, құрылыс-техникалық және экономикалық сараптама тағайындау туралы өтінішхат білдірген.

Сот себептерін көрсетпей, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырып, аталған қосымша сараптаманың қорытындысын зерделемей, оған тиісті құқықтық бағасын бермей, тек аудиторлық есептегі мамандардың қорытындыларын негізге алған. Жауапкердің бұл уәжін апелляциялық сот алқасы да назарынан тыс қалдырған.

Алайда, жауапкер өкілінің келтірген дәлелдемелерін дұрыс зерттеу кезінде жергілікті соттарға орындалмаған жұмыстар үшін мемлекет қаражатын аударғаны жөніндегі қосымша сараптаманың қорытындысы Шалқар қаласының әкімі Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 371-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында алынғанын анықтауға мүмкіндік береді.

«Қызылорда облысы бойынша Сот сараптама институты» ММ-нің 2021 жылғы 25 мамырдағы №762 қорытындысына сәйкес автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша орындалмаған жұмыстардың құны 100 126 183 теңгені құраған.

АПК-нің 82-бабы 2-бөлімінің талаптары бойынша істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол

мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Кассациялық сот алқасы анықтағандай заңды күшіне енген 2021 жылғы 28 желтоқсандағы Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының үкімімен Т[...] ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылған. Үкім бойынша Шалқар қаласы, [...] (Байсалбаев көшесінен Ерімбетов көшесіне дейін) орындалмаған жұмыстардың құны 25 602 946 теңге, Мөңке би көшесінің қиылысынан бастап Достан би, Таушан, Нұртаев, Шеңбертал, Карагулин көшесіне дейінгі жолдарында орындалмаған жұмыстардың құны 74 523 237 теңге. Жалпы екі шарт бойынша мердігер орындамаған автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша орындалмаған жұмыстың құны 100 126 183 теңге.

АПК-нің 76-бабының 3-бөлімінде көрсетілгендей соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Т[...] қатысты үкім осы іспен шығарылған бірінші сатыдағы сот шешім мен апелляциялық қаулы қабылданғаннан кейін жарияланғанына қарамастан, кассациялық сот алқа жоғарыда көрсетілген АПК нормалары осы іске қолданылуға жатады деп табады, өйткені Серіктестіктің орындамаған жұмыстарының мөлшері жөніндегі қосымша сараптама актісі бірінші сатыдағы соттың қарауына ұсынылғанымен, жергілікті соттар оны нақты зерттемей, оған дәлдеме ретінде нақты құқықтық бағасыз қалдырғаны істің біржақты қаралуына әкеп соқтырған.

Сондықтан осы іс бойынша қабылданған сот актілері өзгертіліп, Серіктестіктен мемлекет пайдасына өндірілген сома 100 126 183 теңгеге дейін, жергілікті бюджет пайдасына өндірілген мемлекеттік баж 3 003 786 теңгеге дейін төмендетілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Өткізіп алынған сот актілерді кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты келтіру мерзімі қалпына келтірілсін.

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 15 шілдедегі шешімі, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

«Д[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына өндірілген сома 100 126 183 (бір жүз миллион бір жүз жиырма алты мың бір жүз сексен үш) теңгеге дейін жергілікті бюджет пайдасына өндірілген мемлекеттік баж 3 003 786 (үш миллион үш мың жеті жүз сексен алты) теңгеге дейін төмендетілсін. «Д[...]» ЖШС-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Ғ. Мырзаке Н. Сұлтанов Көшірмесі дұрыс Судья Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.