ВС РК - Постановление от 15.01.2025 по делу 6001-24-00-3ГП/519 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/519

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Иманиязова Ш.С.,

судьялар Молдахметова Т.Ә., Савинова А.С.,

талап қоюшының өкілдері К.Ш.Ташенованың, Е.Ж.Басқынбектің, жауапкер өкілі Е.Е.Таженовтің қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында

талап қоюшы Н.Б.Қалдарбековтің жауапкер «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Достық жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Орта мектеп) бұйрықты жарамсыз деп танып, оның күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген күндеріне жалақы және келтірілген моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Н.Б.Қалдарбековтің өкілі Е.Ж.Басқынбектің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қалдарбеков Н. сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Шардара аудандық сотының 2024 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Орта мектептің Н.Қалдарбековті жұмыстан босату туралы 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қалдарбеков Н. Орта мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастырылған.

Орта мектептен Н.Қалдарбековтің пайдасына 2 304 888,70 теңге жалақы және100 000 теңге моралдық зиян өндірілген.

Сот шығыстарын бөлу туралы мәселе шешілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.

Сот шешімінің Орта мектептің Н.Қалдарбековті жұмыстан босату туралы 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығы заңсыз деп танып, күшін жою, талап қоюшыны Орта мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастыру, жауапкерден Н.Қалдарбековтің пайдасына

2 304 888,70 теңге жалақы, 100 000 теңге моралдық зиянды өндіру, мемлекет пайдасына 23 049 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы бөлігінің күші жойылған.

Бұл бөлігінде Н.Қалдарбековтің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) іс құжаттарын зерделеп, өтінішхат уәждерін талқылап, тараптардың пікірлерін тыңдап, дау айтылған сот актісінің күші жойылуға, іс жаңадан қарауға жолдануға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Қалдарбеков Н. Орта мектепте 1994 жылдан бастап мектеп ұстазы, 2002 жылғы 1 қарашадан бастап мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Мектеп директорының 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабының 8) тармакшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмысынан босатылған.

Бұйрыққа 2023 жылдың 11, 29 тамызында жасалған актілер негіз болған.

2023 жылғы 11 тамызда мектеп директорының міндетін атқарушы Қ.Сейткасимовтің және басқа қызметкерлердің қатысуымен жасалған актіде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін және сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жұмыста болмағаны көрсетілген. Осы күнмен жасалған басқа актіде мектептегі бастауыш сыныптың пән мұғалімі Қ.Орынбасарова мен кәсіподақ төрағасы Д.Бастаров осы күні сағат 11:45 шамасында талап қоюшы М.Әуезов көшесінің бойындағы «Бақыт» дүкенінің алдында ұялы телефонмен сөйлесіп тұрғанын көргендерін растаған.

2023 жылғы 29 тамызда мектеп қызметкерлерінің қатысуымен жасалған актіде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда жұмыста себепсіз болмау туралы актінің негізінде түсініктеме сұратылғаны, ол туралы 2023 жылғы 18 тамызда тапсырыс хатпен мекен-жайына хат жолданғаны, алайда осы уақытқа дейін қандай себептермен жұмыста болмағаны туралы ақпаратты, түсініктемені ұсынбағаны көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда жұмыста дәлелді себептермен болмағанын мектепте оқу жылының басталмағанымен және тісі ауырып дәрігерге көрінгенімен негіздеген. Бұған дәлелдеме ретінде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда «созылмалы периодонтің қабынуы, периоцит белгілері» диагнозымен тіс дәрігерінің қабылдауында болғаны жөніндегі «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-нің дәрігері З.Давренованың 2023 жылғы 11 тамыздағы № 20 анықтамасына сілтеме жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, 2023 жылғы 11 тамыз жұмыс күні болғандықтан, талап қоюшы бұл күні жұмыс орнында болуға міндетті болғанын, «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-мен талап қоюшының уақытша еңбекке жарамсыздығын растайтын, оны жұмыстан босатуға негіз болатын № 027/у нысандағы электронды немесе қағаз жүзіндегі анықтама берілмегенін негізге алып, талап қоюшының талап қоюларын қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.

Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 8)-тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайда бұзылуы мүмкін.

Анықталғандай, Қалдарбеков Н. 2023 жылғы 11 тамызда жұмыста болмауының дәлелді себебі ретінде сол күні тіс дәрігерінің қабылдауында болғанын көрсеткен. Аталған жайт, «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-нің дәрігері З.Давренованың 2023 жылғы 11 тамыздағы № 20 анықтамасымен (бұдан әрі – Анықтама) бекітілген.

Апелляциялық сот алқасы, аталған анықтамаға сыни көзқарас танытып, оны төмендегімен негіздеген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық министрінің 2022 жылғы 23 қарашадағы №ҚР ДМ-136 «Денсаулық саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДМ175/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығының талаптарына сай науқасқа қажет болған жағдайда №027/у нысандағы электронды немесе қағаз жүзіндегі анықтама берілуге жатады. Аталған бұйрықтың талаптары стоматологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары үшін де міндетті болып табылады.

Бұл туралы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 7 ақпандағы № 25-1-25/262 хатында да көрсетілгеніне сілтеме жасалған.

Алайда, апелляциялық сот алқасымен істі қарау барысында Анықтаманың жоғарыда аталған бұйрықтың нақты қандай талаптарына сай келмейтіні көрсетілмеген.

Бұдан бөлек, сот алқасымен сот отырысында «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-нің дәрігері З.Давреновадан және «Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілінен жауап алынбаған.

Сонымен қатар, сотпен талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда жоғарыда аталған емдеу мекемесінде болған-болмағаны анықталмаған.

Яғни, Н.Қалдарбековтің жұмыс орнында болмау себебінің дәлелділігі айқындалмаған.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, азаматтық іс апелляциялық сот сатысына жаңадан қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.

Істі жаңадан қараған кезде заңды шешім қабылдауға әсер ететін мәнжайлар толығымен анықталып, даудың барысы жан-жақты, толық, объективті түрде тексерілуі тиіс. Істі қарау нәтижелері бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жолдансын. Н.Б.Қалдарбековтің өкілі Е.Ж.Басқынбектің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ш. Иманиязова

Судьялар

Т. Молдахметова

А. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.