ВС РК - Постановление от 24.01.2022 по делу 6001-21-00-3Г/6872(2) (Гражданское)

6001-21-00-3г/6872(2)

2022 жылғы 24 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Тоқтарова,

Б[...] О[...], Д[...] үш жыл ішінде жоғалтылған табысты, ай сайын жоғалтылған жалақыны өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақтөбе қаласының №3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі – адвокат С[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

Б[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда келесідей уәждер келтірген. Мемлекеттік нөмірі D214Zam «Зил» маркалы жүк көлігі Д[...] атына тіркелген. О[...] 2011 жылғы 27 қазанда осы көлікті басқарып, артқы жүрісімен қозғалып келе жатып, артында кетіп бара жатқан Б[...] қағып, дөнгелегімен басып, оқиға болған жерден жасырынып кеткен. Жол көлік оқиғасы бойынша О[...] жасалған құқық бұзушылық бойынша күдікті ретінде тартылды, алайда 2011 жылғы 21 қарашада Б[...] өзінің денсаулығына ауыр жарақат алғанына, бірнеше ота жасағанына қарамастан, О[...] кешірім сұрап, емделуге 500 000 теңге қабылдауын өтінген соң, қылмыстық істі тараптардың татуласуына байланысты тоқтату туралы өтінішке қол қойдырып алған. Одан бөлек болашақта толық сауыққанша материалдық көмек және аяққа тұруға көмектесетінін сендірген. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің (әрі қарай – ҚК) 296- бабы 2-бөлігі бойынша О[...] қатысты ҚК-нің 67-бабы және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК) 37-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сай қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған, ал өзі 1-топтағы мүгедек, алған жарақытынан, өздігінен қозғалу, жұмыс жасау, отбасын құру мүмкіндігінен біржола айырылған. Талап қоюшы оқиға болған күнге дейін еш жерде жұмыс жасамаған, осыған байланысты соңғы үш жыл ішіндегі жоғалтылған 5 720 337 көлеміндегі табысты, ай сайын 181 465 теңге көлемінде жоғалтылған жалақыны өндіруді және 10 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуді сұраған.

Ақтөбе қаласының №3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған. Ж[...].Д[...] талап қоюшы Б[...] пайдасына моральдық

зиянды өтеу ретінде 5 000 000 теңге және мемлекет пайдасына 1459 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілген. Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшының өкілі сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қою арызды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрап келесідей уәждер келтірген.

О[...] 2011 жылы 27 қазанда мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] ЗИЛ ММЗ 554 маркалы автокөлігін басқарып, артқы жүрісімен қозғалып келе жатып, көліктің артында кетіп бара жатқан Б[...] қағып, дөнгелегімен оның белінен төменгі бөлігін басып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Аталған жол көлік оқиғасы бойынша ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, алайда жәбірленуші Б[...] жол көлік оқиғасы кезінде алған дене жарақаты бойынша О[...] қояр талабы жоқ екенін көрсетіп, арыз жазудан бас тартып және оған кешірім бергеніне байланысты ҚК-нің 67-бабы және ҚІЖК-нің 37- бабының 1-бөлігінің 12-тармағына сай, О[...] қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған.

2021 жылғы 26 мамырдағы № 1962/32 санды сарапшылар қорытындысы бойынша жол көлік оқиғасы салдарынан талап қоюшы Б[...] «омыртқа жұлынының жабық жарақаты, 12 кеуде омыртқасының сынып-шығуы екі жақ доғасымен бірге. Жұлынның осы деңгейде соғылуы. Омыртқа өскінінің жалғамаларының толық жыртылуы. Екі аяғының салдануы. Жұлын-жамбас қызметінің бұзылыстары: зәр және нәжіс бөліністерінің бұзылыстары. Несеп ағар түтігінің аралық деңгейде жыртылуы. Жамбас сүйектерінің сүйек қалдықтарының ығысуы мен жабық сынығы түрінде» ауыр дене жарақаттары келтірілген.

2017 жылғы 3 мамырдағы № 1945647 санды мүгедектігі туралы анықтамасына сәйкес, Б[...] қайта куәландыру мерзімінсіз, жалпы сырқаттану санаты бойынша бірінші топтағы мүгедектік тағайындалған.

«Республика соттарының денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 1999 жылғы 9 шілдедегі №9 нормативтік қаулының 4,5,7-тармақтарына сәйкес толық не iшiнара кәсiби еңбек қабiлеттiлiгін, ал олай болмаған жағдайда – жалпы еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалтқан зардап шегушiлер денсаулыққа келген зиянды өтеттiруге құқылы.

Қызметi басқа адамдарға қауiп-қатермен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның келтiрілуi бой бермейтiн күштiң салдарынан немесе зардап шегушiнiң қасақаналығынан болғаны дәлелденбесе, қатерлi орын туғызу арқылы келтiрілген зиянды өтеуге мiндеттi. Қатерлi орын туғызу иесi келтiрiлген зиян үшiн қазiргi заң негiзiнде белгiленетiн мөлшерде жауап бередi.

Жүзеге асырылуы адамның оны толық бақылауға алуына келмейтiндiктен зиян келтiретiн қатерлi орын туғызатын кез келген әрекеттер, сондай-ақ осындай сипаттағы өндiрiстiк, шаруашылық және басқа да бағыттағы заттар мен өзге объектілердi пайдалану, тасымалдау, сақтау жөнiндегi қызмет қатерлi орын туғызушы болып танылады. Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің (бұдан әрі-АК) 937-бабының талаптарына сәйкес азаматқа жарақат немесе денсаулығына өзге де зақым келтірілген кезде жәбірленуші жоғалтқан, онда болған не анық иелене алатын табыс (кіріс)өтелуге жатады.

Бұл орайда, соттар жоғалтқан жалақысын (табысын) белгiлеген кезде зардап шегушiнiң мертiгуi немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты денсаулығына зиян келтiрiлгенге дейiн және одан кейiн тағайындалған мүгедектiк ақы, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне кiрмейтiнiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiрiлгеннен кейiн алған жалақысы есептелмейдi.

АК-нің 938-бабының 4-тармағына сәйкес жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның бiлiктiлiгiндегi қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актiлерiмен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.

Б[...] жауапкер О[...] кінәсінен бірінші топтағы мүгедек атанып, арбамен жүріп-тұруға және үнемі стационарлық емделуді қажет етеді.

Жол көлік оқиға болған кезде Б[...] жұмыс істемегендіктен, сотқа Ақтөбе облысы бойынша айына 181 465 теңгені құрайтын орташа айлық жалақы туралы Статистика департаментінің анықтамасы ұсынылған.

Алайда, соттар дәлелдемелерге, яғни орташа айлық жалақы және жәбірленушінің жоғалтқан табысты есептеу туралы анықтамаларға ешқандай баға бермеген.

Осыған орай, талап қоюшының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Талап қоюшының өкілі – адвокат С[...] Ақтөбе қаласының №3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешімін және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер

жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья

Б.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.