Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/635 (Гражданское)

6003-26-00-2к/635

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.Қ. Тлеубаева,

прокурор Н[...], талап қоюшының өкілі Ж[...], жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер жеке кәсіпкер А[...] мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің уақытша өтеулі пайдаланудағы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін өтемақысыз мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы жер мемлекет мұқтаждығы үшін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылған. Мемлекет пайдасына жауапкерден 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот тараптардың өкілдерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда жеке кәсіпкер А[...] 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 942 жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жер пайдалану құқық беру туралы Шымкент қаласының әкімдігінің қаулысы мен

жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың үлгілік шарты негізінде Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Чапаев өтпе жолы, №4/1 мекенжайда орналасқан кадастрлық № [...] жалпы алаңы 0,1014 га жер учаскесі табысталған.

2025 жылғы 6 қаңтардағы Шымкент қаласы Бас жоспары негізінде Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Чапаев өткелі, №4/1 мекен жайында орналасқан, №26 Жамбыл атындағы мектеп гимназиясының алдында орналасқан құрылыс материалдарын сататын сауда орындары және құрылыс базарына келіп кететін жүк көліктері оқушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу туралы Шымкент қаласы әкімдігінің №29 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) қабылданған.

Қаулының 5-қосымшасына сәйкес жауапкерге тиесілі Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Чапаев өткелі, №4/1 мекенжайда орналасқан кадастрлық №22327-065-188 жалпы алаңы 0,1014 га жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару бекітілген.

Талап қоюшы жауапкерге 2025 жылғы 8 қаңтарда №24-11-04/102 хабарлама жолдап, онда ұсыныспен келіспеген жағдайда талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінетіні жайлы ескерткен. Жауапкер мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесіне келісім рәсімдеріне бастамашылық жасау ниеті бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне тиісті өтініш білдірмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 69 бабының 1,2-баптарына сай, меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны алған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауға құқылы. Аталған өтініш берілген күні тіркеледі.

Осы Заңның 69-бабының 4-тармағына сәйкес, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың бірде-біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару сот тәртібімен жүзеге асырылады деп қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабының 3 тармағына сәйкес, жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы (мемлекеттен сатып алынған немесе сатып алынбаған жер пайдалану құқығымен) жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады. Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

Сот барысында анықталғандай, жауапкерге жоғарыда аталған Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Чапаев өткелі, №4/1 мекенжайда орналасқан

кадастрлық №[...] жалпы алаңы 0,1014 га жер телімі 5 жылға жалға берілген. Мемлекет мұқтажы үшін алып қою бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылдың 6 қаңтардағы №29 санды Қаулысы қабылданғаны туралы, яғни жер телімі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатыны жөнінде жауапкер хабардар болған. Алайда, жауапкер мемлекеттік мұқтаж үшін алынатын жер теліміне келісім рәсімдеріне бастамашылық жасау ниеті бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне немесе «Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-не тиісті өтініш білдірмеген.

Жоғарыдағыларды ескере отырып, бірінші сатыдағы сот дауланып отырған жер телімі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен өтемақысыз шығаруға құқықтық негіздер бар деп тапқан.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа

алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Л. Мамырбаева

Судьялар А.Тогумбетова

А. Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.