ВС РК - Постановление от 07.12.2021 по делу 6001-21-00-3гп/522 (Гражданское)

6001-21-00-3гп-522

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 7 желтоқсан

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасының м.а. Б.Ж.Тоқтарова, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзаке,

прокурор Д[...], жауапкерлер «JG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі М[...], «КА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О[...] және оның өкілдері Б[...], Б[...], Қазақстан Республикасы Индустрия және тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның өкілдері Қ[...], С[...],

талап қоюшы «Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма), жауапкерлер «JG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «JG[...]» ЖШС), «Б1[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Б1[...]» ЖШС), «КА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «КА[...]» ЖШС), Қазақстан Республикасы Индустрия және тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - «Мемсараптама» РМК):

  • нысанның жобалау-сметалық құжаттарында (әрі қарай - ЖСҚ) «Мемсараптама» РМК-нің берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану;

  • нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстарының жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау;

  • 2019 жылғы 14 маусымдағы № 81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану;

  • 2019 жылғы 25 маусымдағы № 88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге мөлшерінде жарамсыз деп тану;

  • 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану;

  • «КА[...]» ЖШС-нен 263 315 461 теңге, «JG[...]»

  • ЖШС-нен 554 915 теңге, «Б1[...]» ЖШС –нен 2 657 901 теңге өндіру;

  • жауапкерлерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп

  • тану туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы «КА[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Талап қоюшы Басқарма жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, оны жобалаушының жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуде жол берген қателіктер мен заң бұзушылықтары салдарынан мемлекеттік бюджетке материалдық залал келтірілгенімен, жауапкерлерді шарттық міндеттемелерді тиісті түрде орындамаған өнім берушілер ретінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылуға жататынымен негіздеген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 14 маусымдағы шешімімен Басқарманың талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.

Шешімнің нысанның ЖСҚ-да «Мемсараптама» РМК-нің берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану, нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстардың жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау, 2019 жылғы 14 маусымдағы № 81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 25 маусымдағы № 88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге мөлшерінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, «КА[...]» ЖШС-нен 263 315 461 теңге, «JG[...]» ЖШС-нен 554 915 теңге, «Б1[...]» ЖШС –нен 2 657 901 теңге өндіру туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде күші жойылған.

Іс бойынша Басқарманың бұл бөлігіндегі талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған:

  • Басқарма мен «JG[...]» ЖШС арасындағы 2019 жылғы 14 маусымдағы № 81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде;

  • Басқарма мен «Б1[...]» ЖШС арасындағы 2019 жылғы 25 маусымдағы № 88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге бөлігінде;

  • Басқарма мен «КА[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп танылған;

  • «КА[...]» ЖШС-нен 263 315 461 теңге, «JG[...]» ЖШС-нен 554 915 теңге, «Б1[...]» ЖШС-нен 2 657 901 теңге мемлекет пайдасына өндірілген;

  • Жауапкерлер «JG[...]» ЖШС-нен жергілікті бюджетке 16 647 теңге, «Б1[...]» ЖШС-нен – 79 737 теңге, «КА[...]» ЖШС-нен 7 899 464 теңге мемлекеттік баж өндірілген;

Басқарманың жауапкерлер «JG[...]» ЖШС-не, «Б1[...]» ЖШС-не, «КА[...]» ЖШС-не «Мемсараптама» РМК-мен берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану, нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстарының жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау туралы талап қою арызы бойынша азаматтық іс жүргізу тоқтатылған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта «КА[...]» ЖШС-і іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

«Б1[...]» ЖШС-нің өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.

Алқа, «Б1[...]» ЖШС-нің өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын оның өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.

Сот алқасы іс бойынша жауапкерлер «КА[...]» ЖШС-нің директоры О[...] және оның өкілдері Б[...], Б[...], «JG[...]» ЖШС-нің өкілі М[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, «Мемсараптама» РМК-ның өкілдері Қ[...], С[...] өтінішхатты қарауды соттың құзыретіне қалдырған түсініктерін, Басқарманың өкілі С[...] өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың апелляциялық сатыдағы сот актісін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.

Іс құжаттарына қарағанда, Басқарма (бұдан әрі - Тапсырыс беруші) мен «JG[...]» ЖШС-нің (бұдан әрі - Жобалаушы) арасында 2016 жылғы 9 қыркүйекте және 2019 жылғы 14 маусымда (құны 6 244 507 теңге) жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттар түзілген. Шарт бойынша Жобалаушы Бәйдібек ауданындағы КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының 645-675 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарына (жөндеу жұмыстары) құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін ЖСҚ әзірлеуге міндеттеме алған.

Сонымен қатар, Тапсырыс беруші мен «Мемсараптама» РМК-ның арасында 2017 жылғы 2 қазанда жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт түзілген. Шарт бойынша жөндеу жұмыстарына Жобалаушының әзірлеген ЖСҚ-ға заңнама талаптарына сәйкес ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге міндеттеме алған.

«Мемсараптама» РМК ЖСҚ-да жіберілген қателерге баға бермей, 2017 жылғы 15 желтоқсанда оң қорытынды берген.

Басқарма мен «Б1[...]» ЖШС-і (әрі қарай – Техникалық қадағалаушы) арасында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 2019 жылғы 25 маусымда шарт түзілген (құны 6 244 507 теңге). Шарт бойынша техникалық қадағалаушы күрделі жөндеу жұмыстары барысында талап қоюшы үшін шарт және заңнама талаптарына сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыру міндеттемесін алған.

Тапсырыс беруші мен «КА[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылғы 22 мамырда автомобиль жолдарын күрделі жөндеу туралы құны 3 228 662 248 теңгеге мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.

Сотта анықталғандай, бүгінгі күні нысан бойынша жұмыстар толығымен орындалып, тиісті актілерге қол қойылып, тиісті қаражат аударылған.

Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлық есебінің нәтижесінде Басқармаға жолданған нұсқамасына сәйкес ЖСҚ-ның бастапқы деректерін анықтайтын құжаттың 53-тармағында есепте жобалаушы тарапынан «2» санының орнына «22» санының көрсетілуінің салдарынан ЖСҚ-ның «Локальдық ресурстық сметасының № 2-4» бөлімінің «Қиылысу (негізгі жолмен)» бөлігінің 45-тармағында жол негізінде қаралған қара қиыршық тастың құны 30 977 001 теңгенің орнына 308 434 402 теңге болып артық есептелгені және айырмасы 277 457 401 теңгені құрайтындығы, нәтижесінде мердігер «КА[...]» ЖШС-не 263 315 461 теңге,

техникалық қадағалаушы «Б1[...]» ЖШС-не – 2 657 901 теңге, авторлық қадағалаушы «JG[...]» ЖШС-не – 554 915 теңге артық төленгені анықталған.

Аталған нұсқамада Басқармаға қаражаттарды мемлекет пайдасына қайтару шараларын қарастыру ұсынылған.

Өтініш беруші апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда көрсетілген қаулысын іс үшін маңызы бар белгіленген мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ сот тұжырымдарының істегі мән-жайларға сәйкес келмеуіне, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.

«Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 15 бабының 2-тармағына сәйкес жол қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (Заңның 1-бабының 16 тармағы) жұмысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес орындауға міндетті.

Осы Заңның 19-3-бабының 1-тармағына сәйкес автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманың, осы Заңның, Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының және автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Ал осы баптың 3-тармағы бойынша жол жұмысшыларының және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қозғалысты ұйымдастыру және жұмыстар жүргізілетін орынды қоршау шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етілуге тиіс, олар жұмыстарды жоспарлау барысында қарастырылуға және оларды жүргізу кезінде ұдайы тексерілуге тиіс. Күрделі жөндеу кезінде атқарылатын жұмыстардың қатарына жөндеу кезінде уақытша айналма жол салу және оны ұстап тұру да жатады.

Аталған жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы

11 наурыздағы № 55 қаулысымен бекітілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 272-бабының талабына сай мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.

ЖСҚ Басқарма мен «JG[...]» ЖШС-нің арасында түзілген мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша 2016 жылы жасалған.

ЖСҚ-ға 2017 жылдың 15 желтоқсанында «Мемсараптама» РМК-і оң қорытындысын берген.

Осы ЖСҚ-ның негізінде ашық конкурс жарияланып, оның жеңімпазы анықталып, Тапсырыс беруші мен «КА[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылғы 22 мамырда автомобиль жолдарын күрделі жөндеу туралы құны 3 228 662 248 теңге тұратын мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.

«КА[...]» ЖШС-і өзіне тиесілі мердігерлік жұмысын толығымен атқарып, оның ішінде айналма жол салып, жол жамылғысының

сапасын жақсарту үшін сметалық құн шегінде локальдық сметада көрсетілген «ыстық қара қиыршық тасты» сапасы жоғары «ыстық жоғары кеуекті» асфальтобетонды қабатқа (қалыңдығы 12 см, ені 8 м, ұзындығы 30 шақырым) ауыстырып, оны 2020 жылғы 25 қарашада қабылдау комиссиясына заң талаптарына сай өткізген.

Нысан бойынша барлық тиісті формаларға (№№ 2, 3) қол қойылып, тиісті қаражат мердігерге аударылған.

Тараптардың сот алқасына берген түсініктемелері бойынша қабылдап алынған жолға осы уақытқа дейін ешбір ескертпелер түспеген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы заңының 43-бабының 23-тармағына сай тапсырыс беруші мен өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда көрсетілген шарт орындалды деп есептеледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі «Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалықэкономикалық негіздемелерді және жобалау – сметалық құжаттаманы) қағидаларын бекіту туралы» № 304 бұйрығының 21-тармағында егер бұрын бекітілген жоба бойынша құрылыс толық көлемде орындалса, онда ЖСҚ түзетуге және қайта бекітілуге жатпайды деп көрсетілген.

АК-нің 369-бабына сәйкес мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.

Демек, апелляциялық сатыдағы сот Басқарма мен «КА[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп заңсыз таныған және «КА[...]»» ЖШС-нен 263 315 461 теңге мемлекет пайдасына, 7 899 464 теңге мемлекеттік баж негізсіз өндірген.

Электрондық іс құжаттарынан «КА[...]» ЖШС-нің шарт бойынша өзіне тиесілі міндеттерін атқарған кезде заң талаптарына сай кінәсі анықталмаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қозғаған қылмыстық ісі әлі аяқталмаған, күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджеттік қаржыны орынды мақсатпен және тиімді жұмсалғанын анықтау үшін тағайындалған сот-құрылысэкономикалық сараптамасы бойынша тиісті дәрежеде қорытынды шығарылмаған.

Сондықтан сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың «КА[...]» ЖШС-і бойынша жасаған қорытындысы заңға және іс үшін маңызы бар мән-жайларға негізделмеген деп санайды.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігіне сәйкес істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме оның

қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының «КА[...]» ЖШС-не қатысты жаңадан шығарылған шешімінің күші жойылып, осы бөлігінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 14 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылады.

АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін «КА[...]» ЖШС 2021 жылғы 20 қыркүйектегі № 1527 төлемдік тапсырмамен төлеген 3 949 732 теңге мемлекеттік баж және жоғарыда қаулымен өзгертіліп өндірілген 7 899 464 теңге (№ 2210015/21-5291 төлем тапсырмасымен 2021 жылы 8 қазанда аударылған) мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы 108-бабының тәртібі бойынша қайтарылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

Қаулының «Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «КА[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп танылған; «К[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 263 315 461 теңге және 7 899 464 теңге мемлекеттік баж өндірілген бөлігінің күші жойылсын.

Осы бөлікте Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 14 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын. «КА[...]» ЖШС-ға қаулымен өндірілген 7 899 464 (жеті миллион сегіз жүз тоқсан тоғыз мың төрт жүз алпыс төрт) теңге мемлекеттік баж және істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін төленген 3 949 732 (үш миллион тоғыз жүз қырық тоғыз мың жеті жүз отыз екі) теңге мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 108-бабының тәртібі бойынша қайтарылсын.

«КА[...]» ЖШС-ның өтінішхаты қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова Судьялар Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.