Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 ақпан №6003-25-00-2к/5462 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,
талап қоюшы С.Казиев, жауапкердің өкілі Е.Демешовтің қатысуларында,
ашық сот отырысында талап қоюшы Сагиндык Базарбаевич Казиевтің жауапкер «Эйр Астана» акционерлік қоғамына материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
С.Казиев жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен С.Казиевтің талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттардың әуежай қызметкерлері кәмелет жасына толмаған қызын ұшаққа отыруға рұқсат бермеген жағдайды толық және жан-жақты зерттемегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін тексеріп, келесі түйінге келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 917-бабы 1-бөлігіне (бұдан әрі –АК) сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген мүліктік және (немесе) мүліктік емес зиянды, оны келтірген тұлға толық көлемінде өтеуге тиіс.
АК-нің 9, 951-баптарына сәйкес сот азаматтық құқықтарды қорғауды моральдық зиянның өтемiн төлету әдiсімен жүзеге асырады.
АПК-нің 27-бабы 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын даулар бойынша азаматтық істерді қарайды және шешеді.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігі 1) тармағына сәйкес егер істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған кез-келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Осы Кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес Кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымы мен қаулысының күшін толық не бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді не, егер іс апелляциялық сатыдағы сотта немесе мәні бойынша қаралмаған болса, бірінші сатыдағы сотқа жібереді.
Талап қоюшы С.Казиев сотқа берген талап қоюында өзінің кәмелет жасына толмаған 2008 жылғы 29 қарашада туған қызы Ұ.Базарбаеваның мүддесін қорғап, жауапкер «Эйр Астана» АҚ-нан 145 373 теңге материалдық шығын және 5 000 000 теңге моральдық зиян өтемін өндіруді сұраған. Талап қоюды 2024 жылғы 10 қарашада жауапкерден 2024 жылғы 25 желтоқсанда қәмелет жасына толмаған қызы Ұ.Базарбаеваға Шымкент-Ақтау бағытында ұшатын рейске билетін таңертеңгі сағат 10.30-да онлайн тіркеу жасап, осы күні кешкі сағат 18.20 шамасында Шымкент қаласының аэропортында ұшу мақсатымен Ұ.Базарбаева отырғызу бекетіне өтіп, күту залында отырған кезде Шымкент әуе-жайының қауіпсіздік қызметкерлері оны ұшаққа жібермей қойғаны нәтижесінде жауапкерге материалдық шығын келтіргенімен және камелетке толмаған қызы қорқып, күйзеліске түскені, ызаға бұланғаны, отбасы да қатты уайымдағанымен негіздеген.
Бұл азаматтық істі Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты қарап, 2025 жылғы 17 шілдеде талап қоюшы С.Казиевтің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы істі қараған кезде талап қою камелетке толмаған баланың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау тәртібінде берілгенін, мұндай істер АПК-нің 27-бабы 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарап, шешетініне мән бермеген.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігі 1) тармағына және 451-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес іс сотта заңсыз соттылық туралы қағидаларды бұзып қарағандықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі
сот алқасына бірінші сатыдағы сот тәртібімен жаңадан қарау үшін жіберілуге, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Істі жаңадан қараған кезде тараптардың арасында сотпен татуласу рәсімдерін қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет. Тараптар келісімге келмеген жағдайда, сот талап қоюшы тарапынан іске қатысатын тұлғалардың құрамын анықтап, әрбір тараптың өз талаптары мен қарсылықтарын растау үшін ұсынуы тиіс дәлелдемелерді анықтап, барлық дәлелдемелерді толық және объективті зерттеп, заңды және негізді шешім қабылдауы тиіс.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімінің және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы сот тәртібімен жаңадан қарау үшін жіберілсін. Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев Судьялар А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.