6001-22-00-6ап/815 6001-22-00-6ап/815(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 11 тамыз
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Н.Ү.Қайыпжан, судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Ш.Т.Даниярова болып, талап қоюшының өкілі М[...],
жауапкер жеке сот орындаушы А[...],
мүдделі тұлға М[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) А[...] қолайлы әкімшілік акт қабылдамау әрекетсіздігін заңсыз деп тану, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдауды міндеттеу жайлы талап қою арызы бойынша әкімшілік ісін,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 наурыздағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлғаның келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ш[...] өз тарапынан сот шешімін толық көлемде орындағанын, алайда ЖСО А[...] атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдаудан негіссіз бас тартқанын көрсете келе, сот орындаушының әрекетін заңсыз деп танып, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдауды міндеттеуді сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Ш[...] талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
ЖСО А[...] қолайлы әкімшілік акт қабылдамау әрекетсіздігі заңсыз деп танылып, №764/21-79-1249 атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдау міндеттелген.
Жауапкер ЖСО А[...] және мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымдарында апелляциялық алқа соты материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылуына жол бергенін көрсете келе, қаулының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы жауапкер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдарын қолдаған пікірлерін, талап қоюшы өкілінің апелляциялық саты сотының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы түсінігін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін зерделеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Істі негізінен қарау барысында апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 19 мамырдағы шешімімен М[...] талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, Ш[...] заңсыз соғылған құрылысты және кіретін қақпаны өз есебінен бұзып, өз жағына жылжытып, қалпына келтіру міндеттелген. Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
ЖСО А[...] 2021 жылдың 26 шілдесінде атқарушылық іс жүргізу қозғаған.
Талап қоюшы 2021 жылдың 15 желтоқсанында ЖСО А[...] сот шешімін толық орындағанын хабарлап, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Ш[...] сот шешімін орындағанын тиісті мамандардың қорытындысымен растамағанын негізге алған.
Бұл тұжырыммен апелляциялық алқа соты келіспей, сот шешімі істің мән-жайларына сай келмейтінін, қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына қайшы екенін көрсете келе, шешімнің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Сот алқасы апелляциялық саты сотының тұжырымдарын іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған деп таниды.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабы 1-тармағына сәйкес, осы Заңның 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжат орындауға берілген күннен бастап атқарушылық iс жүргiзу мәселелері бойынша сот орындаушысы қабылдайтын шешімдер қаулылармен ресімделеді. Заңның 47-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сай атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса, тоқтатылады.
ЖСО А[...] атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдаудан бас тартуға себеп болып отырғаны, 2021 жылғы сот шешіміне қатысы жоқ құрылыстың (қоршаудың) астындағы фундаменттің құрылыс нормаларына сай орналастырылмауы, яғни іргелес жер учаскесінде орнатылған қоршаудың сапасына қатысты.
Алайда, сот орындаушысы 2021 жылғы сот шешімімен тараптар арасындағы даудың бұл бөлігі, яғни құрылысқа қатысты бөлігі қанағаттандырудан бас тартылғаны назардан тыс қалдырған. Апелляциялық алқа соты, маман Б[...] қатысуымен өткізген көшпелі сот отырысында даулы жер учаскесіне тиісті өлшемдер жүргізіп, даулы жердің нақты шекараларын анықтап, нәтижесінде сот шешімінің орындалғаны, яғни Ш[...] қоршауды 9,1 метрге жылжытып, М[...] тиесілі жер учаскесі бұрыңғы қалпына келтірілгендігі анықталған.
Сонымен қатар, ЖСО А[...] борышкер Ш[...] қатысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдаудан бас тартуға құқықтық негіз болатын тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылдың 6 желтоқсандағы ұйғарымымен сот шешімі орындалмағандығы дәлелденді деген жауапкер тарапының уәжін апелляциялық алқа соты негізге алмағаны орынды болып табылады, себебі көшпелі алқа отырысында маман Б[...] қорытындысымен 2021 жылғы сот шешімінің толық көлемде орындалғандығы анықталған.
Аталған мән-жайлар, бірінші сатыдағы сот назарынан тыс қалып, оларға тиісті құқықтық баға берілмеген.
Кассациялық шағым иелерінің қоршаудың ені бойынша ауытқуы бар деген уәждерін сот алқасы негізсіз деп санайды, себебі маман Б[...] қоршауды жылжыту барысында орын алған ауытқу елеусіз екені және ол тараптармен ортақ қоршау орналастыру барысында түзетілетіндігі ескерілуге жатады, деген қорытынды берген.
ӘРПК-тің 5-бабына сай әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-тің 8-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Жоғарыда аталғандар негізінде апелляциялық алқа соты істің мәнжайын дұрыс анықтағанын, материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған қаулының күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге негіздер жоқ деп санайды.
Мұндай жағдайда жауапкердің және мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жеке сот орындаушы А[...] және мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Қайыпжан Н.Ү.
Судьялар Дуйсенбаев Г.Б.
Даниярова Ш.Т.
Көшірмесі дұрыс Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.