КСАД РК - Постановление от 03.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2583 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 3 желтоқсан №6003-25-00-4к/2583Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші-судья Д.А. Әбдіғалиев, судьялар - Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов, жауапкердің өкілі Қ.А. Жұпбаевтың қатысуымен, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі - МАӘС) 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - ӘІСА) 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,

Райхан Ибатулловна Джангулиеваның Тараз қаласының әкіміне қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді. МАӘС-тің 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Тараз қаласы әкімінің жылғы 23 шілдедегі қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

ӘІСА-ның 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруды сұрады.

Талап қоюшының өкілінен оны бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосу туралы өтінішхат келіп түсті. Алайда бұл өтінішхат қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істері жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке өзінің қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл туралы процестің барлық қатысушыларына алдын ала хабарланған. Жоғарыда көрсетілген кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгерту үшін негіз болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі олар тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкердің өкілін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, істің материалдарын зерттеп, кассациялық сот мынадай түйінге келді.

ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан

Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеді.

Анықталған мән-жайлар бойынша Тараз қаласы әкімінің 2021 жылғы 30 шілдедегі қаулысының негізінде талап қоюшы Р.И. Джангулиеваға Тараз қаласының Жангелдин мен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан уақытша сауда павильоны мен жазғы алаңды орналастыру үшін ауданы 0, 0174 га жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану ( жалға алу) құқығы ұзартылған. «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен талап қоюшының арасында 2021 жылғы 3 тамызда жалдау шарты жасалды, талап қоюшыға жерге мемлекеттік акт берілді.

2024 жылғы 11 шілдеде талап қоюшы Тараз қаласының әкіміне жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінді.

Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен талап қоюшыға жер пайдалану құқығын ұзартудан бас тартылды. Бас тартудың негіздемесінде сұралған учаскенің жасыл аймақта орналасқандығы және онда құрылыс көзделмегені көрсетілген.

Талап қоюшы жер учаскесін жалдау мерзімін ұзартудан бас тартумен келіспей, сотқа жүгінді. Негіздемеде оның жаңа мерзімге шарт жасасуға басым құқығы бар екенін көрсеткен, өйткені ол 15 жыл бойы шарт бойынша міндеттерін адал орындаған, барлық төлем мен салықты төлеген.

Талап қоюды қанағаттандыра отырып, төмен тұрған соттар дау айтылған бас тартудың заң нормаларына негізделмегенін, талап қоюшы сұраған жер учаскесінің жасыл аймақта болуы оны жалға алу құқығын ұзартудан бас тартуға негіз болып табылмайтынын көрсеткен. Жер кодексінің 109-бабына сәйкес жасыл аймақ жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерге жатады және талап қоюшының жазғы алаңы-сауда павильоны кіретін жеңіл салынатын құрылыс инфрақұрылымының уақытша объектілерін орналастыруға рұқсат етіледі.

Кассациялық сатыдағы сот отырысында жауапкердің өкілі сотқа жер учаскесі мен павильонның орналасқан жерінің фотосуреттерін ұсынып, уақытша сауда павильоны мен Р.И. Джангулиеваның жазғы алаңы «Тектұрмас» тарихи кешенінің аумағында екенін түсіндірді. Қазіргі уақытта қаланы дамытудың жаңа Бас жоспарына сәйкес талап қоюшы жалдаған учаске көгалдандыруға, сыртқы сәулеттік келбетін жақсартуға арналған функционалды аймаққа енгізілген. Талап қоюшының уақытша павильоны заманауи сәулеттік келбет тұжырымдамасына сәйкес келмейді, бекітілген абаттандыру тұжырымдамасына кірмейді, кешенді көгалдандыру және ашық кеңістік жоспарланған аймақта көрнекі теңгерімсіздік тудырады. «Тектұрмас» тарихи кешенінің аумағында учаскенің болуы жерді пайдаланудың ерекше қағидаларын, уақытша құрылыстарды орналастыруға шектеуді және тарихи объектінің көрнекі тұтастығын сақтауға қойылатын талаптарды көздейді. Коммерциялық павильонды мәдени мұраны қорғау аймағында орналастыру тарихи-мәдени аумақтарды қорғауды реттейтін заңнаманың талаптарына қайшы келеді.

Жауапкер келтірген дәлелдерді талдай отырып, кассациялық сот шағым мына негіз бойынша қанағаттандырылмайды деп санайды.

ӘРПК-нің 129-бабының үшінші бөлігіне сәйкес жауапкер әкімшілік актіде айтылған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.

Алайда әкімдіктің жалдау құқығын ұзартудан бас тарту туралы қаулысында жауапкер кассациялық сатыдағы сот отырысында келтірген дәлелдер көрсетілмеген. Демек, сот кассациялық сатыдағы сот талқылауы барысында ғана жауапкер ұсынған жаңа мән-жайларды назарға ала алмайды және төменгі сатыдағы соттар қабылдаған шешімдердің заңдылығына әсер етпейді.

Осылайша жалдау құқығын ұзартудан бас тарту туралы қаулыда сұралған жер учаскесінің Тараз қаласының бекітілген егжей-тегжейлі жоспары мен Бас жоспарының негізінде жасыл аймақ аумағында орналасқандығы және онда өзге мақсаттар үшін құрылыс және өзге де жұмыстар көзделмегені көрсетілген. Бұдан басқа жауапкер сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның жеңіл салынатын құрылыс инфрақұрылымының объектілері үшін емес, күрделі объектілерді орналастыру үшін жер учаскелеріне ғана берілетін қорытындысына сілтеме жасаған.

Жоғарыда айтылғанға байланысты, әкімдіктің дау айтылған қаулысында талап қоюшының жалға алуын ұзартудан бас тарту - жария мүдделерге, аумақтың қала құрылысы мақсатын өзгерту қажеттілігіне, қаланың сәулеттік келбетіне қойылатын талаптарға және тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі талаптарға, учаскенің тарихи кешен шекарасында орналасуына, аумақты функционалдық пайдалануды регламенттеуге және талап қоюшының жалға алуды автоматты түрде ұзарту құқығының болмауына негізделетіні көрсетілмеген

Істің мұндай тұрғысында төмен тұрған соттар шағым жасалған әкімшілік актіде көрсетілген негіздемелерге сүйене отырып, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданды.

Кассациялық шағымның қалған дәлелдері өзінің мазмұны, мәні мен мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда келтірілген дәлелдермен бірдей. Бұл дәлелдерді апелляциялық сатыдағы сот қарап, оларға тиісті құқықтық баға берген.

Төмен тұрған соттардың іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтауына, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолдануына байланысты кассациялық сот дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Мұндай жағдайларда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға тиіс.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер – Тараз қаласы әкімінің өкілі Д. Алиаскарованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.