ҚАУЛЫ
2022 жылғы 22 қыркүйек 6001-22-00-6ап/578 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья – сот алқасының төрағасы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Е.Ж.Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының бөлім прокуроры Д[...],
талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкердің өкілдері Е[...], М[...],
мүдделі тұлғалар:
«Мұғалжар ауданы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Т[...],
«Н[...]» шаруа қожалығының өкілі К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының жауапкер Мұғалжар ауданының әкіміне жер комиссиясының қорытынды хаттамасын және әкімнің қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға «Н[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Б[...]» шаруа қожалығы сотқа берген талап қою арызында жауапкерлер Мұғалжар аудандық жер комиссиясының қорытындысы мен Мұғалжар ауданы әкімінің «Н[...]» шаруа қожалығына (бұдан әрі – ШҚ) жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. Мұғалжар аудандық жер комиссиясының шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсының 2021 жылғы 16 шілдедегі №494 қорытынды хаттамасының №2 лоттың №1 және №2 жер учаскелеріне қатысты бөлігі және Мұғалжар ауданы әкімінің «Н[...]» ШҚ-на жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы 2021 жылғы 22 шілдедегі №235 қаулысының күші жойылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Н[...]» ШҚ-ы кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жолдауды сұраған.
Мүдделі тұлғаның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы мен жауапкер өкілдерінің пікірлерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Даудың мән-жайларына қарағанда «Мұғалжар аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданының «Еңбек» ауылдық округінде орналасқан №2 лоты бойынша көлемі 77,2 гектар №1 және көлемі 364,04 гектар №2 жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беру жөніндегі конкурстар ұйымдастырылған. Мұғалжар аудандық жер комиссиясының (бұдан әрі – жер комиссиясы) 2021 жылғы 16 шілдедегі №494 қорытынды хаттамасына сәйкес конкурстардың нәтижелерімен осы лоттың №1 және №2 жер учаскелері бойынша «Н[...]» ШҚ-ның басшысы Е[...] жеңімпаз болып танылған.
Мұғалжар ауданының әкімінің (бұдан әрі – аудан әкімі) 2021 жылғы 22 шілдедегі №235 қаулысымен «Н[...]» ШҚ-на Еңбек ауылдық округі аумағында босалқы жер қорынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қосымшаға сәйкес 439,36 гектар жайылым, 1,88 гектар басқа алқаптар, барлығы 441,24 жер участкесі уақытша 20 жылға ортақ бірлескен өтеулі пайдалану құқығымен берілген.
Соттар талап қою арызын қанағаттандыру туралы шешімдерін келесі негіздермен қабылдаған.
- Мұғалжар аудандық мәслихатының 2021 жылғы 14 маусымдағы №59 шешімінің қосымшасына сәйкес Мұғалжар аудандық жер комиссиясының құрамында 40 тұлға бекітілген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі 43-1-бабының 13-тармағына сай шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жер комиссиясы осы Кодекстің 43бабының 2-тармағына сәйкес өткізеді. Осы кодекстің 43-бабының 2-тармағында жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептелетіні көрсетілген. Жер комиссиясының құрамы 40 адам болып бекітілген болса, оның үштен екісі 27 адамды құрайды. Дауланып отырған жер комиссиясының қорытынды хаттамасына сәйкес 31 адам қатысқан, хаттамаға 20 адам қол қойған және аудиобейнежазбадан комиссия құрамында 11 адам қатысқаны анықталған. Осыдан комиссия отырысына қатысқан және хаттамаға қол қойған тұлғалардың саны заңның 43-бабының 2-тармағына сай келмейді. 2) Жер кодексінің 43-1 бабының 2-тармағы бойынша шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар жалпы санының кемінде төрттен үші оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі. Комиссия отырысында оның мүшелерінің саны түгел болмауына байланысты жер комиссиясының «Н[...]» ШҚ-на хаттамалық оң шешімі жер заңнамасы талаптарының бұзылуымен шығарылған.
Сот алқасы жергілікті соттар дауды дұрыс және заңды шешу үшін іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамаған деп есептейді.
Жер комиссиясының құрамы құқыққа сиымды болмаған деген соттардың тұжырымдары Мұғалжар аудандық мәслихатының жер комиссиясының құрамын бекіту туралы 2021 жылғы 14 маусымдағы №59 шешімі жете зерттелмей қабылданған. Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сай жер комиссиясының құрамына:
жергілікті өкілді органның депутаттары;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері;
қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері;
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына:
жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;
жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ұйғаруы бойынша жер комиссиясының құрамына басқа адамдар да кіруі мүмкін.
Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзінөзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.
Жауапкер мен мүдделі тұлғалар өз уәждерінде жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілетіндігін, сондықтан жер комиссиясының құрамының бір бөлігі Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сай тұрақты түрде, ал қалған бөлігі жер учаскесі аумағында орналасқан кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерімен қоса жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері жер комиссиясына кіргізілгенін, соңғылары өз жер учаскесі аумағында орналасқан конкурстар бойынша ғана дауыс беретінін, тиісінше « Еңбек» ауылдық округінде орналасқан даулы жер учаскелері бойынша жер комиссиясының 9 тұрақты мүшесі және ауылдық округі әкімі мен халық өкілінің, барлығы 11 адам дауыс бергенін, яғни, жер комиссиясының құрамы даулы жер учаскелері бойынша құқыққа сиымды болғанын көрсеткен. Алайда соттар бұл мән-жайларға құқықтық баға бермеген және оларды теріске шығаратын уәждер келтірмеген. Мұғалжар аудандық мәслихатының жер комиссиясының құрамын бекіту туралы шешімінің мазмұны мен қолданылуы туралы аталған мәслихаттан сұратылмаған. 2) Соттар конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар жалпы санының кемінде төрттен үші оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі деп көрсете тұра, комиссия отырысында оның мүшелерінің саны түгел болмауына байланысты жер комиссиясының «Н[...]» ШҚ-на хаттамалық оң шешімі жер заңнамасы талаптарының бұзылуымен шығарылған деп тұжырымдаған. Бірақ аталған мәселеге жер комиссиясының құқыққа сиымдылығының қаншалықты қатыстылығы бар екендігін соттар өз шешімдерінде негіздемеген.
Жер кодексінің 43-1 бабының 2-тармағы бойынша шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар жалпы санының кемінде төрттен үші оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі. Бұл заң нормасына сәйкес аталған санаттағы жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі. Конкурсқа шығарылған даулы жер учаскелері бойынша келісуші органдар мен ұйымдардың қорытындысы соттармен зерттелмеген. Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасының қаулысының күші жойылып, іс Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жолдануға жатады. Істі жаңадан қарағанда жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, дау бойынша негізді және заңды шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысының күшін жойылып, іс осы сот алқасына жаңадан қарауға жолдансын.
«Н[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Б.Нажмиденов
Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.