6001-23-00-6ап/2999, (2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор М[...],
талап қоюшы өкілі Б[...], жауапкер өкілі Ә[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «ҚБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кентау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысына келтірілген жауапкердің кассациялық шағымы мен Түркістан облыс прокурорының кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа аталған әкімшілік талап қою арызымен жүгініп, 2021 жылғы 7 қазандағы хабарламаны заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен Серіктестіктің талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен Түркістан облысы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 шілдедегі қаулысының күші жойылып, іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарау үшін жолданған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшы «ҚБ[...]» ЖШСнің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Басқарманың камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 7 қазандағы хабарламасы заңсыз деп танылған.
Жауапкер, прокурор кассациялық шағым мен өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Тараптар өкілдерінің түсініктерін, прокурордың кассациялық шағым мен өтінішхатты қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда «ҚБ[...]» ЖШС-гі мен «И[...]» ЖШС-гі (бұдан әрі - тауар жеткізуші) арасында 2019 жылғы 10 қаңтарда тауарларды жеткізу туралы келісім шарты жасалған.
Келісім-шарттың 2019 жылғы 14 наурыздағы №1 қосымшасында жалпы құны 2 513 280 теңгеге өлшемі 1 700 ш.м. ұсақ қалыпты фракция тақталарын жеткізу көзделген.
Келісім-шарттың 2019 жылғы 19 наурыздағы №2 қосымшасында жалпы құны 12 192 320 теңгеге 5 443 данада жоғары тығыздықтағы талшықты тақталарын (бұдан әрі - ЖТТ тақталары) және жалпы құны 11 802 560 теңгеге өлшемі 42 152 ш.м. ағаш-талшықты тақталарды (бұдан әрі - АТТ тақталары) жеткізу көзделген.
Келісім-шарттың 2019 жылғы 26 наурыздағы №3 қосымшасында жалпы құны 15 509 760 теңгеге 6 924 данада ЖТТ тақталарын және жалпы құны 10 700 200 теңгеге өлшемі 38 215 ш.м. АТТ тақталарды жеткізу көзделген. «ҚБ[...]» ЖШС-гі «И[...]» ЖШС-гінен алған тауарларды 2018 жылғы 21 маусымдағы келісім шартқа, осы шарттың 2019 жылғы 15 наурыздағы №8 қосымшасына және 2019 жылғы 19 наурыздағы №9 қосымшасына сай тиісінше 26 725 766 теңгенің және 26 393 845 теңгенің, барлығы 53 119 611 теңгенің тауарларын «F[...]» ЖШС-не сатқан.
Жалпы құны 53 119 611 теңге тұратын тауарлар «ҚБ[...]» ЖШС-нен «F[...]» ЖШС-не жеткізілген, жүкқұжаттарында бұл тауарды өткізген және қабылдап алғаны жөнінде тиісті тұлғалардың қолдары қойылған.
«ҚБ[...]» ЖШС-гі бұл тауарларды «F[...]» ЖШС-гі тарапынан ұсынылған 2019 жылғы 14 наурыздағы №23 және 2019 жылғы 19 наурыздағы №25 сенімхаттарға сәйкес босатқан.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 3 маусымындағы заңды күшіне енген шешімімен «И[...]» ЖШС-нің, яғни тауар жеткізушінің 2012 жылғы 29 сәуіріндегі №68 бұйрығы негізінде мемлекеттік қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған.
Басқарма «ҚБ[...]» ЖШС-не тауар жеткізуші «И[...]» ЖШС-нің сот шешімімен мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылғандықтан камералдық бақылау нәтижелері бойынша 9 413 950 теңге көлемінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 7 қазанындағы хабарламасын қабылдап, оны «ҚБ[...]» ЖШС-не орындау үшін жолдаған. Хабарламаның №1 қосымшасында камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны рәсімдеуге сот шешімімен мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысулар бойынша шығындарына корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығын шегерімге құқысыз жатқызуы негіз болғандығы анықталып, бұзушылықтың сомасы 9 413 950 теңге деп көрсетілген. Камералдық бақылаумен қамтылған мерзім 2018 жылғы 1 қазан мен 2021 жылғы 30 қыркүйек аралығы. Талап қоюшы аталған хабарламамен келіспей, жоғары тұрған салық органдарына 2021 жылғы 3 қарашада және 2021 жылғы 16 қарашада шағым берген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 264-бабының 2)-тармақшасында шегерімге сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар жатпайды.
Салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда ғана тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан немесе дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы (Салық кодексінің 96-бабы 5-тармағы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 22 желтоқсандағы «Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» №9 Нормативтік қаулысының 23 тармағында камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған Салық кодексінің 96-бабы 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға дау айту туралы талап қоюларды қарау кезінде сот тіркелуі (қайта тіркелуі) Салық кодексінің 96-бабы 5-тармағына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылған осы заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын растау үшін салық төлеуші ұсынған дәлелдемелерге баға беруге және оларды зерттеуге міндетті.
Барлық өзге жағдайларда сот салық органында оның талаптарының мәні бойынша негізділігін тексермей хабарлама шығару үшін заңда көзделген негіздердің бар-жоғын анықтауы жеткілікті.
Олай болмаған жағдайда болашақ салықтық тексерулердің, оның ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындамау мәселесі бойынша жоспардан тыс тақырыптық тексерулердің нәтижелері алдын ала шешілетін болады.
Өз кезегінде салық төлеушімен оның құқығы жүзеге асырылып, онымен сотта жасалған мәмленің негізділігі дәлелденген.
Осылайша, талап қоюшы көрсетілген қызметтерді растау үшін:
сыртқа шығару жүкқұжаттары;
тауарлар «ҚБ[...]» ЖШС-нен «F[...]» ЖШС-не жеткізілген, жүкқұжаттарында бұл тауарды өткізген және қабылдап алғаны жөнінде тиісті тұлғалардың қолдары қойылған;
тауарларға тиісті шот-фактуралар толтырылған және «F[...]» ЖШС-гі сатып алынған тауарлардың құнын банк арқылы аударған, төлем тапсырыстарының түпнұсқалары сотқа ұсынылған;
төлемдерді жүргізгені туралы екі жақты өзара есеп айырысу салыстыру актісі (2019 жылғы 27 наурыз - 30 сәуір аралығында екі тараптың айналымы 75 950 000 теңгені құраған, «ҚБ[...]» ЖШС-гі 2019 жылғы 27-29 наурыз аралығында «F[...]» ЖШС-гіне 53 119 611 теңгенің тауарларын өткізген, «F[...]» ЖШС-гі есеп-айырысу кезеңіне «F[...]» ЖШС-гіне 26 744 116 теңге берешек болған) .
Жоғарыда айтылғандардан талап қоюшы жасалған шарттар бойынша қызметтер көрсетудің дұрыстығын және тауарлардың сатылғаның растау үшін тиісті құжаттарды, оның ішінде екі жақ арасында тауарларды өткізу, айналымның негізділігі туралы ұсынған. ӘРПК-нің 84-бабының төртінші бөлігінде заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жататындығы көрсетілген.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актінің заңсыздығы істі қарау барысында өз растауын тапқан.
Сот актісі материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кентау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің және Түркістан облыс прокурорының кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.